Шымкенттік келін бау-бақшасын фотоаймаққа айналдырып, нәпақасын тауып отыр

Шымкент тұрғыны өзінің бау-бақшасын фотоаймаққа айналдырып, кәсібін дөңгелетуде. Жаздың әдемі бір күнінде ерекше кәсіпті игерген іскер әйелдің баламасы жоқ бастамасымен танысып, сұхбаттасқан болатынбыз.

Бүгінде Жансәуле Айнабаева әулеттің қара шаңырағында отырған сыйлы келін. Ата-енесін күтіп, күйеуі мен төрт перзентінің де жағдайын жасайды. Үлкен шаңырақтың бар шаруасын тындырып, жиі келетін қонақтарын да көңіліне қарап, қабағын шытпай, барын алдарына қойып күтіп алады. Көпбалалы ана өз кәсібін де осы үйдің айналысынан алыстамағынын қалайды. Қандай іс бастаса да нәтижесін көрмейінше жаны жай таппайтын ол бау-бақшасын безендіру арқылы өз бизнесін қолға алады.

- Негізінде бұл менің атамның бағы. Келін болып түскен күннен бастап бұл бау маған ыстық көрінетін. Бірақ жыл сайын жеміс ағаштарының өнімін алып, басқа уақыттарда қараусыз жатты. Осы жерді дұрыс іске пайдалануды жиі ойлайтынбыз. Бірақ жайқалып өсіп тұрған ағаштарды кесуге қимайтын едік. Ұл-қыздарымның әр қуанышында осы бауға келіп суретке түсетінбіз. Өзім қиыннан қиыстырып үйдегі декорацияларды безендіріп жүремін. Алматыға қыдырып барғанымда дүкеннен әдемі үйшікті бір көргеннен ұнатып үйге алдырдым. Әкелген кезде кішкентай қызымды әбден соның алдына суретке түсірдім. Ол фонға тек қызым емес, үйімізге келген барлық туыстарым да суретке түсуге қызығатын. Содан осы бауды сурет түсіруге арналған аймаққа айналдыруды жөн көрдім, - дейді ол.

Кәсіпкер талпынысы мен табандылығының арқасында бастаған ісі халықтың сұранысына ие болды. Адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсем көріністі өз бақшасынан көре алған ол шалғайда орналасқан үйіне арнайы келетін отбасылар көп екенін айтады. Кәсіпкердің табиғат аясындағы ерекше көрінісін көруге келген шетелдіктер де оң бағасын берген екен.

- Бұл елімізде ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерде жоқ кәсіп. Жобаның авторлық құқығы заңмен қорғалған. Паттентеп алғанмын. Ал жалпы фотоаймаққа оралсақ, бізде алты фон жасалған. Мұндағы әрбір заттың өз оқиғасы бар. Шетелден арнайы тапсырыспен алдырып безендірілген дүниелер де бар. Барлығы қолдан жасалған бұйымдар. Фотосессия жасауға келетін адамдар саны шектеулі. 6 адамға дейін кіреді. Бағасы да қымбат емес. Фотозонаны бір сағат жалға алып, өздерінің фотографтарымен қалауынша сурет немесе видеороликке түсуіне болады. Мектеп бітірушілері мен отбасылар, жас жұбайлар жиі келеді. Тіпті, жігіттер осы жерге келіп қыздарға ұсынысын жасап жатады. Негізі көбіне өзге ұлт өкілдері жаңашылдыққа жаны құмар келеді. Біздің фотоаймақты инстаграмнан көріп шетелдіктер келгенде біз үшін жаңалық болды. Австралия мен Ресей, Украина елінің азаматтары Шымкентке келгенде бізге бас сұқты. Біздің қазекеңдер жұрт мақтағанда ғана қимылдай бастайды. Алғашқы клиентіміз де өзге ұлт өкілдері болды. Әлеуметтік желі арқылы көріп, біліп жатқан клиенттер қатары көбейіп келеді, - дейді Жансәуле Мұратқызы.

Адал еңбекпен нәпақа тауып, жеке бизнесін ашып, шағын кәсібін дөңгелетіп жүрген кейіпкеріміз байлықты қол жайып көктен ғана емес, еткен еңбектен тілеу керек екенін айтады. Көпті қуантып, жұрттың қуанышына ортақтасып жүрген Жансәуле Айнабаева  жазғы демалыспен қатар келген карантинде ұл-қыздары құр қарап отырмай, қолғабыс етіп жүргенін де тілге тиек етті. 

- Қайткенде де қарекет қылсаң, маңдай теріңді сүртіп еңбек етсең, бақыт басын иеді. Менің ата-енем мен өмірлік жолдасым жақсы жандар. Үнемі қандай істі алмайын қолдау білдіріп отырады. Бұл бизнесте маңызды. Ал балаларым демалыста гүл егіп, ауланы көріктендіруге көмектесті. Карантин кезінде екі топ қабылдаймыз. Клиент келмес бұрын дайындық жүргізіп жарық-шамдарын қосып, тазалық жүргіземіз. Жоспарымыз көп, басқа да жобаларды қосу ойда бар. Қазір сұраныс бар, жаман емес, - дейді іскер әйел.


 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр