Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шаруашылықты интернетсіз елестету мүмкін емес": БҚО тұрғындары ауылдағы оң өзгерістер жайлы айтты

Бүгінде жоғары жылдамдықты интернет желісі тек қалаларда ғана емес, еліміздің жақын-алыс аймағында ауылдарында да қолжетімді бола түсуде. Бұл – мемлекет бастамасымен іске асырылып жатқан “250+” бағдарламасының жемісі. Қазірдің өзінде бірқатар өңірлерде кең жолақты интернет желісі орнатылып үлгеріпті. Осындай ауылдардың біріне Stan.kz тілшісі барып, интернетке қосылған тұрғындардың өмірімен танысып қайтты. 

Төлен ауылы - Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы ең шалғай елді мекендердің  санатында. Ол аудан орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан. 400-ге жуық тұрғыны бар Төленнің түйткілді мәселелері аз емес. Жол мен судың жайы, әлеуметтік нысандардың жөнделуі келер күндердің еншісінде. Ал биыл ауыл үшін арман болған байланыс мәселесі оң шешіліпті. Бұрын интернеттің игілігін көрмек түгілі, ауыл-аудан орталығына қарапайым қоңырау шалудың өзі мұң болыпты.

@stan.kz

"Газ бен жарық ақысын төлеуге басқа өңірге баруға тура келетін": Интернет Батыс Қазақстандағы ауыл тұрғындарының өмірін қалай өзгертті

♬ оригинальный звук - STAN KZ

"Цифрлы Қазақстан" дегенді көп айтамыз ғой. Ауылға "Kcell" операторының байланысы былтыр желтоқсан айында орнатылған еді. Сулыкөл ауылдық округіне қарасты 4 елді мекеннің арасында төлендіктердің сапалы ғаламторға бірінші қолдары жетті. Тұрғындар алыста оқитын балаларымен, немерелерімен енді еш қиындықсыз хабарласады. Ауылда негізгі кәсіп мал шаруашылығы ғой. Мал іздесе,  WhatsApp желісіндегі түрлі чаттар арқылы көрші ауыл, аудандармен байланысқа шығып, суретіне дейін салып отырады. Бізге де ыңғайлы. Ауылдағы болып жатқан жағдайды күнбе-күн біліп отырамыз, ақпарат алмасып сұрап отырамыз. Жалпы ғаламторды дұрыс пайдалана білсе, адамзат үшін, ауылдастар үшін пайдасы ұшан-теңіз деп ойлаймын”, - дейді Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Бағдат Зайнуллин.

Ауылда екі дүкен, 8 шаруа қожалығы бар. Жеке тұрғындардың қорасындағы малын қосқанда ірі қара саны 1600-ге жуықтаса, жылқы саны мыңның үстінде. Ақты қой, алалы жылқы өсірген шаруаның бірі Мұхамбетжан Жомартов. Ол алма бағымен де айналысады. Ауыл шетіндегі шағын бақтың жемісі әркез ауылдастарының дастарханынан табылады. "Сұлтан Бейбарыс" шаруа қожалығының жетекшісі биыл ауылда байланыс жақсарып, ғаламтордың қолжетімді болуы ауыл шаруашылығының дамуына да ықпал етеріне сенімді.

“Шалғай ауыл болғасын осындай байланыс құрылғысы керек болды. Енді шаруашылықтарға жақсы болып тұр. Бүгінде бәрі интернетке байланысты ғой. Неге тапсырыс берсең де, қандай жұмыс жасасаң да, үйде отырып жұмысымызды атқарып отырған жайымыз бар. Жаңалықтарды уақытында біліп отырамыз. Малды алсақ та, сатсақ та бәрін интернетпен келісеміз. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізуге де септігі зор. Қазіргі таңда ғаламтордың қызығын көріп отырмыз”, - дейді ол.

Егер шаруа қожалықтары күнделікті қызметіне ғаламторды енгізудің жай-жапсарын енді меңгеріп жатса, білім ордасының қызметкерлері интернет игілігін жан-жақты көріп отыр. Алақандай ауылдағы ғаламтордың негізгі қолданушылары да мектеп ұжымы екені даусыз.

"Ауылымыз шағын болғанымен осы округте бірінші біздің ауылға Kcell, Activ желілері  келіп, барлығымыз қуанышты жағдайдамыз. Біздің қазіргі таңдағы жұмысымыз, қызметімізді интернетсіз елестету еш мүмкін емес" , - дейді Төлен негізгі мектебінің оқытушысы Үміт Марден.

Ол осы білім ордасында 25 жылдан бері бастауыш сыныпта сабақ береді. Тәжірибелі ұстаз жыл сайын білім саласының мазмұны өзгеріп, талаптары жоғарылап келе жатқанын жасырмайды.

"Мақсат межесінен шығуда интернеттің қолжетімділігі аса маңызды. Интернет желісі арқылы өзіміздің ісіміздің алға басып жатқанын, оқушыларымыздың республикалық жетістіктерін, облыстағы жетістіктерін көріп жатырмыз. Пайдасы өте зор болып жатыр. Оқушыларымыз осы қашықтан өткен олимпиадалардың барлығынан орын алып, бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталып жатыр. Кәсіби біліктілікті арттыру курстарына қатысу, Zoom-мен жұмыс жасауы, барлығы ғаламтордың арқасы. Мысалы, мен бірінші сыныпта сабақ беремін. Қазіргі таңда "Әліппе" оқулығы оралды. Осы оқулықта әр сабақтың соңында QR-код берілген. Сол кодты интернет арқылы ашып, жасырынған сөзді тауып, оқушылармен жұмыстанып жатырмыз", – дейді Үміт Айшуаққызы.

Әріптесінің әңгімесін Әсел Қарабасова да қуаттайды.

"Ғаламторға қосылғалы өмірімізде айтарлықтай өзгерістер болуда. Әлеуметтік желіден көп мәліметтер аламыз. Бұрын семинарларға қатысу үшін ауданға, облысқа бару керек болса, енді осы отырған жерімізден қатысып, ой-пікірімізді бөлісіп, сұрақтарымызды қойып отырамыз. Түрлі білім жетілдіру курстары, онлайн семинарларға қатысып, сертификаттар алып жатырмыз. Өзге білім ордаларымен қарым-қатынас жасап, олардан керегін алып, өз білгенімізді, тәжірибемізді өзгелерге таратамыз. Оқушылардың да қосымша ізденуге қызығушылығы оянды. Шыны керек, бұрын ауылда тек "Қазақтелекомның" интернеті болды. Бірақ оның жылдамдығы өте төмен болды да, онымен ешқайда кіре алмайтын едік. Көптеген мәліметтерді уақытылы ала алмадық. Қазір көзіміз ашылды", - дейді ол.

Ауылға ғаламтордың келуі балаларды да шын қуантты. Түрлі ойын, бейнежазбаларды жүктеумен қоса, интернеттің күнделікті өмірде де пайдасы тиюде. Жеткіншектер әсіресе кешкісін үй-үйдің ауласын аралап, қой іздеуден құтылыпты.  

"Бөтен қой болса түсіресің. "Төлен ауылы қой кезек" деген чатқа жібересің адамдар алып кетеді. Немесе жазасың, кімде көк бояуы бар қой тұр деп. Олар түсіріп салып жібереді. Тіпті түнде көшеге шыққанда да жақсы болды. Бұрын қыздарды шақыра алмай жүретін едік ауыл ішінде, енді рахат, WhatsApp-қа жаза қойсаң болды", - дейді 9 сынып оқушысы Бекзат Амангелді.

Келешекте Сулыкөл ауылдық округіндегі өзге елді мекендерге де мобильді ғаламтор жеткізу жайы жүзеге аспақ. Күні бүгін округ орталығы Қалдығайты ауылының тұрғындары интернет сапасын жақсарту жөнінде тиісті орындарға хат жолдаған. Өйткені тұрғындар ғаламторға кірмек түгілі, қарапайым қоңырау шалудың өзіне зар боп отыр.

Осы ауылда 40 жыл поштада еңбек еткен, бүгінде зейнетке шыққан Набат Ақымғалиқызының айтуынша, мұндағы байланыстың жылдамдығы қуантады.

“Пандемияға байланысты онлайн оқу басталғанда мұғалімдер мен мектеп жасындағы балалары бар үйлердің барлығы белгі күшейткіш қондырғы орнатқан. Содан кейін ұялы телефон арқылы хабарласу қиындап кетті” - дейді еңбек ардагері.  

Сапалы байланыс, қолжетімді интернет бүгінде газ, су, жол секілді  ауылдықтардың өмір сүру деңгейін анықтайтын шешуші факторлардың біріне айналды. Ауыл тұрмысының жақсаруы урбанизация процесінің реттелуіне де септігін тигізері сөзсіз.

Талқылау