Аталған номинацияда Малайзия, Индонезия, Филиппин, Таиланд, Сингапур және Вьетнам елдерінің өкілдері де белсенділігімен ерекшеленіп, өз аудиториясын жұмылдыра білген мықты креаторлар қатарынан көрінді.
TikTok LIVE Fest 2025: Қазақстандық креаторлар әлемдік деңгейде топ жарды

Биыл халықаралық TikTok LIVE Fest 2025 іс-шарасы Таиландтың Пхукет аралында өтіп, қазақстандық креаторлар әлемдік деңгейде топ жарды. Миллиондаған қатысушының ішінде біздің өнерпаздар бір емес, бірнеше номинацияда көзге түсіп, халықаралық деңгейде мойындалды. Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Орталық Азиядан келген 5 миллион креатордың басын қосқан ауқымды шараның мерейлі атмосферасын Stan.kz тілшісі көзбен көріп қайтты.
TikTok-тағы LIVE-эфир деген не?
TikTok-тағы LIVE-эфир – автор мен көрерменнің нақты уақыт режимінде байланыс орнатуына мүмкіндік беретін ерекше формат. Эфир барысында жүргізуші көрермендермен еркін тілдесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін оқып, ортақ әңгіме құра алады. Тікелей эфир кезінде аккаунт иесіне арналған бірнеше ыңғайлы мүмкіндік бар. Мысалы, әртүрлі эффектілерді қолдану, қонақ қосу арқылы бірге эфир жүргізу, чатты модерациялау, сондай-ақ көрермендерден виртуалды сыйлықтар қабылдау сияқты функциялар қолжетімді.
Ал көрермен үшін мұндай функциялар сүйікті авторын қолдаудың тиімді жолы. Олар эфирлерді көріп, бірлестікке қосылып, чатта пікір білдіріп, түрлі реакциялар қалдырады. Тіпті виртуалды сыйлықтар жолдау арқылы авторға қолдау көрсете алады. TikTok-та эфирге шығу үшін қолданушының жасы 18-ден асуы қажет. Ал эфир кезінде "Сыйлық" жіберу немесе алу үшін де 18 жасқа толуы керек. Сонымен қатар авторлар платформаның Қауымдастық ережелері мен Пайдалану шарттарын міндетті түрде сақтауға тиіс.
TikTok-та тікелей эфирді қалай көруге болады?
Тікелей эфирді көру үшін қолданушы TikTok қосымшасына кіріп, экранның жоғарғы бөлігіндегі "Эфир" бөліміне өтеді. Сондай-ақ эфирлер "Ұсыныстар", "Жазылулар" лентасында, іздеу нәтижелерінде, хабарламаларда немесе басқа авторлардың профилі арқылы да көрінуі мүмкін. Эфирге шығу үшін қолданушы "+" батырмасын басып, "Эфир" бөлімін таңдайды, атауын жазып, қажет параметрлерді реттегеннен кейін "Эфирге шығу" түймесін басады. Эфир барысында қауіпсіздік баптауларын өзгертуге болады, ал аяқтау үшін "Эфирден шығу" және "Аяқтау" батырмалары қолданылады.
TikTok LIVE Fest-тің маңызы қандай?
TikTok LIVE-тағы бағыттар да жыл сайын көбейіп келеді. Бұрын тек ойын-сауық, ән айту, би билеу сияқты форматтар басым болса, бүгінде эфирлердің ішінде:
- музыкалық мини-концерттер,
- би батлдары мен шоулар,
- гейминг стримдер,
- сабақ, кеңес, тәжірибе бөлісу,
- еркін әңгіме және мотивация,
- тіпті психология, өзін дамыту, тіл үйрену секілді пайдалы бағыттар да белсенді жүріп жатыр.
Кейінгі үш жылда TikTok LIVE Fest қарапайым фестиваль емес, нағыз халықаралық мерекеге айналды. Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара әлемнің әр елінен креаторлар мен көрермендерді бір ортада тоғыстырып, “тікелей эфир” мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Яғни LIVE-эфирлер TikTok-та біртіндеп кәсіби ортаға айналып келеді. Кейбір креаторлар үшін қосымша хобби емес, нақты мансап, тұрақты аудитория, табыс көзі, әрі халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік. Осы өсімнің қаншалықты үлкен екенін статистика да көрсетеді. TikTok дерегіне сенсек, 2025 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Орталық Азияда 100 миллион креатор тікелей эфир жүргізген. Былтырмен салыстырғанда 77% көп деген сөз. Оның үстіне креаторлардың жартысына жуығы осы форматты алғаш рет сынап көрген. Демек LIVE бағыты тек кеңейіп жатқан жоқ, күн сайын жаңа адамдар қосылып, жаңа аудитория пайда болып жатыр.
Фото: Stan.kz
Мұндай үлкен стриминг мәдениетінің басты мерекесі деуге болатын бір шара бар, ол – TikTok LIVE Fest. Осы фестиваль TikTok-тағы тікелей эфир жүргізетін креаторлар үшін ең маңызды оқиғалардың бірі саналады. LIVE Fest барысында креаторлар бірнеше апта бойы онлайн түрде бақ сынасып, аудитория тарту, көрерменмен байланыс орнату, контенттің креативтігі мен эфир жүргізу шеберлігі жағынан өзара жарысады. Мұнда қатысушылар “ән айтып немесе билеп шығатын” конкурс емес, бірлестіктің белсенділігі, көрерменнің сенімі мен қолдауы арқылы жиналады.
Биылғы LIVE Fest 2025 өз ауқымымен де таңғалдырды. Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Орталық Азиядан 5 миллион креатор қатысып, өңірлік стриминг мәдениетінің қаншалықты дамып кеткенін көрсетті. Ал финалдық кезең Таиландтың Пхукет аралында өтіп, 200-ден аса жетекші креатор бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасып, халықаралық деңгейде өз мүмкіндігін дәлелдеді.
Осы оқиғаның ең қуанышты жаңалығы миллиондаған қатысушының арасынан қазақстандық креаторлар бір емес, бірнеше номинацияда топ жарып, әлемдік деңгейде мойындалды. Осылайша, Қазақстандағы TikTok LIVE бағытының жай ғана “тренд” емес, нақты дамып келе жатқан ықпалды орта екенін көрсететін үлкен жетістік деуге болады.
Айта кетейік, Орталық Азия және Кавказ елдерінің стримерлері үшін арнайы қауымдастық та бар. Ол @tiktoklive_eecca деп аталады. Мұнда өңір креаторлары бір-бірін қолдап, жаңа форматтарды сынап, күн сайын аудиториясымен тікелей эфир арқылы байланысын нығайтады. Осындай орта креаторларға өзін дамытуға, кәсіби өсуге, тіпті халықаралық фестивальдерге дейін жетуге жол ашып отыр.
Енді сол Пхукетте өткен LIVE Fest 2025 кешінде Қазақстан атынан жарқырап көрінген креаторлар мен олардың жеңісі туралы толығырақ тоқталайық.
Қазақстандық креаторлар халықаралық аренада көш бастады
Кейінгі бір жылда TikTok LIVE платформасы қарқынды дамып, әлемдік стриминг мәдениетінің маңызды бөлігіне айналды. LIVE Fest 2025 аясында Қазақстаннан бірнеше креатор халықаралық деңгейде ерекше танылып, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Олардың ішінде:
- Анар Батырхан (@anarbatyrkhan)
- Руслан Нуртазин (@omgdnss)
- Жоламан Мұхамбетуллин (@syn_king_90) бар.
Осылайша, бұл қазақстандық LIVE-креаторлардың TikTok кеңістігіндегі ықпалы артып келе жатқанын және халықаралық аудиторияны қызықтыра алатынын көрсеткен маңызды жетістік болды.
Фестивальдің салтанатты кеші ерекше мәдени атмосферада бастау алды. Үлкен кештің шымылдығын дәстүрлі тай ұлттық биі ашты. Тайлықтар барабанда ойнап, қыздары гүлдермен бірге әсем би билеп, мерекелік көңіл-күйді бірден көтеріп жіберді.
Фото: Stan.kz
"Би таланттары" номинациясында Қазақстан топ жарды
Бірнеше апта бойы креаторлар аудитория тарту, креативтілік және өз командасымен шынайы байланыс орнату жағынан бақ сынады. LIVE-эфирлер түрлі бағытта өтті. Соның ішінде музыка, гейминг ғана емес, білім беру мен еркін әңгіме форматтарына дейін қамтылды. Мұның бәрі TikTok LIVE-тің жаңа бір деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр.
Кеш барысында ең алғашқы марапат "Би таланттары" номинациясы бойынша табысталды. Dancing talent awards TOP – 1 атағын Қазақстаннан (Орталық Азиядан) @omgdnss иеленді. Аккаунт иесі бұрын математика мұғалімі болған Руслан Нуртазин. Оның эфирлері тек ойын-сауықпен шектелмей, әр елден жиналған көрермендер арасында мәдени алмасу алаңына айналып үлгерген. Бүгінде оның парақшасына 471,5 мың оқырман тіркелген. Ол фестивальді өзі үшін үлкен тәжірибе әрі жаңа деңгейге шығаратын маңызды мүмкіндік деп санайды.
Русланның айтуынша, мұндай халықаралық алаңда әр елден келген креаторлардың басын қосып, бір сахнада өнер көрсету оған ерекше әсер сыйлаған. Отандасымыз TikTok LIVE арқылы көрерменмен байланыс тек ойын-сауық емес, мәдени алмасу мен үлкен бірлестік құрудың да қуатты құралы екенін атап өтті.
Фото: Stan.kz / Солдан оңға қарай бірінші тұрған Руслан Нуртазин
Бұл номинацияда Индонезия, Таиланд, Вьетнам және Малайзия елдерінің өкілдері де өздерінің ерекше стилі мен би мәдениеті арқылы көрерменді тәнті етті.
Музыка әлеміндегі жарқын жеңіс
Келесі кезекте фестиваль көркін кіргізген номинация "Ән әлемінің таланттары" (Music talent awards TOP – 1) марапатын Қазақстандық 1,2 миллион оқырманы бар креатор Анар Батырхан (@anarbatyrkhan) еншіледі. Айта кетейік, Анар Батырхан – актриса әрі әнші. Оның музыкалық LIVE-эфирлері көрерменге нағыз жанды концерт атмосферасын сыйлап, кең аудиторияны біріктіре алған.
Әншінің сөзінше, LIVE-формат әртістерге тыңдарманмен ешбір делдалсыз тікелей байланыс орнатуға, диалог құруға мүмкіндік береді. Осылай ол музыкалық индустрияға жаңа есімдерге жол ашып, әртістердің шығармашылық бағытын кеңейтуге ықпал етеді деп отыр. Қазір Анар жаңа тректер, коллаборациялар және визуалды жобалармен жұмыс істеп, TikTok LIVE форматында шығармашылығын ары қарай дамытып келеді.
Фото: Stan.kz / Анар Батырхан
Осы кезеңде Малайзия, Индонезия, Вьетнам, Филиппин, Таиланд және Сингапурдан келген креаторлар да өнерімен дараланып, музыкаға деген өзіндік қолтаңбасымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ойын индустриясы да назардан тыс қалмады
Фестивальдің келесі бөлігінде Gaming talent awards TOP – 1 (Ойын индустриясы таланттары) номинациясы бойынша үздіктер анықталды.
Жеңімпаздар қатарында:
- Таиландтан (@drewreplayy)
- Вьетнамнан Соай Нхи Во Три (@lsn_laosoainhi)
- Индонезиядан Нканг Смит | Джохен (@ncang.smith)
- Малайзиядан Дина (@dynaarsour)
- Орталық Азиядан (Грузиядан) (@kenshiez) ерекше көрінді.
Тай сахнасының танымал жұлдызы Тачая Пратхумван "Кенг" кеш барысында көрермендерге ерекше шоу ұсынды. Ол бір мезетте аспаптарда ән орындап, көпшілікті талантымен тәнті етті. Тачая Пратхумван "Кенг" деген лақап атымен танымал. Оның сахнадағы ерекше стилі кештің әсерін күшейтіп, фестивальдің мәдени мазмұнын байыта түсті.

Фото: Stan.kz / Тачая Пратхумван "Кенг"
"Жанкүйерлер қауымдастығы" номинациясында да отандасымыз жеңді
Бұдан кейін "Жанкүйерлер қауысдастығында" (Fandom awards TOP – 1) номинациясында да қазақстандық креатор тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Осы атаққа Қазақстаннан (Орталық Азиядан) Руслан Нуртазин (@omgdnss) ие болды.
Фото: Stan.kz / Руслан Нуртазин
Фестивальдің шарықтау шегінде сахнаға 2020 жылы құрылған Таиландтың танымал қыздар тобы 4EVE шықты. Топ тайлық Workpoint Entertainment музыкалық компаниясымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Нәзік қыздардың сахнадағы энергиясы мен заманауи шоу стилі тайлық K-pop бағытының бүгінгі трендке айналғанын тағы бір мәрте дәлелдегендей әсер қалдырды.
Фото: Stan.kz / 4EVE
Бас жүлде иегерлері кім болды?
Кештің ең маңызды бөлігінің бірі басты жүлделердің табысталуы болды. Атаулы кезеңде креаторлар алтын, күміс және қола лигалар бойынша марапатталды.
Gold power league (бас жүлде) жеңімпаздары қатарында Индонезия, Таиланд, Сингапур, Филиппин және Қазақстанның (Орталық Азияның) үздік креаторлары болды. Аталған тізімге еліміздің намысын қорғаған Жоламан Мұхамбетуллин (@syn_king_90) де еніп, Қазақстан атынан жоғары нәтиже көрсетті.
Жоламан Мұхамбетуллин LIVE форматы арқылы белсенді бірлестіктің күшін және шынайы "осы сәттегі" қарым-қатынастың маңызын көрсететін креатор. Ол былтыр АҚШ-тың Майами қаласында бой көрсетті. Кейін Лондонда өткен фестивальде де ерекше көзге түсіп, ел қоржынын жүлдемен толықтырған еді. Бүгінде оның 184 400 оқырманы бар. Қазір ол өз эфирлерінде жеке орындауындағы әнімен көрермен жүрегін жаулап келеді.
Жоламан Мұхамбетуллин айтуынша, халықаралық деңгейде өткен мұндай ауқымды шарада Қазақстан атынан сахнаға шығу үлкен қуаныш.
“LIVE форматтың басты күші дәл осы сәттегі шынайы қарым-қатынаста. Көрерменнің қолдауы мен қауымдастықтың сенімі жеңіске жетеледі. Сондай-ақ бұл марапатым жаңа шығармашылық серпін беріп, алдағы уақытта LIVE-эфирлер арқылы аудиторияға тағы да жаңа контент пен ерекше атмосфера сыйлауға жігерлене түстім”, – дейді Жоламан Мұхамбетуллин.
Фото: Stan.kz | Cолдан оңға қарай екінші тұрған Жоламан Мұхамбетуллин
Ал Silver power league санатында Малайзия, Индонезия, Сингапур, Филиппин, Таиланд, Вьетнам және Орталық Азия (Грузия) өкілдері үздіктер қатарынан көрініп, өз аудиториясымен мықты байланыс орната алған креаторлар ретінде танылды. Bronze power league (қола) жүлдегерлері қатарын Индонезия, Вьетнам, Малайзия, Филиппин, Таиланд, Сингапур және Орталық Азия (Грузия) елдерінен шыққан креаторлар толықтырды.
Көрсеткіштер LIVE бағытындағы аудитория мен креаторлар санының қатты өсіп жатқанын анық көрсетіп отыр. Қазір TikTok LIVE жай ғана эфир қосып, сөйлесіп отыратын платформа емес, ол біртіндеп кәсіби ортаға айналып келеді. Себебі креаторлар осы арқылы өз талантын көрсетеді, өз аудиториясын жинайды, қауымдастық құрады, тіпті басқа елдерден көрермен тауып, контентін тұрақты табыс көзіне айналдыра алады.
Осы ретте TikTok өкілдері LIVE Fest 2025 фестивалінде қазақстандық креаторлардың жақсы нәтиже көрсетуі олардың ықпалы күшейіп келе жатқанын және аудиториямен жұмыс істеу деңгейі жоғары екенін дәлелдейді дейді. Ресми өкілінің айтуынша, Қазақстандағы LIVE-креаторлар да TikTok LIVE-тің жаһандық сахнасында өз орнын бекітіп келеді.
"Орталық Азия және Кавказ елдерінің стримерлер қауымдастығы @tiktoklive_eecca өңір креаторлары үшін тартылыс нүктесіне айналды. Бұл жерде олар қолдау табады, форматтармен тәжірибе жасап, күн сайын өз аудиториясымен тікелей эфир арқылы байланыс орнатады. Мұндай қауымдастықтар тұрақты LIVE-мәдениеттің негізін қалыптастырып, кәсіби өсуге жаңа мүмкіндіктер ашады", – дейді TikTok өкілі.
Кеш соңында #LIVEFest25Phuket аспанында отшашулар атылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Одан бөлек, Path to global Glory деп аталған дрондар шоуы ұйымдастырылып, бүкіл финалдың сәнін одан сайын келтірді.
Осылайша TikTok LIVE Fest 2025 фестивалі стриминг қауымдастығы үшін жылдың ең үлкен шараларының бірі ретінде ауқымды офлайн финалмен аяқталды. Нәтижесінде, қазақстандық LIVE-креаторлар да жеңімпаздар қатарына еніп, халықаралық деңгейде мойындалды. Мұндай жетістік Қазақстандағы TikTok LIVE қауымдастығының әлемдік деңгейдегі ықпалы артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
TikTok LIVE Fest 2025: Қазақстандық креаторлар әлемдік деңгейде топ жарды