Телемедицина, жаңа медпункт пен дәрігерлік амбулатория: Қазақстанда ауылды жерлердегі медицина қалай ілгерілеп жатыр

Ұлттық "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы негізінде Қазақстанның ауылды елді мекендерінде медицина инфрақұрылымдарын жаңарту жұмыстары атқарылып келеді. Мәселен, өткен жылы 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының жобасы аяқталған. Оның қатарында 260 медицина пункті, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Stan.kz сайтына толығырақ айтып берді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бізге берген мәліметінше, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмекті қолжетімді ету және оны арттыру – министрліктің басты басымдықтарының бірі. Сондықтан кейінгі жылдары ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бүгінде басты назар жаңа медициналық нысандар салуға ғана емес, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, заманауи жабдықтарды енгізуге және цифрлы технологиялар арқылы дамытуға аударылып отыр.
Телемедицина қызметі: медицина ұйымдары алты айда 2,1 миллионнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсеткен
Министрліктің өкілінің айтуынша, кейінгі жылдары телемедицина қызметі қарқынды дамып келеді. Бұл әсіресе шалғай ауылда тұратын тұрғындар үшін өте маңызды. Енді көп жағдайда ауданға немесе облыс орталығына барып жүрмей-ақ, бейінді мамандардың кеңесін қашықтан алуға мүмкіндік бар.
"2026 жылдың алғашқы алты айында еліміздің медициналық ұйымдары 2,1 миллионнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетті. Бұл барлық көрсетілген медициналық қызметтердің шамамен 9,4%-ына тең. Телемедицина дәрігердің қабылдауын алмастырмайды. Ол – қажет болғанда мамандардың кеңесін жедел алуға мүмкіндік беретін қосымша құрал. Соның арқасында ауыл тұрғындары уақытын үнемдеп, медициналық көмекке тезірек қол жеткізе алады. Министрлік үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық жәрдем алуына көмектесу", – дейді министрлік.
Қазіргі таңда жаңа медициналық нысандардың басым бөлігі аудандық емханалардың құрылымына енгізіліп, қажетті лицензияларын алды.
“Бұл нысандар тек ғимарат ретінде ғана емес, толыққанды медициналық қызмет көрсетуге арналған заманауи орын ретінде іске қосылып жатыр. Олар қажетті құрал-жабдықтармен, компьютерлік техникамен және тұрақты интернет желісімен қамтамасыз етіліп, телемедицина жүйесіне қосылуда. Нәтижесінде ауыл тұрғындары алысқа бармай-ақ, өз елді мекенінде сапалы алғашқы медициналық көмек алуға мүмкіндікке ие болады", – деп хабарлады министрлік өкілдері.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің Ауылды жерлерге жаңа медициналық нысандар салу жоспары аясында салынған аталған 655 нысан толық қолданысқа берілген. Жаңа медұйымдар бұрын медициналық нысаны болмаған елді мекендерде де ашылды, сонымен қатар ескірген ғимараттардың орнына заманауи медициналық мекемелер салынды.
"Нәтижесінде мыңдаған ауыл тұрғыны алғашқы медициналық көмекті енді өз ауылында ала алады. Бұл – ауылда тұратын халықтың сапалы медициналық көмек алуын қолжетімді етеді және соған сай өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жобаның басты мақсаты да ауылда тұратын азаматтардың медициналық көмек алуы үшін ұзақ қашықтыққа бару қажеттілігін азайту болды", – дейді Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Әлихан Әбілғазинов
Алдағы уақытта 32 аудандық аурухана көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне жеткізілмек
Жаңа медициналық нысандар салумен қатар аудандық ауруханаларды жаңғырту да қолға алынған. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана көпбейінді орталық аудандық ауруханаға айналмақ, яғни нысанның деңгейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар бірнеше бағытты қамтиды: жаңа медицина жабдықтарымен қамтамасыз ету, күрделі жөндеуден өткізу және қайта жаңарту, компьютерлік томография (КТ), магнитті-резонанстық томография (МРТ), ангиографтар, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, зертханалық және реанимация жабдықтары, хирургиялық және эндоскопиялық жүйелер.
"Қазір бірқатар өңірлерде құрылыс және жаңғырту жұмыстары аяқталды, қалған ауруханаларда жұмыстар жалғасып жатыр. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының күрделі медициналық көмекті алу үшін облыс орталығына жиі бару қажеттілігін азайтып, көп қызмет түрлерін аудан деңгейінде қолжетімді ету", – делінген министрлік хабарламасында.
Алдағы жылдары да ауылдағы денсаулық сақтау ісін дамыту жұмыстары жүйелі жалғасын табады.
Негізгі басымдықтар мынадай:
- ауылдық медициналық ұйымдардың материалды-техникалық базасын одан әрі нығайту;
- жаңа медициналық жабдықтарды қадам-қадаммен орнату;
- телемедицина қызметтерін кеңейту;
- аудандық ауруханаларды жаңғыртуды аяқтау;
- цифрлық технологиялар арқылы медицина көмегінің сапасын арттыру және қолжетімді ете түсу.
"Осының арқасында шалғай елді мекендердегі тұрғындар да қажетті жағдайда білікті дәрігерлердің консультациясын қашықтан алып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра алады. Біздің мақсатымыз – қай өңірде тұрса да әр қазақстандыққа сапалы, қауіпсіз және қолжетімді медициналық көмек көрсету. Өйткені денсаулық – әр отбасының әл-ауқатының негізі және мемлекеттің басты құндылықтарының бірі", – деп түсіндірді Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Әлихан Әбілғазинов.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін