Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Жүрегі тоқтап қалды»: Павлодарда дәрігерлер таяқпен соққыға жығылған ер адамды аман алып қалды

Павлодарда жедел жәрдем қызметкерлері төбелестен кейін жүрегі тоқтап қалған ер адамды құтқарып қалды. Ол төбелес салдарынан ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқиғаның видеосы павлодарлық жұртшылықтың арасында тарған. Ер адам жерде қимылсыз құлап қалған. Ал оның қарсыласы болса әлі де жәбірленушіні таяқпен ұрмақшы болып әрект еткен кезде үшінші адам оны арашалап алған. 

Оқиға Павлодарда 31 мамырға қараған түні В.Иванов көшесіндегі No62/1 үйдің ауласында болғаны хабарланды. Тұрғындар жедел жәрдем мен полицияны шақырған. Соққы жасаған азаматты алып кетіп, жәбірленуші ауруханаға жеткізілді.

Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәліметінше соққыға жығылған ер адамның көлікте тынысы тарылып, жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер оны сыртқа шығарып үлгерді.



Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше 1980 жылы туылған науқас жабық бас-ми жарақаты, самай және желке сүйектерінің сынуы, гематома, көгерулер диагнозымен Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Қазір оның жағдайы ауыр.

"Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының бірінші бөлігі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге мәліметтер жарияланбады”, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

 

Талқылау