Спорт министрлігі спортшылар арасында діни ағымдар таралғанына алаңдаулы
Қазақстанның спорт федерациялары спортшылар арасында діни ағымдардың таралуына алаңдаулы. Енді федерациялар экстремизм мен терроризмнің алдын алумен айналысуға міндетті болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы норма сенаторлар 27 наурызда қабылдаған "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға енгізілді. Спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спорттық ортада діни ағымдар пайда бола бастағанын мойындап, норманың маңызын айтты.
"Бұл норма осы факторлармен күресу қажеттілігіне байланысты енгізіліп отыр. Бұл ұсыныс ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып айтылды. Біз терроризмге қарсы орталықтың штаб-пәтері аясында жұмыс істеп жатырмыз және қазірдің өзінде 2027 жылға дейінгі жол картасын әзірледік", – деді ол.
Жарасбаев осы уақытқа дейін федерациялар бұл мәселемен айналыспағанын атап өтті. Енді федерациялар мұндай тәуекелдерге назар аударып, оларды анықтап, ақпаратты мемлекеттік органдарға жеткізуі керек.
Оның айтуынша, қазір жұмыс басталып кетті. Сәуір айында штаб мамандары өңірлерге шығып, жаңа талаптарды түсіндіреді.
"Сәуір айының соңы-мамырдың басында барлық федерациямен жиын өткізіп, осы ережелерді жан-жақты түсіндіреміз. Әзірше біз тек алдын алу туралы айтып отырмыз", – деп қосты вице-министр.
Жұмысты күшейту үшін экстремистік ағымдарға қарсы тәжірибесі бар теологтар тартылады.
"Мұндай үрдісті біз ғана көріп отырған жоқпыз, бұл мәселе әртүрлі деңгейде көтерілді. Жақында Бурабайдағы құрылтайда да көтерілді", – деді Жарасбаев.