Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік комментатор қазақстандық жас хоккейшілерді қорлағаны үшін жауапқа тартылды

Максим ГречанинФото:Getty images

Ресейлік комментатор Максим Гречанин Омбы қаласында өткен турнирде қазақстандық жас хоккейшілерге қатысты қорлайтын сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2026 жылғы 5 қаңтарда Омбы қаласындағы "Авангард" хоккей академиясының базасында өткен балалар турнирі кезінде болған.

"Астана" мен "Сибирь" командалары арасындағы матч басталар алдында комментатордың микрофоны өшірілмей қалған. Сондай-ақ ол телефонмен сөйлесу барысында айтқан сөздері тікелей эфирге шығып кеткен.

Эфир кезінде Гречанин жас қазақстандық хоккейшілер туралы дөрекі әрі қорлайтын пікір білдіріп, оларды ұлты мен тұрғылықты жеріне байланысты кемсіткен. Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Кейін комментатор микрофонның қосулы тұрғанын білмегенін мәлімдеді. Ол айтқан  сөздерін "дөрекі әрі әдепсіз" деп бағалап, ұлтаралық араздықты қоздыру ниеті болмағанын айтты. Сонымен қатар көпшілік алдында кешірім сұрап, бұл әрекеті спорт комментаторы кәсібінің беделіне нұқсан келтіргенін мойындады.

Жас хоккейшілердің ата-аналары ресми шағым түсіргеннен кейін материалдар прокуратураға жолданып, іс сотқа берілді.

Омбы қаласының Куйбышев аудандық соты Гречанинді Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.3.1-бабы бойынша ұлт және шығу тегіне байланысты адамдар тобының ар-намысын көпшілік алдында кемсітуге бағытталған әрекеттер жасағаны үшін  кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 10 мың рубль көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 19:14