Спорт министрлігі Шайдоровтың неліктен cауда орталығындағы мұз айдынында жаттыққанын түсіндірді

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Михаил Шайдоровтың сауда орталығындағы мұз айдынында жаттығуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар – Денис Тен мен Михаил Шайдоров Қазақстанда емес, шетелде дайындалғаны белгілі. Денис Тен Мәскеуде жаттықса, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Сочиде дайындықтан өткен.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев "Рамстордағы" мұз айдыны неліктен шенеуніктер айтқан зәулім мұз сарайларынан да тиімді болды деген сұраққа жауап берді.
“Негізі бұл спортшылар белгілі бір деңгейге дейін Қазақстанда дайындалған. Бұл даусыз факт, оны өздері де айтып жүр. Спортшы ең жоғары шеберлік деңгейіне жеткенде, өз шеберлігін одан әрі жетілдіруі тиіс болады. Мұндай жағдайда спортшының қай жерде жаттығатынын өзі таңдауға құқығы бар. Мемлекет өз тарапынан бұған жағдай жасайды: оқу-жаттығу жиындарының шығынын өтейді, кеңесші жаттықтырушылардың еңбекақысын төлейді. Бұл Денис Тенге де, Элизабет Тұрсынбаеваға да, Шайдоровқа да қатысты. Егер спортшының кеңесші-жаттықтырушысы шетелде болса, онда негізгі дайындық базасы Сочиде орналасқаны заңды. Басқа спорт түрлерін алсақ та, спортшыларымыздың көбі шеберлігін арттыру және бәсекеге қабілетті болу үшін шетелге барып жаттығады”, – деді Жарасбаев.
Сонымен қатар вице-министр "Рамстордағы" мұз айдынының пайдасын жоққа шығарған жоқ.
“Сөзімді дұрыс түсініңіздер. Мен спортшыларға таңдаулы түрде жағдай жасалады деп отырған жоқпын. Тек кім қайда дайындалғанын айтып отырмын. Егер белгілі бір спортшыға қатысты біржақты көзқарас болғанын дәлелдейтін нақты дерек болса, келтіріңіздер. Ұлттық құраманың сапында жүрген барлық спортшыға мемлекет барынша қолдау көрсетуге тырысады. Кеше берген сұхбатында Михаил да Рамсторда белгілі бір жасқа, белгілі бір кезеңге дейін жаттыққанын нақты айтты. Спортшының өсуіне дейін, ол солай дайындалған болуы мүмкін. Ал ұлттық құрамаға енгеннен кейін, Қазақстан чемпионатын жеңген соң мемлекет оған барынша жағдай жасап отыр”, – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қоржынына Италия төрінде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында тарихи жүлде түскені туралы жазған едік. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада ойындарында топ жарды. Отандасымыз қос бағдарлама қорытынды бойынша 291.58 ұпай еншіледі. Бұл – оның жеке рекорды.
Сонымен қатар Шайдоровтың жеңісінен соң оның “Рамстор” сауда үйіндегі мұз айдынында дайындалғаны айтылды.