Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тазалық өз өлкеңнен басталады: Әулиекөл тұрғындары орман алқаптарын тазартып, жаңа ағаштар екті

Қостанай облысының орталығында орналасқан Әулиекөл ауданы Аманқарағай, Терсек, Қазанбасы сынды орман алқаптарына бай. Сейсенбі, 28 мамырда аудандағы Әулиекөл ауылының тұрғындары табиғаттың осы әсемдігін сақтау үшін жалпыхалықтық тазалық акциясына шыққанды жөн көрген. Stan.kz тілшісі акцияға шыққан белсенді тұрғындармен байланысып, олардың сенбілікке шығудағы мақсатын білді.

Әулиекөл аудандық қоғамдық кеңесінің басшысы Альмира Жансүгірова бүгінгі жұмыс күнінде тазалық акциясына шығуға уақыт іздегенін айтады.

"Акция жұмыс күнінде болғандықтан, бәрін тастап келу мүмкіндігі болмады. Алайда таңертең жұмыс басталмай тұрып, бір сағат жұмыс істеп, түскі үзілісте әріптестерімді ертіп қайтып келдім. Себебі мен үшін өз өлкемнің ормандарын сақтау, оларды таза ұстау аса маңызды", - дейді ол.

Альмираның сөзінше, тазалық акциясына әртүрлі жастағы адамдар жиналып, белсенді ат салысқан. Мысал ретінде, студенттік практика өкілдерін келтірді. Олар өздерінің жас болғандарына қарамастан, табиғатқа, тазалыққа аса мән беретінін айтып, жас ұрпақты мақтады.

"Әртүрлі жастағы адамдар, студенттер, оқушылар, зейнеткерлерге дейін акцияға шығып жатыр. Өз басым әулиекөлдік жерлестеріммен мақтанамын. Мұндай бірлік кез келген өңірде болу керек деп ойлаймын. Себебі отанға деген махаббат айналаңды таза ұстаудан, ал тазалық өз өлкеңнен басталады. Біздің Әулиекөлге келген қонақтар оның сондай таза, тыныш аймақ екенін айтады. Әлі де сол деңгейде қалсақ деймін", - дейді ол.

Әулиекөл ауылының әкімі Райымбек Ердесовтің сөзінше, тазалық акциясына әртүрлі қызметтегі адамдар келген.

"Бұл шараға бюджет қызметкерлерінен бөлек, қарапайым тұрғындар бизнес өкілдері келіп жатыр. Жұмыстан қолы бос адамның барлығы осы шараға келді деуге болады. Олар күректері мен сыпыртқыларын көтеріп, өз ауласынан бастап, ауыл маңындағы ормандарға дейін тазалап шықты", - дейді әкім.

Оның сөзінше, шараға жалпыұлттық "Таза Қазақстан" акциясы аясында өтіп жатқан санитарлық тазарту жұмыстарына 200 жуық адам қатысқан. Олардың жартысы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері болса, жартысы еріктілер, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер.

"Акция аясында Әулиекөл ауылының солтүстік бөлігіндегі орман-саябақ аймағын тазарту жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындарының демалыс аймағын жинау жұмыстары жүргізілді", - дейді әкім.

Тазалық акциясы көктемгі ағаш егу шарасына ұласып, қазір орман алқабына жаңа ағаштар егіле бастаған.

Әулиекөл ауылы жалпыұлттық "Таза Қазақстан" науқанын апта сайын өткізіп отыруды жоспарлаған. Аймақтың таза, тартымды әрі жасыл болуы әр тұрғынның жауапкершілігі екенін айтады.

Талқылау