Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терроризм, дағдарыс туындауы ғажап емес": Ауғанстандағы қақтығыстар Қазақстанға қалай әсер етеді?

АҚШ әскері ауған жерін босатпай жатып, тәліптер елдің 80 пайызын басып алып үлгерген. Осылайша, 20 жылдан соң Талибан қозғалысы қайта бас көтерді. Берекесі қашқан тұрғындар енді Орталық Азия елдерінен пана іздеп, бас сауғалауға мәжбүр. Тәліптердің қайта түлеуі өзге де террорлық ұйымдардың пайда болуына әсер етпей ме? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Араға жиырма жыл салып, Ауғанстандағы азаматтық соғыстың өрті қайта тұтанатын түрі бар. Қазірдің өзінде "Талибан" қозғалысы елдің 80 пайызын басып алды деген ақпарат тарауда. Жылдар бойы бейбіт өмірге еті үйренген тұрғындардың қайтадан тоз-тозы шығып бастады.

"Талибандардың әрекеті берекемізді қашырып болды. Алғашқы қақтығыста менің әйелім көз жұмды. Өзім де өлім аузынан қалдым. Миналы снаряд баспанамның күл-талқанын шығарды. Үкімет қандай да бір шара қабылдайды деп сенеміз", – дейді босқын Мохаммад Хасан.

Халық сенім артып отырған ауған өкіметінің күштері қазірдің өзінде әскери бекеттерін тастап қашуға мәжбүр. Тәліптердің шабуылынан бас сауғалаған жауынгерлер көрші елдердің аумағына өтіп кеткен.

"Бұл жайт Орталық Азия елдері үшін дабыл қағуға толықтай негіз бола алады", – дейді сарапшылар. Өзбекстан шекарасынан қазірдің өзінде бірнеше босқын ұсталған.

"23 маусым күні Ауғанстанның әскері мен 53-ке тарта тұрғыны Өзбекстан шекарасынан өтпек болды. Одан бері де осы сынды бірнеше талпыныстар тіркелді. Соңғысы өткен сенбі күні болған", – дейді Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.

"Қазақстан үшін, жалпы Орталық Азия мемлекеттері үшін талибтердің билікке келуі терроризм, дағдарыс және басқа да проблемалар туындауы мүмкін. Бірақ талибтер билікке келгеннен кейін Ауғанстан шекарасынан асып түсіп Орталық Азияға беттейді деген болжамдармен келіспеймін", – дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.

Айтуынша, есірткі тасымалына байланысты тағы бір қауіп бар.

“Қазір Ауғанстан жалпы аймақтағы, Еуразия құрлығындағы ең ірі есірткі өндіруші орталықтардың бірі. Және соғыс жағдайында бұл есірткі өндірісінің ауқымы одан әрі өсіп, тиісінше, көршілес мемлекеттер үшін, жалпы Орталық Азия үшін шынайы қауіп-қатер туғызуы мүмкін", – дейді ол.

Айта кетейік, "Талибан" қозғалысы 1994 жылы Ауғанстанда құрылып, басқару уақыты 1996 жылдан 2001 жылға дейін жалғасты. Сол жылы 11 қыркүйекте лаңкестер Нью-Йоркке шабуыл жасағаннан кейін Америка өз әскерін Ауғанстанға жіберген болатын. Содан бастап тікелей мағынада тәліптердің үні өшкен. Бірақ АҚШ әскерінің тыпыры басылмай жатып, тулай бастаған тәліптердің ендігі әрекеті күллі әлемді күйзелтіп отыр. 

Талқылау