Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баласы үшін уайымдағаны көрініп тұрды": Алматылық әйел алаяққа қалай алданып қалғанын айтты

Алматылық әйел өзінің алаяққа алданып қалғанын айтып, тұрғындарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

алаяқ

Анастасия Тюленева есімді Facebook қолданушысы қалай алаяқтың құрбаны болғаны жайлы баяндап берді. Айтуынша, сұлулық салонына ер адам кіріп, бір жасар ұлының үйінде жалғыз екенін, ал өзі темекі шегу үшін сыртқа шыққанда магнитті есіктің жабылып қалғанын айтқан. Оның сөзіне сенген әйел қалтасындағы ақшасын ер адамға ұстатып жіберген. Үйіне кіре алмай қалдым деген ер адам қосалқы кілтінің жұмыс орнында, ал жұмысы Боралдай кенті маңында екенін айтқан. 

"Салонға кіріп, телефон сұрады. Себебі барлық заттары үйінде қалып қойды деді. Түрінен баласы үшін қатты уайымдағаны көрініп тұрды, қолы қатты дірілдеп кеткен. Бірден құтқарушыларға қоңырау шалды. Сосын өрт сөндірушілерге хабарласып, баланы құтқару үшін терезедегі темір торды кесіп берсін деді. Тіпті келгені үшін ақша беретінін де айтты", – дейді әйел. 

Алаяқ құтқарушылардың барлығы шақыртуға кеткенін, ал өрт сөндірушілердің келуден бас тартқанын айтыпты. 

"Ол қосалқы кілтті таксимен алып келу үшін ақша беруімді өтінді. Ал досы маған интернет аударым арқылы ақшаны қайтарады деп досына қоңырау шалды. Бірақ телефоны сөніп тұрған соң көршілерінен ақша сұрауға кетті. Бірнеше минуттан соң қайта келіп, көршілерінің жоқ екенін айтты. Мен оған ақша бердім. Ер адам телефон нөмірін қалдырып, әріптесінің ақшаны қайта салып жіберетінін айтты. Мен ол кезде ақшаны емес, баланың жағдайын ойладым", – деп қосты қала тұрғыны. 

Әйел кешке ер адам қалдырған нөмірге қоңырау шалыпты, алайда нөмір сөндірулі болған. Кейін басынан өткен оқиға туралы шағын ауданның чатына жазған екен. Көп уақыт өтпей екі адам дәл осылай алаяқтың құрбаны болғанын жеткізген.

"Алданған жалғыз мен екен деп ойладым. Тағы бір қызды бір жыл бұрын, ал жігітті екі ай бұрын алдап соғыпты. Сценарий өзгермеген: бір жастағы бала, магнитті есік, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер", – деп аяқтады ол. 

Талқылау