Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада “Думан” қонақүйіндегі гимнастика залына қатысты дау: Жанжалға министрлік өкілі жауап берді

Серік Жарасбаев Фото:Primeminister.kz

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Астанадағы “Думан” қонақүйіндегі залдан гимнастарды шығару мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Серік Жарасбаевтың хабарлауынша, нысан қазіргі таңда “Отбасы банкінің” меншігіне өткен. Вице-министртің айтуынша, басқарма мен Астана әкімдігі жас спортшылар үшін ортақ шешімге келген.

"Бір күн бұрын бізде Астанада көркем гимнасттарға арналған спорт залын қамтамасыз етуге қатысты үлкен мәселе болды. Олар - "Изумруд" жекеменшік мектебі және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Біз әкімдікпен бірлесіп, бұл мәселені мұқият қарастырдық", - деп түсіндірді вице-министр.

Қазіргі таңда жаңа залды мемлекеттік спорт мектебінің (ДЮСШ №1) тәрбиеленушілері 2026 жылғы 1 маусымға дейін пайдалана алады. Бұл балаларға жаттығуларын тыныш жүргізуге мүмкіндік береді. Ал жеке мектеп “IZUMRUD” өздері басқа зал тапқан.

Вице-министр гимнастарды бірден республикалық ірі нысандарға, мысалы, “Сарыарқа” велотрегі немесе Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайы сияқты орындарға көшіру техникалық қиындықтарға байланысты мүмкін болмағанын айтты.

Себебі ғимараттардың биіктігі кемінде 12,5 метр болуы тиіс, сондай-ақ көркем гимнастикаға арналған арнайы жабдықтар мен төсеніштер жоқ.

Жарасбаев 2026 жылғы маусымнан кейін гимнастарды осы нысандарға көшіру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты. Бірақ әкімдік оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге тиісті.

Сонымен қатар, Астанада ұзақ мерзімді спорттық және көркем гимнастикаға арналған арнайы орталық салу жоспарланып отыр, бірақ бұл жоба тек инвестор табылған жағдайда іске асады.

Ата-аналар бұрын мемлекет басшылығы мен банкке ашық хат жазып, қыздарды жалғыз кәсіби залдан айыруға жол бермеуді сұраған.

Олар үш жыл бұрын команданы Тәуелсіздік сарайынан шығарып жібергенін де еске салды. “Думан” қонақ үйіндегі зал спортшыларды дайындауға арналған соңғы қолайлы орын болып қалған еді.

Ал банк хабарлауынша, басқарма мектеп өкілдерімен 2026 жылғы 26 қаңтарда кездесткен. Алайда олар  жеке зал тапқанын хабарлаған.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 16:13