Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түстердің адам денсаулығы мен көңіл-күйіне әсері қандай?

Гётенің өзі сары түстің ерекше сезім, көк түс суықты сезіну, ақшыл көк түс көңілсіздік, ал қызыл түс түрлі сезім, көңіл-күй тудыратынын байқаған. Түс көңіл-күй, денсаулыққа әсер ете алады. Неліктен және қалайша? Оны бірге білейік.

cveta-e1394182229597

Түс пен денсаулық

Көне өркениет дәуірінде-ақ адамдар түстерді емдік мақсатта қолданған. Мысалы, Көне Мысыр ғибадатханаларында күн сәулелері шағылысып, түрлі түстер шоғырын беретін арнайы бөлмелер болған. Адамдар шын мәнісінде түстер айдыныда шомылған-ды. Емнің бұл түрі Ра-терапия аталады. Бүгінде оған балама ретінде хромотерапия келді. Ол түстердің адам денсаулығына әсерін зерттейді.

Қызыл түс нерв орталықтарын, мидың сол жақ жартышарын ынталандырады және бауыр мен бұлшықеттерді күш-қуатқа толтырады. Алайда әсері ұзаққа созылса, шаршаңқылық пен жүректің жылдам соғуына алып келеді. Ол қаназдық, бронх демікпесі, өкпе қабынуы, эндокриндік жүйе ауруларын, сарп, көз торы патологиясы және қылилық ауруларын, енжарлықты емдеуде көмектеседі. Безгек, қан қысымының артуы, қабыну процестері, неврит аурулары, жүйке жүйесі қозған уақытта қызыл түс қарсы көрсетіледі. Ол ақшыл сары адамдарға нашар әсер етеді.

Сары және лимон түстері қозғалыс орталықтарын белсендіріп, бұлшықетке арналған қуатты түрлендіріп, бауыр, ішек, теріні тазартып, ынталандырады және өт айдау, іш жүргізетін әсерге ие. Бұл қуанышты көңіл күй мен сексуалдылық түсі. Сусамыр, асқорыту процесінің бұзылуы, өт, бауыр, ішек әрекетсіздігін емдеу мақсатында қолданылады. Офтальмологияда қылилық, көздің нашар көруі, көз торы мен қан тамырлары ауруларында көмектеседі.

Сары түсті дене қызуы көтерілген кезде, невралгия, қатты қозу, қабыну және көру галлюцинациясында пайдалануға болмайды.

Жасыл түс қан тамырлар тарылуына жол бермейді әрі қан қысымын төмендетіп, тамырларды кеңейтеді. Сондай-ақ көңіл-күйді жақсартады. Сондықтан жүрек-қан тамырлар ауруларында, невралгия, демікпе, остеохондроз, белсіздік, ұйқысыздық кезінде пайдаланылады. Оған қоса көздің алыстан нашар көруін, суқараңғылық, көз нервтері мен торы ауруларын емдеу үшін қолдануға болады.

Керісінше, көк түс тамырлардың тарылуына әсер етіп, қан қысымын көтереді. Оған қоса микробқа қарсы әсері бар. Көк түсті бөлмені уытсыздандырғанда, құлақ, тамақ, мұрын, асқазан-ішек жолдарын емдеуде пайдаланады. Көзге келер болсақ, көздің мүйізгек қабығы ауруы, суқараңғылықтың бастапқы деңгейі және көздің алыстан нашар көруі.

Ұзақ уақыт әсер етуі шаршаңқылық пен күйзеліске алып келеді.

Ақшыл көк түс қалқанша жанындағы без, көкбауыр қызметін ынталандырып, бұлшықет тонусын арттырады. Бұл түстің әсері көкпен бірдей.

Офтальмологияда түстердің белгілі бір үйлесімімен көзге әсер ететін құрылғы қолданылады. Түстер әсерінен кейін кейбір көз аурулары толықтай жазылады, кей түрлері айтарлықтай басылады. Әдетте, көз ауруларынан бөлек, адамның жалпы ахуалы жақсарып, бас ауруы басылып, тәбет артып, ұйқы қалпына келеді.

Түс пен көңіл-күй

Киім сатып алғанда немесе үйімізді жиһаздармен толтырғанда неліктен кей түстерге басымдылық беріп, кейбірін мүлдем ұнатпаймыз? Себебі ол түс –көңіліңізе жағымды.

Психологтар бәрінің біз ойлағандай оңай еместігін айтады. Көңіл-күй мен мінез әр уақыт үйлесім таба бермейді. Дәл климат пен ауа райы сынды.  Климаты жайлы жерде кейде жаңбыр да, бұршақ та, қар да жауады. Түс таңдауда да дәл осылай. Өмір бойы бір түсті құп көріп келіп, аяқ асты үйіңізді ұнатқаныңызға мүлдем қарама-қайшы түспен сәндегіңіз келеді.

Сіз үнемі қою көк түсті киімдер киіп жүріп, кенеттен қызыл жейде сатып алдыңыз. Уақыт өте келе оған қарап, жұмсаған ақшаңызды аяйсыз. Одан құтылуға тырыспаңыз. Себебі күндердің күнінде өзіңізді қайта сергіткіңіз келіп, қызыл жейдені киетін боласыз.

Бұл құбылысты психологтар түсіндіруге тырысты. Адамның белгілі бір түске өмір бойы құмартуы оның мінез-құлқын танытады. Ал аяқ асты «құбылу» – адамның дәл сол сәттегі көңіл-күйі. Демек асау мінезіңізді «жуасыту» үшін түстерді қолдануға болады.

Қандайда бір затты сатып алғанда өзіндік талғамымызға, құштарлығымызға басымдық береміз. Бірақ соңғы уақыттарда физикалық және эмоциялық ауыртпалық кезсеңіз, бейсаналы түрде қошқыл, қара түстерді таңдай бастаймыз. Егер, керісінше, жан-дүниеміз гүлденіп, өзгерістерді қаласақ, ашық түстерді таңдайды екенбіз.

Ғалымдар адамның ләззаттану (қанағаттану), өзін-өзі таныту, белсенділік, бауыр басу, жақсылықтан үміттену тәрізді психологиялық ахуалын аңғартатын негізгі үш түсті көрсетеді.

Қызыл түс ерік-жігер, белсенділік, ашушаңдық, еркіндік пен қимыл-қозғалыстың көптігін білдіреді. Қызыл киім киетін адам өмірді сүйеді, сексуалды, бойы күш-қуатқа толы. Түстің астарында сезімталдық жатыр. Ол өмірді құштарлық, құмарлыққа толтырады. Егер тұрмыс не таусылмайтын жұмыс шаршатып, еңсеңізді түсірсе, осы түстің көмегіне жүгінгейсіз. Егер қобалжып, жүйке жүйеңіз сыр берсе, қызыл түс жағдайды однан әрмен күрделендіреді.

Қызғылт сары түс оптимистік, албырттық, ақкөңілділік пен табандылықты аңғартады. Бұл түсті ұнататын адамдар – әрдайым көмек қолын созуға даяр адал достар.

Алқызыл –әйелге тән қасиет пен нәзіктік түсі.

Сары – күн сәулесі, қуанышқа толы үміт түсі. Оны көңілді, өмірді сүйетін, мақсатына жетпей қоймайтын, белсенді, тіпті, күйгелек жандар таңдайды. Сары түсті киім киген адам мейірімді, өзіне сенімді және ақша табудың көзін біледі. Бұл түс мүсініңіздің сымбатын қадағалауға көмектеседі.

Жасыл түс – ақылдың орамдылығын, парасаттылық, жағдайды терең түсіне білетін жандарға ұнамды. Бай-бақуаттылық пен гүлденуді білдіреді. Ашық жасыл түс адамды жас көрсетеді. Ал бұл түсті ұнатпау адамның өз эмоциялық күйіне көңілі толмайтынын аңғартады.

Көгілдір – тыныштық пен ақиқат түсі. Көк түсті құп көретін жандар жанға бататын шындықты жұмсартып, көңілге тимейтіндей етіп айта алады және оны өзгелер дұрыс түсінеді. Көгілдір түске деген ынтықтық парасаттың жоғарылығын көрсетеді. Бұл түске берілер сипаттама – ұстамдылық пен салқындық. Артық салмақ қосуға бейім жандардың бұл түспен әуестенбегені абзал.

Көк түсті енжар, ұқыптылық пен тазалықты ұнататын сезімтал адамдар таңдайды. Олар –меланхоликтер және тыныштықты бәрінен артық көреді.  Сондықтан бұл түспен әуестенудің қажеті жоқ.

Күлгін түс армандарды оятады. Оны ұнататын жандар – барлығын таңдандыруға тырысатын шығармашыл адамдар. Егер өзгелердің таңданысын тудыра алмаса, олар ерке, ашуланшақ бола түседі.

Қоңыр – кертартпалық түсі. Тұрақтылық, ұстамдылық, сенімділік пен қарапайымдылықты білдіреді. Бұл түсті ұнататын адам – тамаша қызметкер және қашанда сенім артуға тұрарлық серік.

Ақ – тазалық, пәктік, тыныштық пен көңіл жайбарақаттығы түсі. Бұл түспен шамадан тыс әуестенетін жандар томаға-тұйық бола бастайды.

Сұр – іскерлік түсі. Оны ұнататын жандардың мінезі қатты, төзімді және табанды. Сезімін бақылауда ұстауды жөн көреді және тұрақтылыққа ұмтылады. Шектен тыс құмартқан кезде мұңаю мен күйзеліске алып келуі мүмкін.

Қара – «қауіпті әйелдер» түсі. Қара киім киетін әйел аянкес және аяушылық сезімінен жұрдай. Бірақ сән әлемінде қара кербездік, жоғары талғам мен сәнділік түсі саналады.

Сонымен, өмірде бардың барлығы маңызды және кездейсоқ еместігіне кезекті рет көзіміз жетіп отыр. Белгілі бір түстерді ұнату санамыздың тереңінен мығым орын алған. Бірақ ден қойып қарасақ, түстердің адамдары әдемілік үстеп қана қоймай, оның мінезі мен әлемді қабылдауына қосымша ерекшеліктер қосады.

Талқылау