Танымал әншілер, ойын-сауық, жағажай, отшашу: "Алакөл толқыны – 2026" фестивалі мыңдаған туриске ерекше атмосфера сыйлады

коллаж: Stan.kz
Жетісу облысының ең басты туризм аймағы саналатын Алакөл көлі жағалауында жыл сайынғы жұрт асыға күтетін ауқымды "Алакөл толқыны" фестивалі өтті. Шараға Stan.kz тілшісі қатысып, туристерге қандай жағдай жасалғанына көз жеткізді.
Ең басты хедлайнерлері елімізге танымал әншілер Әсел Мекебаева, Turar, Ayree болған концертке өңірдегі өзге де жарық жұлдыздар қатысты. Олардың арасында Римма Ахметова, Қазбек Абу, Дана Максимова, Самат Жанғазин, Алуа Берешова, Бексұлтан Бекайдаров, Гүлсім Малисова, Жігер Арап және Бауыржан Кенжебаев та бар. Көңілді кеште Ақши ауылы тұрғындары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 5 мыңға жуық турист болды.


фото: Stan.kz
Айта кетейік, бұл шара Жетісу облысының Туризм және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған. Сөз сөйлеген қонақтар арасында Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев болды. Вице-министрдің айтуынша, мұндай мәдени-туристік жобалар өңірдің ғана емес, тұтас Қазақстанның туристік имиджін одан әрі дамытуға әсер етеді.
“Алакөл – еліміздегі маңызды туристік аймақтардың бірі. Қазіргі таңда, жыл сайын жүз мыңдаған адамды күтіп, тынықтырып, шығарып салып жүр", - дейді ол.

фото: Stan.kz
Көңілді кешке Алматыдан келген турист Азамат Берікхановтың пікірінше, фестивальдің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болған.
"Өзім Алматыдан келдім. Осы жерде отбасымызбен демалып жатқанымызға бүгін үшінші күн. Концерт болатыны жайлы естігенде, шыны керек басында бармаймыз деп ойладық. Кейін балалардың көңілі үшін келдік. Алайда, бұл біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары деңгейдегі фестиваль болды. Балалар мәз, біз де мәз. Әсіресе, кеш соңындағы отшашу естен кетпес әсер қалдырды", - дейді ол.
фото: Stan.kz
фото: Stan.kz
Алакөл жағалауы еліміздегі ең ірі туристік аймақтардың бірі. Мұнда жүздеген демалыс орындары жыл сайын келетін жүз мыңдаған туристердің сапалы демалыс өткізуіне жағдай жасайды. Avrora Alakol атты демалыс орнының құрылтайшысы Сағадат Оңғарқызының сөзінше, соңғы жылдары Алакөлде демалушылар саны едәуір өскен.
"Демалыс аймағымызда бөлмелер бірдей өлшемде салынған. Келушілерге екі немесе одан көп адамға арналған жатын орындары бар бөлмелер беріледі. Сондай-ақ таңғы ас, бассейн, сауна, жағалау бар", - дейді Сағадат ханым.
Алакөлдегі қауіпсіздік
Алакөлде жыл он екі ай үздіксіз қызмет ететін Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы бөлімі бар. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Игорь Жуковтың айтуынша, шомылу маусымының қызған шағында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіледі.

фото: Stan.kz
"Алакөл жағалауында 250-ден астам демалыс орны тіркелген. Бұл демалушылар ең көп шоғырланған аймақтардың бірі. Мұнда су көліктерінің саны өте көп. Қазіргі таңда қолда бар күш-құралдарымен күнделікті рейдтік шараларды жүргізіп жатырмыз. Әкімдік тарапынан жағалау бойына 34 бейнекамера орнатылды. Кезекші құтқарушылар бейнебақылау арқылы судағы кез келген қауіпті жағдайды қадағалап, ТЖ қаупі төнгенде патрульдік топты бірден оқиға орнына бағыттайды. Бұған қоса, Көктұмадағы "Шағала" және "Жалын" балалар лагерлерінде де балалардың қауіпсіздігі толық бақылауымызда", – деп атап өтті Игорь Евгениевич.
Қазіргі таңда Ақши ауылындағы арнайы бөлімшеде 13 құтқарушы жылдың 365 күнінде де үздіксіз кезекшілік атқарады. Жазғы маусымда олардың жұмысына өрт сөндіру қызметінің 5 маманы мен екі АЦ-5-40 өрт сөндіру автоцистернасы, сондай-ақ жедел-құтқару жасағының 4 қызметкері жұмылдырылған.

фото: Stan.kz
Ал судағы және жағалаудағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында Үшаралдағы 28 237 әскери бөлімінен (Ұзынағаш) келген 3 әскери қызметші жағалау аумағын жаяу патрульдеп жүр.
Игорь Евгениевичтің сөзінше, келушілерден бөлек осында қызмет көрсететін шағын қайық иелері де ерекше бақылауда.
"Катер мен гидроцикл иелері маусымның қысқалығын сылтауратып, заң талаптарын елемей жатады. Алайда қауіпсіздік талаптары баршаға ортақ. Ереже бұзушыларға 10-нан 30 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Ал талапты мүлдем елемейтін бұзақылар үшін әкімдік арнайы айып тұрағын ұйымдастырды. Заңбұзушылық жойылғанша су көліктері сонда қамалады”, – дейді полковник.


фото: Stan.kz
Алакөлде соңғы 25 күн ішінде шағын кемелерге 140-тан астам әкімшілік айыппұл салынған. Десе де басты мақсат айыппұл салу емес, жауапкершілік пен қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру дейді құтқарушы.
"Халыққа құрметсіздік танытты": Танымал қазақстандық бренд "Борат" образын қолданғаны үшін сынға қалды