Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төбе шашым тік тұрды": ШҚО-да әскерде қаза тапқан сарбаздың ата-анасы әділдік іздеп жүр

Шығыс Қазақстан облысында әскери борышын өтеп жүріп, өз-өзіне қол салған сарбаздың ата-анасы әділдік іздеп жүр. Айтуынша, 20 жастағы жігіттің  мәйіті әскери қоймадан табылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Бұл іске қатысы бар деген күдікпен бір адам қамауға алынған. Қалған екі күдікті әлі бостандықта жүр дейді. Қапияда баласынан көз жазып қалған ата-ана олар енді  жазадан сытылып кете ме деп алаңдайды.  

Осыдан 6 ай бұрын әскерге кетіп, көз жұмған көкшетаулық Асылхан Қалияқбаровтың анасы баласының  өліміне қатысы бар деген күдіктілер  жазасыз қала ма деп уайымдайды. Айтуынша, күдікті – үшеу, бірақ олардың біреуі ғана ұсталды дейді.

“Үш жігіттің не істегенін, олардың бәрін жазғанын бәрін оқып, төбе шашым тік тұрды. Соттың өзіне айттым, мына үш жігіт қалай енді жұмыста істейді деп, әрмен қарай шамам келмеді. Енді тек бір Аллаға, сосын сотқа сенемін. Мына үш жігіт ешқандай жазасыз қалмасын, жазаларын алуы тиіс”, – дейді марқұмның анасы Асылтас Қалияқбарова.

Қайғыдан қан жұтқан  Асылханның ата-анасы әлі ес жия алар емес. Күйіктен күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық дейді. Асылханның жазған алғашқы хаты соңғы хатқа айналды  деп өксиді.

“Бір-ақ рет жазған хаты келді бізге, өзіміз алдық. Содан соң мен жауап жаздым, ешқандай хабар болған жоқ”, – дейді марқұмның анасы.

Жақындарының айтуынша, Асылханға зорлық-зомбылық көрсетілген. Оның жуастығын пайдаланған дейді.  

“Instagram желісінен мына баланың көңіл күйі қобалжу байқалмайды. Көріп тұрсыздар ғой, қандай көңілді, бәрі жақсы екен деп қуандым. “Әсемгүл тәте, ертең армиядан келгеннен кейін мен өрт сөндіуші болайн ба әлде құтқарушы ма” деп менімен жоспарымен бөлісті,”, – дейді Асылханның туысы Әсемгүл Қалияқбарова.

Асылхан Қалияқбаровтың мәйіті әскери қоймадан асылған күйінде табылған. Баласынан көз жазып қалған Асылханның ата-анасы соттан әділ төрелік күтеді. Соңғы кезде әскерде жиілеп кеткен  жұмбақ өлімдер заңгерлерді де алаңдатып отыр.  

“Елімізді қорғаймын болашағымды ойлаймын деген адам моральды психологиялық түрде жүйке жүйесінде ауытқу болмау керек. Жүйке жүйесінде ауытқуы болмаса, ондай жағдайға бармайды. Бұл жерде қазіргі Қорғаныс министрлігі, басқа жүйелер жұмыс форматтарын ауыстыру керек”, – дейді заңгер Гүлайым Антаева.

Асылхан Қалияқбаровтың туыстары кінәлілердің түгел жазалануын талап етуде. 

Талқылау