Дэвис кубогы: Қазақстан мен Монако матчында таразы басы теңесті

Астана қаласында Beeline Arena ұлттық теннис орталығында Дэвис кубогы Бірінші әлемдік тобы аясында Қазақстан мен Монако арасында плей-офф матчы басталды.
Ойынды Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик пен Уго Нис ашты. Бастапқы сетте Бублик қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады – 6:0. Александр екінші сетте де 2:0 есебімен алға кетті. Ақыры ойынды тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.
Кортқа екінші болып рейтингіде 87-орындағы Александр Шевченко мен әлемнің 27-ракеткасы, Монако командасының көшбасшысы Валантен Вашро шықты. Бірінші партия монаколық теннисшінің айқын басымдылығымен өтті – 6:0. Екінші сетте Шевченко 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Есесіне Вашро қатарынан бес гейм алды - 6:3.
Осылайша, қос команда арасындағы есеп теңесті – 1:1.
Қазақстан мен Монако арасындағы матч сенбі күні жалғасады. Бұл күнге үш бәсеке жоспарланған.