Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"233 миллиард теңгенің ұмытылмаған сабағы": Қазақстанға 2029 жылғы Азия ойындарын өткізудің пайдасы бар ма?

Азиада 2011

Фото:Olympic.kz

Қазақстан 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізуге шешім қабылдап, ресми түрде келісімшартқа қол қойды. Бұған дейін қысқы Азия ойындарын өткізу құқығы 2022 жылы Сауд Арабиясына берілген еді. Алайда өткен айда Сауд Арабиясының Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеті мен ОСА бірлескен мәлімдеме жасап, белгісіз себептерге байланысты аталмыш доданы өткізуден бас тарты. Алпауыт Сауд Арабиясының өзі бұндай жарыстан бастарып отырғанда бұл шешім Қазақстан үшін қаншалықты тиімді болмақ?

Осы сұрақты спорт журналисі Ақырыс Сейтқазыға қойдық. Оның айтуынша, қысқы Азия ойындарына ешқандай ел қызығушылық танытпағандықтан, Қазақстан оны қабылдап отыр.

“Шын мәнінде, бұл қысқы Азия ойындары ешкімге керек емес. Ешқандай ел бұл жарысты өткізгісі келмегендіктен, Қазақстан қабылдап отыр. Қысқы Азия ойындарына бәсекелестік жоқ. Қазір олардың деңгейі жазғы Азия ойындарынан әлдеқайда төмен. Мысалы, 2011 жылдан кейін келесі ойын 2017 жылы ғана өтті. Осыдан-ақ қысқы Азия ойындарына сұраныстың төмен екенін көруге болады”, – дейді Ақырыс Сейтқазы.

Ол Азияның ірі мемлекеттері бұл жарысқа бірінші дәрежелі спортшыларын жібермейтінін де атап өтті.

“Қысқы Азия ойындарына Азияның алпауыттары ешқандай үздік спортшыларын жібермейді. Мен бұны 2011 жылғы Азия ойындарында өз көзіммен көрдім. Сол кезде Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония өздерінің ең мықты спортшыларын жібермеді. Мысалы, қазіргі Жапонияның мәнерлеп сырғанаушылары өте мықты. Кешегі Юма Кагияма сияқты үздік спортшылар бұл ойындарға қатыспайды. Өз елдерінде өтетін жарыстарға ғана шығады. Бұл – бәсекеге қабілетті жарыс емес”, – дейді журналист.

Сонымен қатар Ақырыс Сейтқазы қысқы Азия ойындарын Қазақстанда өткізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін де айтты.

“Қысқы Азия ойындарын Қазақстанда өткізу тиімді емес. Біздің елде және әлемде қазір экономикалық жағдай тұрақсыз. Сол себепті әлем елдері үлкен жарыстарды өткізуден бас тартып отыр. Тіпті алпауыт Сауд Арабиясы бұл ойындарды керемет өткіземіз деп ұсыныс жасап, кейін өздері айнып кетті. Негізінен бұл доданы Азияда Қытай, Корея, Жапония сияқты елдер кезек-кезек ұйымдастыры отырады. Ал Қазақстан оларға осылай арасында қосылып тұрады. Әрине, Қазақстан бұл доданы ұйымдастыру үшін қаржы табады, бірақ қазір халықта жұмыссыздық жоғары, ақша азайып жатқанда, бұл шығын артық деп ойлаймын”, – дейді ол.

Сонымен қатар Ақырыс Сейтқазы бұл ойындарға билет сатылмайтынын, халықта халықаралық жарысты тамашалау мәдениеті әлі қалыптаспағанын да атап өтті.

Қазақстан 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында, яғни 15 жыл бұрын қысқы Азия ойындарын өткізген. 

2011 жылы Қазақстанда өткен VII қысқы Азия ойындарына қанша қаржы жұмсалды?

2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өткен қысқы Азия ойындарын ұйымдастыруға жалпы көлемі 1 миллиард 650 миллион доллар (шамамен 233,5 миллиард теңге) жұмсалған. Бұл туралы сол кездегі қаржы министрі Болат Жәмішев хабарлаған.

Негізгі шығындар:
Спорттық нысандар мен инфрақұрылым:

  • Спорттық жарыстар өтетін нысандарға жұмсалған қаржы: 22 миллиард теңге.
  • Ойындардың ашылу және жабылу салтанаттарын ұйымдастыруға бөлінген қаражат: 7 миллиард теңге.

Телевизиялық және ақпараттық қолдау:

Телевизиялық және радиотрансляциялар үшін бөлінген қаржы: 8,644 миллиард теңге.

Бұл қаражат Азия ойындарын 30-дан астам елге тарату үшін жұмсалған, сонымен қатар Қазақстан бұл трансляциялардан 4,5 миллиард теңге табыс алуды жоспарлаған.

 Инфрақұрылым мен басқару:

  • Азия ойындарының басқару орталығы, телевизиялық және баспасөз орталықтарын ұйымдастыру, сондай-ақ интеграцияланған ақпараттық жүйені қамтамасыз ету үшін бөлінген қаражат: 6,768 миллиард теңге.
  • Алматы мен Астана қалаларын безендіруге жұмсалған қаражат: 470 миллион теңге.

Медициналық қызметтер мен қауіпсіздік:

  • Антидопингтік зерттеулер мен медициналық қызмет көрсетуге бөлінген қаржы: 1,177 миллиард теңге.
  • Спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жалпы ойындардың физикалық қауіпсіздігіне жұмсалған қаражат: 2,285 миллиард теңге.

Демеушілер мен табыс көздері

2011 жылғы Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев Азия ойындарын Қазақстан үшін имидждік жоба ретінде қарастырып, оның бірнеше табыс көздерін атап өткен. Олардың қатарында:

  • Демеушілерді тарту
  • Телевизиялық құқықтарды сату.

Ермегияевтің айтуынша, телевизиялық трансляциялардан 4,5 миллиард теңге табыс түседі деп күтілген.

Ашылу және жабылу салтанаттарының шығындары

VII қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатына 35 миллион доллар (шамамен 5 миллиард теңге) жұмсалса, жабылу салтанатына 6,8 миллион доллар (шамамен 1 миллиард теңге) бөлінген. Бұл туралы Азиаданың қорытынды баспасөз мәслихатында сол кездегі Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев хабарлаған.

Ермегияевтің айтуынша, бұл сомаға сахналық костюмдер, әртістердің қойылымдары, жарықтандыру және шақыру билеттері кірген. Екі салтанатқа да билеттер сатылмаған, кіру тек шақыру билеттері арқылы жүзеге асқан. Ал Спорт сарайында өткен жабылу салтанатына бір сектор сахналық қойылымды көрсететін экран бөлінген.

Жемқорлық және сот процесі

2013 жылы Алматы қаласының қаржы полициясы Азия ойындары дирекциясын басқарған Сұлтанбек Сыздықовтың 23 миллион теңге көлеміндегі қаражатты заңсыз иемденгенін анықтады. Кейін бұл қаражат толық көлемде мемлекет қазынасына қайтарылды.

Қаржы полициясының хабарлауынша, келтірілген залал толық өтелгеннен кейін Сұлтанбек Сыздықовқа қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Сонымен қатар Алматы қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасы да өз арызын кері қайтарды. Сот тараптардың татуласуын, сондай-ақ айыпталушының алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ескере отырып, істі қысқарту туралы шешім қабылдады.

2011 жылғы Азия ойындарына дайындық кезінде Айдар Мусин “2011 жылғы 7-ші Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің Атқарушы дирекциясы” АҚ-тың Ақпараттық қамтамасыз ету департаменті, Телерадио хабар тарату және медиатехнологиялар басқармасының бастығы қызметін атқарды.

Тергеу деректері бойынша, 2009 жылғы тамыз айында ол “Q-Service” ЖШС-ын ұйымдастырып, оны өз туыстарының атына тіркеген. Компания формалды түрде туыстарының атына тіркелгенімен, іс жүзінде басқаруды өзі жүзеге асырған. Кейін бұл серіктестік Алматы қаласындағы халықаралық шаңғы трамплиндері кешеніне телекоммуникациялық жүйелерді жобалау және жабдықтау бойынша мердігер ұйым ретінде тартылған.

2009–2012 жылдар аралығында “Q-Service” ЖШС мемлекеттік тапсырыстар аясында шамамен 1,4 млрд теңге көлемінде қаржы алған. Алайда тергеу барысында осы соманың 600 млн теңгеге жуығы жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, заңсыз иемденілгені анықталды.

Сот үкімімен Айдар Мусин алаяқтық қылмысы үшін 5,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Есеп комитеті тек қаржылық заңбұзушылықтарды ғана емес, Азиадаға сатып алынған құрал-жабдықтар мен салынған инфрақұрылым нысандарының тиімсіз пайдаланылғанын да атап көрсетті. Комитет деректеріне сәйкес, жарыс кезінде және одан кейін қолданылмаған нысандар мен техникалық жабдықтардың жалпы құны 10 млрд 282,1 млн теңгені құрады.

Мысалы, Алматы қаласындағы шаңғы-биатлон стадионында құны 4 млрд 123,8 млн теңге болатын теледидарлық жабдықтар білікті мамандардың болмауына байланысты іске қосылмаған. Бұл жағдай қымбат техниканың сатып алынғанымен, оны пайдалануға қажетті кадрлық қамтамасыз ету жүргізілмегенін көрсетті.

Билет бағасымен өндіріске кеткен шығын

Билет бағасына байланысты деректерге сәйкес, Қазақстан 2011 жылы ел аумағында өткен қысқы Азия ойындарының билет бағасының өндірісіне 274 миллион теңге жұмсаған. Алайда билет сатудан түскен табыс 244 миллион теңге ғана болған.

Бұл көрсеткіш қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған кейбір мемлекеттердің шығын деңгейімен шамалас. Атап айтқанда, Италия (2006 жыл) мен Канадада (2010 жыл) өткен Олимпиада ойындарына кеткен шығындармен тең.

Қаржылық заң бұзушылықтар анықталған

Есеп комитетінің 2011 жылғы мамырдан 2012 жылғы сәуірге дейінгі бақылау нәтижесі бойынша, Азия ойындарын өткізуге республикалық бюджет қаражаты тиімді пайдаланылмаған. Жалпы 9,8 миллиард теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталған.

Мысалы, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жеті спорт нысанын салу және реконструкциялау үшін 30,5 млрд теңге қарастырылған. Алайда нақты шығын 132,3 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде үш нысан бойынша шығын 57,5 млрд теңгеге қымбаттаған. Ал бес нысан Есеп комитетінің тексерісі кезінде ресми түрде пайдалануға қабылданбаған.

Есеп комитетінің хабарлауынша, “анық нормативтер мен нақты мақсаттардың болмауы салдарынан құрылыс барысында жоспарланбаған жұмыстар мен түзетулер орын алған, олар Қазақстанның құрылыс заңнамасына сәйкес келмеген”. Мысалы:
    •    Астанадағы велотрек құрылысы 11,9 млрд теңгеден 19,9 млрд теңгеге дейін қымбаттаған.
    •    Конькимен жүгіру стадионының құны 11,4 млрд теңгеден 20,3 млрд теңгеге жеткен.

Сонымен қатар, Солдат шатқалындағы шаңғы-биатлон стадионы үшін 27 гектар жерді 3,84 млрд теңгеге сатып алғанымен, ресми құжатта тек 24,5 гектар тіркелген. Яғни, 2,5 гектар жер үшін 356 млн теңгеден артық төленген.

Азия ойындарына әкелінген тауарлар олардың нақты құнынан бірнеше есе қымбат бағамен сатылған. Мысалы, "AL-MA Engineering" ЖШС әкелген жабдықтың құны 56,1 млн теңгені құраса, дирекция оны 390,2 млн теңгеге өткізген. Яғни, баға 6,9 есе қымбат болған.

Есеп комитеті мұны бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы деп бағалаған.

Қазақстандық спортшылар қысқы Азия ойындарының тарихында ең көп медаль жеңіп алды

2011 жылғы Қазақстанда өткен Қысқы Азия ойындары 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана мен Алматыда өтті.

Астанадағы Азия ойындарының ашылу салтанатына 30 000 адам қатысты.

Ашылу салтанатына Азия Олимпиада Кеңесі (АОК) мүше елдерінің делегациялары қатысып, әр ел өз мемлекеттік туын стадион арқылы алып өтті. Бұл рәсім Азия елдерінің мәдени және спорттық ынтымақтастығын көрсету үшін маңызды болды.

Ашылу және жабылу салтанаттарын ресейлік директорлар тобы ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Жабылу салтанаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. 

Спорт нысанының қайта құрудан кейінгі сыйымдылығы небәрі 5000 адамды құраған. Қазақстандық спортшылар қысқы Азия ойындарының тарихында ең көп медаль жеңіп алды: 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль еншіледі.

Жарысқа қатысушы елдер Қазақстанды спортшыларға лайықты дайындық жағдайын жасамады деп сынға алды

2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру барысында Қазақстан бірқатар сын-пікірлерге ұшырады. The Korea Times жарыстар басталмай тұрып-ақ наразылықтар көбейгенін жазды.

Қазақстан тау шаңғысы бағдарламасынан Азияда кең таралған слалом мен үлкен слаломды алып тастап, олардың орнына гигант слалом мен шапшаң түсу дисциплиналарын енгізді. Сыншылар мұны Қазақстанда жақсы дамыған спорт түрлеріне “әдейі басымдық бермеді” деп бағалады. Бұл өзгерістерге Азия шаңғы федерациясына мүше бірнеше ел алдын ала қарсылық білдіргенімен, шешім өзгермеді. Соның салдарынан сноуборд сайыстары бағдарламадан мүлде алынып тасталды.

Кореялық спортшылар, соның ішінде белгілі шаңғышы Юнг Донг Хен мен олимпиада қатысушысы Ким Хо Чжун, бұл шешімдерге наразылық білдірді. Юнг Донг Хен слалом мен үлкен слаломның алынып тасталғандықтан жарысқа қатыса алмағанын айтты

Сонымен қатар, Қазақстан 1000 метрлік шаңғы жарысының форматын өзгертіп, 400 метрлік мұз айдынында әйелдерге 25, ерлерге 35 айналым жасауды енгізді.

Қатысушы елдер жарыс трассаларының талапқа сай жабдықталмағанын, жасанды қардың уақытында дайындалмады және басқа да техникалық кемшіліктерді сынға алды.

Шығыны көп, пайдасы аз қысқы Азия ойындары бізге расымен керек пе? Әлемде қаржылық дағдарыс белең алып тұрған шақта бұл дода Қазақстанға қаншалықты “бедел” әкелуі мүмкін. Бұның бәрі уақыттың еншісінде.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 15:56