Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқтар Әубәкіров: Қазір маған да билік өкілдері келмейтін болған

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қазір Нұр-Сұлтан қаласының сыртында тұрып жатыр. Биліктегілерге ренішін жеткізген ғарышкер саясатқа деген көзқарасын айтты. Елбасымен қатынасы, өзін сатып кеткен достары жайлы сөз қозғады. 

Бұл туралы ғарышкер Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында айтты. 

Тоқтар Әубәкіров бір кездері депутат болды. Алайда қазір саясатқа баруға мүлде қарсы. Себебі билікке барған адам тек биліктің сойылын соғады деп санайды. 

"Мен екі рет депутат болдым. Ол кезде мені халық сайлады. Ол кездің депутаттары мен қазіргілерді салыстыруға келмейді. Ол кезде халық сайлайтын. Мені билік қабылдағысы келмесе де, менің туған жерімнің тұрғындары мені сайлады. Оған алғысым шексіз. Қазір мүлде араласпаймын да, бармаймын да. Қазір маған да билік өкілдері келмейтін болған. Себебі, шындықтан бәрі қорқады. Бұл жерде шындық айтылатынын біледі. Сондықтан ешкім келмейді. Елбасы екі рет үйімде қонақ болды. Біз қанша ұрыссақ та, ол кісінің бір ерекшелігі - туған күніме келіп құттықтайды. Мерейтойымда құттықтайды. Осында арқа-жарқа әңгіме айттық", - деді ғарышкер.  

Айтуынша, елбасының өзіне берген ерекше құнды сыйлығы бар. Алайда оның мәнісін түсінбей біраз ойланған екен. 

"Елбасы маған қылыш берді. Бұл мен үшін ерекше сыйлық. Бірақ соны неге берді деп біраз ойландым. Ақыры шындықты айтып жүрген соң, қоғамда тілің өткір болсын деген ниетпен берген шығар деп ойладым", - деді тұңғыш ғарышкер. 

Әубәкіров "әлемдегі ең қауіпті жануар - ол адам" деді. Оның себебі адамдар бір-бірін сатып кетеді дейді ол. 

"Адамдар бір-бірінің қасында жүріп сатып кетеді. Өз басының қамы үшін. Бір тиын үшін сатып кетеді. Ал қасқырлар сатпайды. Олар күреседі. Мен депутаттардан гөрі үйдегі итімді көп көргім келеді. Себебі ол мені сатпайды. Мені сатқандар көп болды. Сондықтан досым көп емес. Көп досым Ресейде қалды", - деді ғарышкер. 

Тоқтар Әубәкіров қазіргі үкіметтің 30 жыл бойы өз жағдайын жасағанын айтады. 

"Үкімет 30 жыл бойы өз жағдайын жасады. Халықты ойлаған жоқ. Бәрі өтірік. Көзбояушылық. Партиялардың бәрі өтірік. Әрқайсысының өз қызметі бар. Билікке барғандардың өз ойы жоқ. Олар тек айтқанды ғана орындайды. Мен олардан аулақ болғым келеді. Елде қанша зауыт салынып, президент ашылуын келіп кетті. Кеткен соң бәрі жайына қалады. Оны ешкім тексермейді. Біздің жағдайымыз осындай", - деді Әубәкіров. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр