Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Министрліктің емес, жеке өзінің жетістігі": Қазақстандық жанкүйерлер арасында Михаил Шайдоровтың алтынына қатысты дау туды

Қанат ТілеуханФото:Stan.kz collage

Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров топ жарып, Олимпиада чемпионы атанды. Қалың қазақ бұл жеңіске қуанып, ризашылықтарын білдіруде. Алайда кейбір жанкүйерлер бұл жетістік спорт басқармасының емес, Михаил мен оның әкесінің маңдай тері арқылы келгенін айтып, пікірлерін білдіруде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 Желіде Олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің пікірі талқыға түсті.

"Бұл жеңіс жаттықтырушылардың жұмысы, медициналық қолдау және министрліктің қолдауы арқасында болды", – деген пікір білдіргеннен кейін, оған қатысты наразылықтар туындады.

Алайда қазақстандық жанкүйерлер оған қарсы шықты.

"Өзі рингіде Олимпиада чемпионы болған, жеке еңбектің бағасын түсінетін адам еді. Қазір ол міндетті статистикалық есептердің чемпионы сияқты. Бір постта Олимпиада мен басшылыққа алғыстарын білдіру – мысық пен итті араластыру сияқты. Михаил бұл жеңіске 99% өз еңбегінің арқасында жетті", "Ата-анасымен бапкерінің жеңісі", "Жеңістің жеті атасы бар. Тек чемпион болғанда ғана қасынан табылатын, спорт саласында жүрген талай жауапсыз шенеуніктердің кесірінен қаншама Михаилдер бақытын басқа саладан табуға мәжбүр”, "Нағыз жеңіске үлес қосқан – Михаилдың әкесі мен бапкері, бұл жеңіс солардың қажырлы еңбегінің нәтижесі”, – деген пікірлер көптеп жазылып жатыр.

Ал белгілі журналист Қанат Тілеухан бұл жеңіс тек Михаил Шайдоровтың жеке жетістігі екенін, оны иемденіп алуға ешкімнің құқығы жоқ екенін айтып отыр. Спорт басқармасын басқарып отырған басшылықтың да бұған еш қатысы жоқ. Бұл – Михаилдың өзі мен жақындарының қажырлы еңбегінің өтеуі. Біз тек спортшының қуанышын бөлісуіміз керек екенін атап өтті ол.

“Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы алтыны ұлттың немесе үкіметтің жетістігі емес. Әдетте біздің спортшылар Олимпиада шыңын бағындырса, оны бүкіл ұлттың ұлы жеңісі немесе спорт саласын басқарып отырған басқарманың табысы ретінде бағалап жатамыз. Алайда меніңше, бұл – ең алдымен адамның өз таланты мен тынымсыз еңбегінің жемісі, жеке жеңісі. Бүгінде Михаил Шайдоровты жұрттың бәрі құттықтап жатыр. Бірақ бұған дейін оның есімін көп адам біле бермейтін. Мен де білген жоқпын. Ол кішкентайынан осы спортты сүйіп өсті, жаны қалады. Сол сүйікті ісімен кәсіби түрде айналысып, табандылық танытып, нәтижесінде үлкен жетістікке жетті. Біз кейде осындай спортшылардың жеңісін өзімізге меншіктеп, ортақ табысқа айналдырғымыз келеді. Бірақ шын мәнінде, бұл жеңіс – ешкімге бөлісуге келмейтін, спортшының өзіне тиесілі жетістік. Ал оның қуанышын бөлісуге, әрине, бәріміздің құқығымыз бар”, – деді Қанат Тілеухан.

Сонымен қатар спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы Шайдоровтың бір кездері жарысқа бара алмай қалуы Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясының жұмысының шикілігін білдіретінін айтты.

“Мемлекет кез келген спортшыны жақсы нәтиже көрсетпейінше қарамағына алмайды. Мысалы, Михаил Шайдоровқа қатысты “2018 жылы машинасын сатып жарысқа кетті” деп жатыр ғой. Ол кезде Михаил шамамен 13–14 жастағы бала болуы керек. Әлі ұлттық құрамаға ілікпеген балаларға мемлекет ондай қамқорлық көрсете қоймайды. Ол кезде мәнерлеп сырғанау, теннис, үлкен теннис, көркем гимнастика сияқты спорт түрлерінде үнемі ата-ана жүгіреді. Яғни баласынан болашақ көріп тұрса, ата-аналар сүйрейді. Бұл жерде ата-аналар жанкешті әрі қалталы болуы керек. Сол басынан бастап ата-ана балаға қаржы салады. 2022 жылғы әлем біріншілігіне бара алмауы, визаның дайын болмауы – оның барлығы Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясының қатесі. Яғни федерацияда жарысқа жіберуге мүдделі адамдар болмаған болуы мүмкін. Бұл жерде мәнерлеп сырғанау федерациясына да келетін әңгіме көп. Спортшының визасын дайындау, алдын ала жарысқа қосу, барлық құжатпен айналысу – Мәнерлеп сырғанау федерациясының құзырындағы жұмыс. Яғни 2022 жылы Михаилдың әлем чемпионатына бара алмай, виза дайын болмауы Мәнерлеп сырғанау федерациясының жұмысының шикілігіне әкеліп тіреледі. Яғни федерацияның сауатты жұмысымен тікелей байланысты”, – дейді Ақырыс Сейтқазы.

Сондай-ақ ол Михаил Шайдоровтың әкесінің еңбегін жоққа шығаруға болмайтынын, мәнерлеп сырғанау өте қымбат спорт түрі екенін атап өтті.

“Жалпы мәнерлеп сырғанау – өте қымбат спорт түрі. Мәнерлеп сырғанаудан басқа кейбір спортшылардың әке-шешелерінің бизнестері бар шығар. Бірақ мәнерлеп сырғанауға кез келген бала бара бермейді. Ал Шайдоровтың жағдайына келcек, әрине, әкесінің еңбегін жоққа шығармаймыз. Әкесі өз алдына жеке мәнерлеп сырғанаушы болған. Одан бөлек, ұлттық құрамаға кірген спортшының жарыстары мен оқу-жаттығу жиындарын мемлекет қарамағына алады. Өйткені бір спортшыға қайта-қайта жарыстарға бару оңай емес”, – дейді журналист.

Сондай-ақ Ақырыс Сейтқазының айтуынша, кейінгі жылдары Михаил Шайдоров нәтиже көрсете бастаған соң оған мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, қолдау көрсетіле бастады.

“Шайдоров нәтиже көрсете бастаған кезде үкімет тарапынан шынымен де қаржы бөлінді. Бұрын Денис Тен кезінде де осындай жағдай болған. Ұмытпасам, "күш қолданылатын спорт түрлері" деген бағыт болды. Лондон Олимпиадасынан кейін нәтиже береді деген спорт түрлеріне қаржы көбірек бөлінді. Олардың қатарында бокс, таеквондо, дзюдо, ауыр атлетика бар еді. Жекелеген спортшылардан Денис Тен мен Илья Ильин ерекше қолдауға ие болды.

Яғни бір спортшы жарқ етіп шықса, мемлекет назар аударады. Мейлі, Шайдоров 2018-2026 жылдар аралығында Олимпиада чемпионы атанғанға дейін қанша басшы, қанша министр ауысты. Сол жылдары "осы бала болашақта үлкен нәтиже көрсетеді" деп тұрақты түрде қадағалап жүрген нақты бір адам болды деу қиын. Бірақ нәтиже көрсете бастаған сәттен бастап оған көңіл бөліне бастайды.

Мысалы, Михаилдың нәтижелері жақсарған тұста мемлекет бәрібір оны өз қарауына алды. Бапкерлері, соның ішінде ресейлік маман Алексей Урманов, ашық сөйлейтін адам. Егер Михаилға жағдай жасалмаса, көмек көрсетілмесе, олар мұны жасырмас еді.

Бір нәрсе анық: Олимпиадаға дайындық кезінде Михаил Шайдоровқа қолдау көрсетілді. Мәнерлеп сырғанауда шығын көп, арнайы костюм тігу, мұз айдындарын жалға алу, бапкердің жалақысы бар. Оның үстіне Михаилға жеке команда құрылды. Кейінгі уақытта ол үлкен құраммен жұмыс істеді. Массажистінің айтуынша, кейінгі бір жыл бойы Михаилмен ғана жұмыс істеп, барлық жаттығуда жанында болған.

Қорытындылай айтқанда, Михаил нәтиже көрсете бастаған соң, Олимпиада жүлдесіне үміткер ретінде оған назар аударылды. Себебі мәнерлеп сырғанау – қаржысы көп қажет ететін спорт түрі”, – дейді Ақырыс Сейтқазы.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 15:48