Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте бала кіреберістің терезесінен құлап, көз жұмды

Шымкентте бес қабатты үйдің кіреберісінде жүрген төрт жасар бара терезеден құлап, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қаланың төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға Абай ауданы Гагарин көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйде болған. 30 қазан күні түнгі сағат 23.18-де төрт жасар баланың төртінші қабаттан құлағаны туралы хабар түскен.

"Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің мамандары барып, 2017 жылғы ұл бала ата-анасының қарауынсыз қалып, баспалдақ аралығындағы терезеден құлағанын анықтады. Оны ауыр халде ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай бала көз жұмды", - дейді құтқарушылар.

Осы орайда департамент қызметкерлері ата-аналарға ескерту жасап, балаларды терезесі ашық бөлмелерде және балкондарда қараусыз қалдырмау қажеттігін тағы бір мәрте еске салды. Үйде болмасаңыз, терезені бала өздігінен аша алмайтындай құлыптап кету керек. Сондай-ақ балаларға ашық терезелерге жақындауға және терезенің жанында ойнауға болмайтынын үнемі айтып отырған жөн.

Шымкент қаласында жыл басынан бері 7 бала терезеден құлап кеткен. Үшеуі жарақат алса, төрт бала көз жұмды.

Талқылау