Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте мектеп инспекторы 10-сынып оқушысының басынан телефонмен ұрған: Қыз ауруханаға түсті

Шымкентте мектеп инспекторы 10-сыныпта оқитын қыз баланың басынан телефонмен бірнеше мәрте ұрған. Баланың миы шайқалып, жабық бас сүйек жарақатын алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Қатты жарақат алған оқушы ауруханаға түсіп, жансақтау бөлімінен бірақ шыққан.

Шымкент тұрғыны Бақытгүл Қожахметова баласын ұрған инспектор жазасыз қала ма деп қорқады. Ересек қызын мектепте басқа емес, инспектордың ұрғаны ақылға сыймайды дейді. Айтуынша, полиция өкілі қызын телефонмен басынан бірнеше рет ұрған. Соққы ауыр болғаны сонша, ауруханада жатып ем алып шықты деп отыр.  

“Басына зақым келген, диагнозы осындай. Невропатолог таппай, сол үшін жедел жәрдеммен ауруханаға барғанбыз. Ауруханада емделіп жүрген кезде талып қалып реанимацияда жатып шықты. Қазіргі күйі сол құсады, тамақ ішеді құсады”, – дейді жәбірленушінің анасы Бақытгүл Қожахметова. 

Анасы баласының осы оқиғадан соң қорқып қалғанын айтады. Болған жайтты оқушының өзі былай түсіндірді. Мектеп инспекторы сөмкесін ақтарған, кітаптарының арасынан темекі қорабын алып шыққан. Осыдан кейінгі жағдай оның кабинетінде өрбіпті.

“Инспектордың кабинетіне кіріп амандастым да, темекі менікі емес деп айттым. Ол енді кімдікі деп ұрса бастады. Телефонымды тексерді, паролін ашып бер деді. Мен ашып бердім. Ішінде анам екеуміздің хатымызды оқыды. Телефонымды алып басымнан ұрды”, – дейді жәбірленуші Бұлбұл Әбдіхалықова. 

Мектеп инспекторы осы оқиғадан соң демалыс алып кетіпті. Мұны мектеп әкімшілігі айтты. Басы дауға қалған инспектормен тілдесіп, жағдайды білгіміз келген еді, бірақ ол жауап беруден бас тартты.

Жергілікті полиция департаментінің капитаны Әлия Атамбаева бұл оқиғаға қатысты жауап бере алмайтынын айтты.

“Ұрып-соқты дегенге мен жауап бере алмаймын. Өйткені өрескел нәрсе болар менің жағымнан. Ол үшін лауазымды қызметкерлер жауап береді”. – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Роза Амалбекова.

Құқық қорғаушы мектеп инспекторының ұрғаны дәлелденсе, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін дейді.

“Кәмелет жасқа толмаған азаматты оның заңды өкілінсіз немесе психологты тартпай, әңгіме жүргізуге құқылары жоқ. Инспектордың кінәлі екені дәлелденген жағдайда ол кісіге қылмыстық іс қозғалатыны сөзсіз”, – дейді қорғаушы Айдос Тұяқпаев.

Ұлттық денсаулық сақтау орталығының 2018 жылғы статистикасына сенсек, ел ішінде балалардың 66 %-ы мектепте зорлық-зомбылық пен шеттетуге ұшыраған. Тағы 24 %-ы басқаларына әлімжеттік көрсеткен.

Талқылау