Temirtau Run 2025: Металлургтер күніне арналған жүгіру шарасына жүздеген адам қатысты
Теміртауда Металлургтер күніне орай Temirtau Run 2025 атты кешкі жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Шараға Qarmet, Allur компанияларының қызметкерлері, жүгіру клубтарының мүшелері, қала тұрғындары мен қонақтарын есептегенде жүздеген адам қатысты. Олардың бәрі спорт, мереке мен бірлік атмосферасында таңдап алған қашықтықтарын бағындыру үшін стартқа шықты.
Қатысушылар өз дайындық деңгейіне қарай символдық 2,5 киллометр жүгіруден бастап, 10 киллометрге дейінгі бірнеше қашықтықтың бірін таңдай алды. Бағыт алдын ала мұқият жоспарланған: жүгіру жолы стадионды айналып өтеді. Ал старт пен мәреге жету нүктелері қаланың тарихи-мәдени орталығының артындағы концерттік сахна маңында орналасты. Ұйымдастырушылар жаңадан бастағандарға да, тәжірибелі спортшыларға да қолайлы жағдай қарастырған. Уақытты дәл тіркеу үшін MyLaps кәсіби жабдығы пайдаланылды.
Іс-шара сағат 18:00-де тіркеуден өту мен старттық пакеттерді таратудан басталды. Әр қатысушыға чиппен бірге жеке номер және жарыс логотипі бар фирмалық футболка берілді. Ал мәре сызығында қатысушыларға естелік медальдар, жемістер мен су таратылды.
Жарыстың ресми старты сағат 19:00-де берілді. Кейбір қатысушылар шарада ерекше креатив көрсетті. Жол бойында түрлі костюм киіп жүгіргендер де көзге түсті. Ерекше назарға іліккендердің бірі жарыстың идея авторы Алексей Сидоренко болды. Ол шарада болат балқытушының костюмінде жүгіріп өтті. Алексей Qarmet компаниясында жұмыс істейді.
"Біз бұл шараға ұйымшыл, көңілді әрі спортты сүйетін команда болып жиналдық. Әркім өзіне лайық қашықтықты таңдады. Өзім 2,5 шақырымды жүгіріп өтіп, қатысушыларға қолдау көрсетіп, жолда жақсы көңіл-күй сыйлауға тырыстым. Атмосфера керемет болды. Қала тұрғындары қол шапалақтап, отбасымен бірге бізге жанкүйер болды. Temirtau Run бұл жай ғана жүгіру емес, бірлік пен алға жылжудың үлгісі. Шараның жыл сайын ауқымдырақ бола түсетініне сенімдімін. Qarmet компаниясында еңбекке де, спортқа да орын бар. Біз бірге үлкен мақсаттарға жетеміз", – деді Алексей Сидоренко.
10 шақырым қашықтық бойынша ерлер арасында жеңімпаз атанған қарағандылық Илназ Басыров былай деді:
"Жол оңай болған жоқ. Әсіресе жел кедергі келтіріп, жылдамдықты баяулатып, бар күшімді алып қойды. Бірақ жалпы жарыс қатты ұнады! Клубпен бірге толық құрамда келдік. Жүгірумен айналысып жүргеніме 6 жыл болды, жиі жүлдеге ілігемін. Теміртауға бұған дейін күзде өткен жарысқа қатысуға келгенмін. Бүгін өзіме сенімді болып, міндетті түрде бірінші келу керек деп шештім. Өз қалаңда жеңілмеу керек қой!"
Temirtau Run 2025 жүгіру жарысы жай ғана спорттық шара емес. Ол елдің металлургиялық қуатын қалыптастырып жүрген еңбек адамдарына деген зор құрметтің белгісіне айналды. Бұл шара қашықтық пен жылдамдықты ғана емес, қолдау мен бірлікті, түрлі буынды жақындастыратын салауатты өмір салтын дәріптейді.

Жапониядағы қазақ дәстүрі: Сырға салудың видеосы желідегілерді таңқалдырды
