Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денис Тен салған сара жол Олимпиаданың алтынына ұласты

Денис ТенФото:Stan.kz collage

ХХV қысқы Италияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан 32 жылдан кейін Қазақстанның қоржынына алтын жүлде түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айтулы додада тарихи алтынды сыйлаған алматылық жігіт Михаил Шайдоров.

Қазақстандық жас мәнерлеп сырғанаушы әуелден-ақ күллі қазақтың үкілеген үміті ретінде мұз айдынына беттеген еді.

Ол қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша үздік бестіктің қатарына енген. Осыдан кейін барша қазақ елі Михаил Шайдоровтан жүлде күтті.

Ал еркін бағдарламада оның қарсыластары оңай шағылатын жаңғақ болмады.

Атап айтсақ АҚШ елінің үздігі, жарыс барысында тыйым салынған жаттығуды орындап барша жаһан назарын өзіне аударған Илия Малинин қысқа бағдарламада көш бастады.

Бұған қоса Олимпиада ойындарының 4 дүркін күміс жүлдегері Юма Кагияма және тағы бір жапондық Сюн Са То, Оңтүстік Кореялық Ча Джун Хван, француз Адам Сяо Хим Фа бар.

Дегенмен шешуші сәтте қазақстандық спортшы бар шеберлігін паш етті. Ол еркін бағдарламада нық, сенімді өнер көрсетіп, төрткүл дүниені тәнті етті.

Отандасымыздан кейін мұз айдынына шыққан кіл мықтылардың барлығы білгенінен жаңылып, кезек-кезек сүрінумен болды. 

Тіпті басты фаворит саналған Илия Малинин сәтсіз өнер көрсетті.

Осылайша Михаил Шайдоров қос бағдарлама қорытындысы бойныша 291.58 ұпай еншілеп Олимпиада чемпионы атанды.

Сонымен қатар ол тарихта үш айналым аксель+ойлер+төрт айналым сальхов секірген ең алғашқы мәнерлеп сырғанаушы атанды.

Бұл жеңістің мәні бөлек. 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола жүлде алып, Қазақстан мәнерлеп сырғанауының жаңа дәуірін бастаған еді. Сол сара жол бүгін Олимпиада алтынына ұласты.

Марқұм Денис Тен өмірінің соңына дейін Олимпиада алтынын армандады. Сол арман жолында аянбай еңбек етті, жас спортшыларға бағыт-бағдар берді. Тіпті бір кезеңде Михаил Шайдоровқа да дәріс өткізгені белгілі.

2026 жылдың 14 ақпаны – бұл күн қазақ спорты тарихына алтын әріппен қашап жазылды. Денис Тен армандаған асқақ белесті оның ізбасары бағындырды.

Италия төрінде Әнұранымыз шырқалып, Көк Туымыз көкте желбіреді.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 09:02