"Тек ақша муляждарын берді": Адвокат Ғазымжанов Бишімбаевтардың жазаны жеңілдету үшін ешкімге қаражат жібермегенін айтты
Әйелін азаптап өлтірді деп сотталған Қуандық Бишімбаевтың апелляциялық шағымы бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сотта оның адвокаты Ерлан Ғазымжанов Бишімбаевтың үкімді жеңілдетемін деп уәде берген астаналыққа ақша бермегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы сот
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елорда тұрғыны Қуандық Бишімбаевтың үкімін жеңілдеткені үшін 100 миллион теңге сұрады деген күдікке ілінгені хабарланған. Ғазымжанов алаяқтық фактісі бойынша жаңа мәліметтерді айтты.
"Ақша беру фактісі болған жоқ. Бишімбаевтың ата-анасын бопсалау ғана болды. Кейін олар оған тек ақша муляждарын берді. Сол арқылы ол адам ұсталды. Менің ойымша, егер оған көмектесіп, артында тұрғандар бар болса, олар да ұсталады", – деді адвокат.
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді бұл іс туралы білмейтінін айтты.
"Мен бұл туралы ештеңе білмеймін. Себебі маған ешқандай қатысы жоқ. Бұл – ол отбасының жеке ісі. Өздері шешсін", – деді Айтбек Амангелді.
Еске салсақ, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет астаналық әйел Қуандық Бишімбаевтың жазасын жеңілдету үшін 100 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.