Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түнімен қорлап, денесіне темекі басқан: Балқаш тұрғыны өзін бір топ азамат зорлағанын мәлімдеді

26 жастағы Балқаш тұрғыны өзін бір топ ер азамат зорлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

зорлау

"НеМолчи.kz" қоғамдық қорының парақшасындағы жазбаға сенсек, оқиға 23 маусымда болған. Әйелдің сөзінше, ол балаларына айран мен нан алу үшін кешкісін дүкенге шығып кеткен. Алайда сол күйі үйіне оралмапты. Жәбірленушінің жары келіншекті достарының, туыстарының үйінен іздеген, бірақ таба алмаған. Ақыры амалы таусылған азамат екі күннен кейін полицияға хабар берген. 

Әйелді зорлағандар оны дүкеннен шыққанын күтіп тұрған. Қаскөйлердің бірі келіншектің танысы болып шығыпты. Олар жәбірленушіні айдалаға алып барып, түнімен зорлаған. Оны соққыға жығып, үстіне темекі басқан. Таң ата келіншекті сол маңда қалдырып, өздері кетіп қалған. 

Қор өкілдерінің айтуынша, полицейлер келіншекке көмектесудің орнына оған керісінше қысым көрсеткен. Тіпті сот сарапшысы оның өзін ұрсып тастаған. Жазбаға сүйенсек, полицейлер жәбірленушіден гөрі күдіктілердің сөзіне сеніп отырған көрінеді. 

Бұл туралы Қарағанды облысының ПД пікір білдірді. Полиция мәліметінше, әйелдің жоғалуы жайлы хабар Балқаш полициясына 25 маусымда сағат 12:45-те түскен. Сол күні, сағат 16:00-де іздеуде жүрген әйелдің өзі Балқаш полиция бөліміне келіп, зорлау туралы хабарлаған.

Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша "Бір топ адамдардың зорлық әрекетіне баруы" бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 

"Полиция қызметкерлері екі ер адамды анықтап, ұстады, олардың бірі жәбірленушіні 2012 жылдан бері таниды. Ұсталғандар болған оқиғаның өз нұсқасын ұсынды. Тергеу барысында сараптамалар тағайындалды", – деп атап өтті Қарағанды ​​облыстық ПД-нің тергеу бөлімінің бастығы Рүстем Құлкеев.

Бұған қоса, ПД өкілі қазіргі таңда оқиғаны жан-жақты зерделеу үшін Балқашқа тергеу тобы жіберілгенін, іс облыстық ПД бақылауында екенін алға тартты. 

Талқылау