Спорт министрі Мұсайбековтің "Барысқа" тағайындалуына қатысты пікір білдірді
Фото: primeminister.kz
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәжіліс кулуарында Сәкен Мұсайбековтің хоккейден "Барыс" клубының бас директоры қызметіне келуіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, Мұсайбековтың спорт саласында жұмыс істеуіне құқықтық шектеулер жоқ.
"Бұл тағайындау клубтың бақылау кеңесі тарапынан қабылданды. Министрлік ретінде біз бір жылдық мерзім белгіледік, осы уақыт аралығында нақты нәтижелер мен жұмыстың тиімділігі бағаланатын болады. Қазір хоккей саласында бірқатар мәселе бар — бұл тек "Барыс" клубына ғана емес, ұлттық құрамамызға да қатысты," — деді Мырзабосынов.
Айта кетейік, 2021 жылы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Сәкен Мұсайбековтің алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 62,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда кейінірек Мұсайбеков 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өнеріне арналған баспасөз мәслихатында өзіне қатысты соттылықтың жоқ екенін мәлімдеді.
Сәкен Мусайбеков "Барыстағы" қызметінен бөлек, Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Атқарушы комитетінде қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша вице-президент және Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының бас директоры қызметтерін атқарады.
Бұған дейін, Hermes сөмкесі үшін істі болған Сәкен Мұсайбеков "Барыс" хоккей клубының бас директоры болып тағайындалғанын хабарлаған едік.

Қазақстандық қыз күйеу жігітінен қалыңмал алып, артынша полицейге тұрмысқа шығып кеткен
