Қысқы Олимпиада қатысушылары медальдардың тез сынып қалатынына шағымданды

Милан мен Кортинада өтетін 2026 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылары бірнеше спортшы медальдарының сынып қалғанын айтқаннан кейін олимпиадалық медальдардың сыну себептеріне “ерекше назар” аударып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
АҚШ-тың екі алтын жүлдегері – Бризи Джонсон мен Алиса Лю жүлдені алғаннан кейін көп ұзамай медальдің лентасы үзіліп, ажырап қалғанын айтты.
Әйелдер арасындағы тау шаңғысы бойынша жылдамдықпен түсу сайысында алтын алған Джонсон жарыстан кейінгі баспасөз мәслихатында сынған медалін көрсеткен.
“Міне, медаль. Ал мынау – лента. Лентаға кіріп, медальді ұстап тұруға тиіс кішкентай бөлігі бар еді, иә, сол бөлшек сынып қалды”, – деді ол журналистерге.
Лю да осындай мәселе туралы әлеуметтік желіде жариялаған видеосында айтты. Ол АҚШ құрамасы сапында мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста алтын жүлде жеңіп алғаннан кейін түсірілген роликте медаль мен лентаны екі қолына бөлек ұстап тұрып, “Менің медаліме лента керек емес” деген жазу қалдырған.
Бұл мәселе биатлоннан қола жүлде алған Германия құрамасына да әсер еткен. Instagram-дағы видеода команда қонақүйінде қуаныштан секіріп тұрған спортшылардың бірінің медалі лентасынан түсіп қалғаны көрінеді.
2026 жылғы ойындардың бас операциялық директоры Андреа Франчизи ұйымдастырушылар бұл жайтты тексеріп жатқанын мәлімдеді.
“Біз жағдайдан толық хабардармыз. Мәселенің нақты неден туындағанын анықтап жатырмыз, Медальдарға барынша назар аударамыз. Әрине, марапаттау сәті мінсіз өткенін қалаймыз, өйткені бұл – спортшылар үшін ең маңызды сәттердің бірі”, – деді Франчизи.
АҚШ Олимпиада және Паралимпиада комитетінің өкілі BBC Sport-қа ұйымдастырушылардың мәселені қалай шешетінін күтіп отырғандарын айтты.
Әзірге спортшыларға берілген медальдардың орнына жаңасы табысталып не табысталмайтыны нақтыланған жоқ.
Бұл Олимпиада медальдарының сапасына қатысты күмән тудыратын алғашқы жағдай емес. 2025 жылғы ақпандағы мәліметке сәйкес, Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиадада алынған медальдардың тозуына байланысты оларды ауыстыру жөнінде жалпы 220 өтініш түскен.
Медалі “күңгірттене бастағанын” байқаған спортшылардың бірі – суға секіруден Ұлыбритания құрамасына 2024 жылғы ойындардағы алғашқы жүлдені әперген Ясмин Харпер болған.
Ал Париж-2024 ұйымдастырушылары барлық бүлінген медаль ауыстырылатынын мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін америкалық мәнерлеп сырғанаушы тыйым салынған элементті орындап, тарихқа енгені хабарланған еді.
"Оқушылар аттестатпен қатар, кәсіп алып шығады": Қазақстандық жігіт Таиландтағы мемлекеттік мектепте ағылшын тілінен сабақ береді