Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте "адам ағзаларын заңсыз ауыстырды" деген айыппен сотты болған дәрігердің басы тағы да дауға қалды

Шымкент қалалық ауруханасының қызметкеріне зіркілдеп сөйлеген азамат үшін дәрігердің басы дауға қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Бұған дейін "адам ағзасын заңсыз алды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" және "жалған құжат пайдаланды" деп айыпталып, бір жылдай қамауда отырып, кейін ақталған Шымкент қалалық 1-ші клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбайдың басы тағы да дауға қалды.

Аталмыш аурухана қызметкеріне дөрекі сөйлеп, талдау қорытындысын тез бермесең "көресіні көрсетемін" деп зіркілдеп тұрған азамат өзін бас дәрігердің туысымын деп таныстырған.

Бас дәрігердің туысымын деген келуші аурухана қызметкеріне "екі минутта сараптама қорытындысын бермесең, сазайыңды тартасың" деп қорқыта сөйлейді. Тіпті ашуға булыққан азамат маманға сыртқа шық деп бұйырып тұр. Ал Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы жазбаға сай, қызметтік тексеру басталғанын айтты. Дегенмен бас дәрігердің өзі шу шығарған азаматты танымаймын деп отыр.

“Видеода бейнеленген азаматтың сізге қатысы бар ма? Танисыз ба?” деген сұраққа Абылай Донбай: “Мен танымаймын. Ешкімді танымаймын ол жерде. Тіпті түсірген адамды, кім жазғанды да ешқайсысын танымаймын”, –дейді . 

Талқылау