Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Теннисті таңдауыма әкем себепкер болды, ал Еленаның жетістіктері – біз үшін үлкен мотивация" – Заңғар Нұрланұлы

теннисФото:ҚТФ

17 жастағы қазақстандық жас теннисші Заңғар Нұрланұлы Australian Open–2026 турнирінде ширек финалға дейін жетіп, Қазақстан теннисі тарихында мұндай нәтижеге қол жеткізген алғашқы қазақ спортшысы атанды. Жас спортшының бұл жетістігі отандық жанкүйерлердің зор қызығушылығын тудырды. Осы орайда Stan.kz тілшісі Заңғар Нұрланұлымен тілдесіп, оның тенниске келу жолы мен алдағы мақсат-жоспарлары туралы сұрап білді.

– Australian Open турнирінде ширек финалға дейін жетіп, тарихи нәтиже көрсеттіңіз. Осы жетістігіңізбен құттықтаймыз! Жалпы турнир сіз үшін қалай өтті? Қандай кезеңдер ерекше есте қалды?

– Australian Open турнирі мен үшін өте маңызды әрі ерекше өтті. Жартылай финалға дейін жету – тек жеке жетістік емес, сонымен қатар Қазақстан теннисі үшін тарихи нәтиже деп айтуға болады. Турнир барысында әр матч үлкен жауапкершілік пен жоғары деңгейде өтті. Әсіресе алғашқы айналымдардағы қиын қарсыластарға тап болдым. Сондай-ақ шешуші сәттерде іштей өз-өзіммен күресіп, жеңе білуім ерекше есімде қалды. Бұл турнир мені спортшы ретінде де, адам ретінде де өсірді. 

Ширек финалда жарақат алғаныңызға қарамастан, ойынды соңына дейін жеткізіп, жеңіске жеттіңіз. Осындай қайтпас мінез бен рух сізге туа бітті берілген қасиет пе, әлде спорт арқылы қалыптасты ма?

– Менің ойымша, мінез бен рух – туа біткен қасиет және оған спорт арқылы қалыптасқан мінезді де қосуға болады. Кішкентайымнан бастап қиындыққа мойымауды үйрендім. Ал кәсіби спорт, теннис бұл қасиеттерді одан әрі шыңдайды. Ширек финалда жарақат алғаныммен, ойыннан бас тарту туралы ой болған жоқ. Себебі кортқа шыққан соң соңына дейін күресу – менің принципім.

Жартылай финалда жеңіліп қалдыңыз. Бұған жарақаттың әсері болды ма, әлде басқа да себептер әсер етті ме?

– Әрине, жарақаттың әсері болды. Жартылай финал – физикалық та, психологиялық та өте ауыр кезең болды. Дегенмен жеңілісті бір ғана себеппен байланыстырмаймын. Қарсыласым да жоғары деңгейде ойнады. Мұндай матчтар – үлкен тәжірибе, ал тәжірибе алдағы жеңістерге жол ашады.

Қазақ жастары көбіне бокс, дзюдо, күрес сияқты спорт түрлерін таңдайды. Ал сіз неге дәл теннисті таңдадыңыз? Бұл таңдауыңызға кім ықпал етті, алғаш баптаған адам кім болды?

– Қазақстанда бокс, күрес, дзюдо кең таралғаны рас. Бірақ менің жолым тенниске түсті. Бұл таңдауыма отбасым, әсіресе әкемнің қолдауы үлкен ықпал етті. Алғаш кортқа шыққан сәттен бастап теннистің тактикасы, тәртібі, жеке жауапкершілігі менің табиғатыма маған жақын болды. Алғаш баптаған жаттықтырушым осы спортқа деген махаббатымды оятты деп айта аламын.

– Жанкүйерлерге өзіңізді жақынырақ таныстыра кетсеңіз: қай өңірдің тумасысыз, жасыңыз нешеде? 

 Қарапайым қазақтың баласымын. Алматыда дүниеге келдім. Жасым – 17 де, қазақтың салт-дәстүрін құрметтейтін отбасында өстім. Салт- дәстүр өміріміздің бір бөлігі, бірақ мен үшін ең маңыздысы – елге адал қызмет ету.

– Теннистегі кумиріңіз кім? Қай спортшыға қарап бой түзейсіз?

– Әр дәуірдің өз мықтылары бар. Мен өзім бірнеше спортшылардан үлгі аламын: Джоковичтен – еңбекқорлықты, Синнер мен Алькарастан тактиканы, Надальдан мінезді. Бірақ кумир ретінде емес, әр спортшыдан бір жақсы қағидасы мен әдетін бойыма сіңіруге тырысамын.

– Тенниске келуіңізге немесе осы спортты таңдауыңызға Елена Рыбакинаның жетістіктері әсер етті ме?

 Әрине, әсер етпей қоймайды. Елена Рыбакинаның жетістіктері – Қазақстан теннисі үшін үлкен мотивация. Ол біздің елден де әлемдік деңгейдегі чемпион шығатынын дәлелдеді. Бұл жас спортшыларға үлкен сенім береді.

– Күні кеше Елена Рыбакина ірі турнирде жеңіске жетті. Осыдан кейін өзара тілдесіп үлгердіңіздер ме? Жалпы, бір-біріңізге қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып тұра ма?

 Иә, байланыс бар. Үлкен турнирлерден кейін бір-бірімізді құттықтап, қолдау сөздерін айтып тұрамыз. Мұндай қолдау өте маңызды. Себебі біз – бір елдің намысын қорғап жүрген спортшылармыз.

– Қазақстанда теннистің дамуына көрсетіліп жатқан қолдауды қалай бағалайсыз? Медициналық тұрғыда, қалпына келу, дәрумендер, массаж мамандары жағынан жағдай толық жасалған ба?

 Соңғы жылдары Қазақстан теннис Федерациясы, Болат Өтемұратов маған тікелей қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, теннистің дамуына үлкен қолдау көрсетіліп жатыр деп айта аламын. Медициналық бақылау, қалпына келу, массаж, мамандар жағынан жағдай жақсы. Әрине, әлі де дамытатын тұстар бар, бірақ жалпы бағыт дұрыс.

– Алдағы негізгі мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз қандай? Қандай биіктерді бағындырғыңыз келеді?

– Алдағы басты мақсатым – тұрақты түрде үлкен турнирлерде жоғары нәтижелер көрсету, ел үмітін ақтау және еліміздің туын биікке көтеру. Әр мықты спортшы сияқты, ең биік шыңдарды бағындыру – арманым. Бірақ мен үшін бастысы – күн сайын өзімнің кешегі күнімнен де мықты болу.

STAN.KZ
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 14:24