Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттіктер көше ойықтарын өздері жамауға кірісті

Шымкент тұрғындары көше шұңқырларын өздері жамай бастады. Бейнежазбадағы бұл көше қаладағы Қайнарбұлақ шағын ауданындағы көлік нөпірі көп орталық көше саналады. Елді мекеннің орталығы болса да, нысанның жөндеу көрмегеніне 10 жылдай уақыт болған. Тоз-тозы шыққан жолда қазір түрлі пішінде ойықтар жиілеген. 

жөндеп

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, орталықта орналасқан көше екі жолаққа өте тар. Шұңқырлар көбейген соң мұнда көліктер жиі соқтығысады екен. 

"Жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап, талай әкімнің табалдырығын тоздырып жүрміз. Орталық көше деген атауы ғана. Ешкім көшенің жөнделуіне көңіл бөлетін емес. Жуырда мұнда кісі өліміне әкеп соға жаздаған ірі жол апаты болды. Тұрғындар сол мезетте жергілікті әкімдік өкілдерін шақыртып, көшенің ақауларын тізіп берген. Шенеуінктер шақыртуымызға уақытында келді, бірақ уәде еткен олқылықтарды қалпына әлі де келтірген жоқ", – дейді қала тұрғыны Айдар Жақсылықов. 

Төзімі таусылған жергілікті азаматтар қолға құрал-саймандарын, материалдарын алып іске кірісті. Ойықтарды жамап, өз қауіпсіздіктері үшін өздеріне міндеттелмеген шаруалармен айналысуына тура келген. 

Осыған байланысты қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдеріне сұрау салған болатынбыз.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл шұңқырларды жамау жұмыстары сәуір айында басталды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Қазіргі таңда осы аудандағы бірнеше елімекендерде шұңқырларды жамау жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте "Центральная" деп аталатын осы көшедегі шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізуді  мердігер мекемеге тапсырдық. Жұмыстар тамыз айында басталады", – дейді басқарманың бөлім басшысы Нұрбол Лесов.

Бөлім басшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар Қайнарбұлақтағы жылдар бойына жөнделмей келген өзге де көшелерде де жалғасады.

Талқылау