"Шаяхметова, Балаева, Бахмутова": Forbes Kazakhstan ең ықпалды әйелдер тізімін жаңартты
Фото: gov.kz
басылымы 2025 жылдың ең ықпалды әйелдерінің кезекті рейтингін жариялады. Тізімде Светлана Жақыпова, Аида Балаева, Динара Зәкиева, Гүлнара Бажкенова сынды есімдер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жолы саясат саласында алғашқы ондыққа Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова енді. Ол 6-орында.
Сондай-ақ тізімде Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Салтанат Томпиева бар. Ол 23-орынға ие болды.
Қаржы саласында рейтингке жаңа есім ретінде Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова кіріп, 16-орыннан көрінді.
Ал бизнес саласында биыл ең көп жаңа есім тіркелді. Атап айтқанда:
- Гаухар Қаппарова – Lancaster Group акционері (13-орын),
- Жанна Кан – Zhanna Kan Group компаниясының негізін қалаушы және иесі (22-орын),
- Шынар Бүгімбаева – “Qaganat” қоғамдық тамақтану желісінің негізін қалаушысы және бас директоры (25-орын).
"Ғылым және мәдениет" саласында тізімге Aubakirova School авторлық мектебінің негізін қалаушысы әрі көркемдік жетекшісі Жәния Әубәкірова енді. (22-орын). Ал "Құқық қорғау" саласындағы жаңа есім – ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева болды. Ол 17-орында.
Тізімнің көшбасындағы орнын "Қазақстан Халық Банкі" АҚ басқарма төрайымы әрі директорлар кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова сақтап қалды. Сондай-ақ тізімде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова бар. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева рейтингте үшінші орынға көтерілді.
БАҚ саласының жалғыз өкілі, Orda.kz басылымының бас редакторы әрі тең иесі Гүлнара Бажкенова 11-орында.
Forbes Woman әдістемесіне сәйкес, рейтингтің лонг-листі елдегі экономика, саясат және азаматтық қоғам салаларында танымал әрі ықпалды 120-дан астам әйелді қамтыған.
Алдын ала талдаудан кейін зерттеу тобы 45 қатысушыны іріктеп алған.
Бұл рейтинг екінші рет жарияланып отыр. Алғаш рет ол 2024 жылы құрылған болатын.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
