Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атлетикодан” ойсырай жеңілген “Барселона” төрешілерге шүйлікті

Фото:Getty images

12 ақпанда Испания Кубогының жартылай финалында “Атлетико” Мадрид өз алаңында “Барселонаны” қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Матчтың тағдыры негізінен бірінші таймда шешілді.

Матчтың 6-минутында каталониялық қорғаушы Эрик Гарсия өз қақпасына абайсызда гол соғып алды. Кейін мадридтік команданың сапынан Антуан Гризманн, Адемола Лукман және Хулиан Альварес мергендік танытып, өз командасын алға шығарды.

Екінші таймда “Барселона” қарымта соққы жасады, бірақ нәтижесіз болды. Себебі каталониялық клубтың соққан голы офсайд ретінде есептелді, бұл “Барселонаның” жағдайын одан әрі қиындатты.

Ешқандай қарсылық көрсете алмаған “Барселона” “Атлетикоға” 0:4 есебімен ойсырай жеңілді.

Матчтан кейін Эрик Гарсия төрешілердің шешімдеріне наразы екенін білдірді.

“Алты минут қарағаннан кейін де офсайд мәселесі даулы күйінде қалды. Алдымен VAR жұмыс істемеді деген ақпарат айтылды. Кейін стоп-кадрды көргенде де бәрі анық болмады. Жартылай автоматты жүйе кезінде мұндай сәттер әлдеқайда түсінікті болуы керек”, – деді қорғаушы.

Сондай-ақ ол Алехандро Бальдеге қарсы жасалған ережебұзушылыққа да тоқталып, төрешілер бізге қарсы жұмыс істеп жатыр деп ойын ашық айтты.

“Соңғы уақытта төрешілік шешімдер бізге қарсы қабылданып жатқандай. Джулианоның Бальдеге қарсы әрекеті – таза қызыл қағаз. Бірақ дәл осындай эпизодтарда шешім бізге қарсы шығарылады”, – деді Гарсия.

Айта кетейік, “Атлетико” мен “Барселона” арасындағы қарымта матч 3 наурызда “Spotify Camp Nou” стадионында өтеді.

Алайда “Барселонаға” финалға шығу үшін 4 гол қажет.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 13 Ақпан, 2026 16:53