Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та апатқа ұшыраған ұшақта кеңестік спортшылардың болғаны туралы ақпарат тарады

АҚШ-тың мәнерлеп сырғанау федерациясы American Airlines әуе компаниясының өзенге құлаған ұшағында спортшылар мен жаттықтырушылар болғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: adobestock.com

Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Вашингтонда әскери тікұшақпен соқтығысқан ұшақта бұрынғы кеңестік мәнерлеп сырғанаушылар мен балалары болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді.

"АҚШ мәнерлеп сырғанау қауымдастығы ұшақ бортында қауымдастықтың бірнеше мүшесі болғанын хабарлады. Хабарламада спортшылар, жаттықтырушылар және олардың туыстары Канзас штатының Уичито қаласында өткен даму лагерінен үйлеріне қайтып келе жатқаны айтылған", – деп жазады The Sun басылымы. 

Қазіргі уақытта апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушыларының тізімі жарияланбаған, бірақ турнирге қатысушылардың бірі, мәнерлеп сырғанаушы Антон Спиридонов мәнерлеп сырғанаудан 1994 жылғы әлем чемпиондары Евгения Шишкова мен Вадим Наумов ұшақта болуы мүмкін екенін айтты.

"Мен рейсте болған жоқпын. Мен білетін адамдардың бар болуы мүмкін деп ойлаймын... Әуежайда маған ешкім аман қалмаған болуы мүмкін деп айтты. Максим Наумов ұшақта болмаған, ол Уичитодан дүйсенбіде ұшып кетті. Ол менімен бірге әуежайда болды, қауіпсіздік тексерісінен бір уақытта өттік. Ал оның ата-анасы, ұшақта болған болуы мүмкін", - деді Спиридонов РИА Новостиге берген сұхбатында. 

Осы басылымның тағы бір ақпаратында, апатқа ұшыраған ұшақта КСРО чемпионатының қола жүлдегері, жұптық мәнерлеп сырғанаушы Инна Волянская болуы мүмкін екендігі айтылған.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-та Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайының жанында жолаушылар ұшағы тікұшақпен соқтығысып өзенге құлағаны туралы жазған едік. Деректерге сайкес, апатқа ұшыраған ұшақта 64 адам болған.

Талқылау