Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тобыл өзені арнасынан асқалы тұр: Қостанайлықтарға эвакуация болатыны ескертілді

Су қоймасынан судың тасуына байланысты Тобыл өзені арнасынан асып, Қостанай қаласының шеткі аудандары мен елді мекендерін су басуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қостанайда қазірдің өзінде Тобыл өзені жағалауды басып, бақылау алаңдары су астында қалды. Су деңгейі сағат сайын көтерілуде. Жергілікті билік шағын көпірде кептеліс болмас үшін өзен арнасын жасанды түрде кеңейтіп, су ағызатын арық жасап жатыр.

Тобыл маңында орналасқан үйлерді, сауда орталығы, мейрамхана және демалыс орындарын су басып қалуы мүмкін.

"Барлық аудан және қала әкімдеріне су тасқынына қарсы іс-шаралардың кешенді жүргізілуін қадағалауды тапсырамын. Біз тап болған жағдай оңтүстік өңірлердегідей кенеттен болған жоқ, даладан су көп келді. Сіздерде барлық қажетті шараларды қабылдауға жеткілікті уақыт болды және әлі де уақыт бар. Бір жарым-екі күндей қалды. Осы уақыт ішінде зардапты болдырмауға күш салыңыздар. Егер кімде-кімнің мүлкін, үйін немесе кәсіпорнын су басып қалса, жауаптыларға қатаң шара қолданылады", - деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.



Қала шетінде қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Еріктілер мен әскерилер жеке сектордың бау-бақшаларына Тобылдан су келетін жағалау салуда.

"Мен "Барыс" іздестіру тобынанмын. Біз із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысамыз. Жұмыс барысында төтенше жағдайлар қызметімен бірлесе қызмет атқарамыз. Қазір құм салынған қапшықтардан су тосқауылдарын жасап жатырмыз", – деді волонтер Денис Гайнутдинов.

Фото: gov.kz

Жеке секторға жақын маңдағы шағын көпірдің жанында арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Ұзындығы 30 метрлік дренаждық арық өзендегі кептелістің алдын алуы керек.

"Үлкендердің кеңесімен біз осылай шештік. 2000 жылы Қаратамар мен Жоғарғы су қоймаларынан келетін суды өткізу үшін осындай шара қолға алынды", - деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов.

Жергілікті мамандардың айтуынша, облыстағы су қоймаларынан су жіберу көлемі ұлғайған және бұл шегі емес. Мамандар бұл жасалмаса, су шаруашылығы үлкен көлемге төтеп бере алмауы мүмкін дейді.

Қостанай облысының аймақтарында 25 наурыздан бері еріген сумен күрес жалғасуда. Шараға мыңнан астам адам қатысуда. Су тасқыны басталғаннан бері 1284 адам құтқарылды, оның 408-і балалар. Ресми деректерге қарағанда, су тасқыны оңтүстіктен облыс орталығына біртіндеп жылжи бастады. Құтқарушылар су өтіп кеткен жерлерде сценарий қайталануы мүмкін дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін Қостанайдағы су тасқынына қарсы жедел штаб тұрғындарға төтенше жағдайға дайын болу керегін айтып, ескерту жасағаны туралы жазған едік. 

Талқылау