Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: Ауғанстандағы оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді, алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрылымының Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен "Қайсар-2021" жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына барды. Өз сөзінде ол Ауғанстандағы жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев

Мемлекет басшысына арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрысқа дайындығы көрсетілді. Президент жаттығу жүйелері, биікке өрмелеу қабырғалары және оқу орталығының мультимедиялық мылтық ату полигонын аралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жедел-тактикалық жаттығуларға баға бере келе, Ішкі істер министрлігі түрлі дағдарыстардың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екендерін көрсетті деді. Мемлекет басшысы осы жетістіктермен тоқтап қалуға болмайтынын, халықаралық озық тәжірибені мұқият зерделеп, отандық мамандарды дайындау жүйесін дәйекті түрде жетілдіру қажет екеніне тоқталды.

“Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек”, – деді Тоқаев.

Президент құқық қорғау органдарында қызмет ету физикалық және психологиялық қысымға ұшыратады, тіпті, кейде жеке өміріне де қауіпті екеніне тоқталды.

“Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан, барлығы 802 азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар өмірінің соңына дейін антына адал болды. Ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды. Жанқиярлығы мен батырлығы үшін 1567 қызметкер ордендермен және медальдармен марапатталды”, – деді мемлекет басшысы.

Жоғарғы Бас қолбасшы құқық қорғау органдары саласындағы штаттық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталды.

“Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лаузымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсатқа жұмсауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет артқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Жыл сайын тұрғын үйге қомақты қаражат жұмсалып келеді. Қазіргі кезде 24 мың полиция қызметкері мен 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді, – деді президент.

Талқылау