Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сіздер мүлде басқа адамдар келеді дедіңіздер": Депутат Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияның тендерге қатысуына қарсы шықты 

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек кәсіпкер, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы жаңа қойма кешенінің құрылысына инвестор ретінде қатысқанына ашуланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс

Депутат ренішін төменгі палата отырысына қатысқан сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевқа қарата айтты.

"Сіздер менің сұрағымды жақсы білесіздер. Бұл жобаның басында және соңында жер Тимур Құлыбаевтың "Кипрос" ЖШС компаниясының атына рәсімделгені белгілі болып отыр. Мен бұл туралы комиссия отырысында айттым. Бастапқы жоба бойынша 36 гектар жер "Join Technologies" серіктестігіне тіркелген.

Ал Join Technologies құрылтайшысы –  "Кипрос" ЖШС. Артынша айқай-шудан кейін сіздер оны өзгерттіңіздер. Мен бұған қуаныштымын. Бірақ, қазіргі өзгерген құжат бойынша 36 гектар жер "Қордай Даму" ЖШС-де тіркелген. Ол – "Қордай Даму" ЖШС және "Трейдинг Холдинг" ЖШС құрылтайшысы. Оның құрылтайшысы – "Mercury Property" ЖШС.

"Mercury Property" ЖШС құрылтайшысы – "Кипрос" ЖШС, ал "Кипрос" компаниясының құрылтайшысы – Тимур Асқарұлы.

Басында "Бәрі басқаша болады, басқа адамдар, өзге инвесторлар келеді" дедіңіздер. Бірақ көріп отырғанымыздай  бұрынғы инвестор сол күйінде қалып отыр. Менің айтып отырғаным бос сөз емес. Деректер eGov сайтынан алынды", – деді депутат.



Вице-министрдің жауабынан белгілі болғандай, бірнеше компаниямен алдын ала жұмыс жүргізілген.

"Сіз айтқан компания осы жобаның негізгі мәселелерін талқылауға және дайындауға көмектесті. Қазір сіз тендерлік комиссияда отырсыз. Бұл инвесторды таңдау туралы сіз айтқан мәселені тендерлік комиссияда шешуге болады. Егер күмәніңіз болса, сұрақты сол жерде көтере аласыз. Бұл мәселе конкурстық комиссияда қаралады", – деді Төребаев.

Талқылау