Шайдоров әлемдік рэп жұлдызы Snoop Dogg-пен коллаборация жасап, жанкүйерлерді дүр сілкіндірді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары аясында әлемге танымал хип-хоп орындаушысы Snoop Dogg-пен бірге ерекше бейнероликке түсіп, жанкүйерлерді таңғалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қос жұлдыз Милан қаласының басты нышандарының бірі Duomo di Milano алдында кездесті. Бейнежазбада спортшы мен америкалық рэпер көпшілікке танымал би қимылдарын билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Видео соңында рэпер қазақстандық чемпионды құшақтап, жылы лебізін білдіреді.
Бұл кадрларды Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті жариялады.
Бейнеролик әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, мыңдаған пікір жинады.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында қысқа бағдарламадан кейін бесінші орынға тұрақтаған еді. Дегенмен ол еркін бағдарламада жоғары шеберлік танытып, сенсациялық түрде алтын медаль жеңіп алды.
Айтулы жүлде Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтыны. Сондай-ақ бұл жеңіс қысқы ойындардағы ең елеулі жетістіктердің бірі саналады.
Ал рэппер Snoop Dogg 2026 жылғы Олимпиада барысында тек шоу элементтерімен шектелмей, бірнеше ресми міндет атқаруда. Ол АҚШ құрамасының құрметті жаттықтырушысы ретінде қатысып, сондай-ақ NBC және The Wall Street Journal үшін арнайы тілші қызметін атқарып жүр.
Олимпиадалық іс-шараларға белсенді араласып жүрген өнер иесі жанкүйерлермен және спортшылармен жиі жүздесуде.
Желі қолданушылары бұл кездесуді жоғары бағалап, Шайдоровтың халықаралық деңгейдегі танымалдығы артып келе жатқанын атап өтті.
Көпшілік оның тарихи жеңісі мен әлемдік жұлдызбен бір кадрда көрінуі қазақстандық спорттың беделін арттырғанын жазуда.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады