Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шапанымды шешіп бердім": Өнер иелері марқұм Ақжол Мейірбеков туралы естеліктерімен бөлісті

Күні кеше ғана дүниеден өткен әнші, музыкант, “Дос-Мұқасан” ансамблінің солисі Ақжол Мейірбеков туралы әріптестері естелік жазба жариялап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Өнер қырандары” театрының әртісі, актер Мадияр Серікбаев, әншіге үстіндегі шапанын шешіп бергені туралы айтты.

“Енді бұл күн естелік болып қалды. Ақжол ағамның Алла алдынан жарылқап, иманы жолдас болсын! Ағайын туғаны мен отбасына қайғыра көңіл айтамыз”, – деп жазды актер. 

Сондай-ақ жазба астына видео жариялап, ол жерде марқұм өнер иесі актердың шапанына қызыққаны айтылған. 

“Ағамыз шапанымды ұнатып қалды. Қазір иығына жауып кетейін деп тұрмын”, – дейді актер. Мұны көрген Ақжол Мейірбеков қатты таңданып, алмаймын деп азар да безер болады. “Әшейін үйдің ішіне, есік алдына киіп жүресіз. Жағасы тігілген. Тоңдырмайтын мата”, – деп иығына жабады. Өнер иесі де бұрын-соңды мұндай шығыс стилінде шапан көрмегенін айтады.

Актер інісінің жомарттығына риза болып, бата береді. 

Желі қолданушыларының бірі актердің бұл әрекетін “жаман бергенін салады” деп жатса, екінші тарап “тарихи сәт, ол күн енді қайтып келмейді”, деп әдемі естелікке балап жатыр. 

  Сонымен қатар бір топ өнер иелері әнші Ақжол Мейірбеков туралы естеліктерін айтып жатыр. Ерлан Көкеев те әнші туралы айтты.

“Ақжол ағамен өте жылы, отбасылық қарым-қатынаста болдым. Бір жағынан
әріптес, аға, әрі ұстаз болса, екінші жағынан құда болып келеміз. Одан кейін ортаншы қызымның кіндік әкесі. Талантты, қайырымды адамдардың ерте кеткені қандай өкінішті. Сіздердің ыстық ықыластарыңыз бен қамқорлықтарыңызды сағынамыз. Сүйікті, ардақты ағамыз жаныңыз жанатта болсын. Бұл Қазақстанның музыкалық мәдениеті үшін, "Дос Мұқасан" тобы үшін орны толмас қаза. Отбасы мен достарына, Шарипа тәте  мен қызы Луизаға шын көңілмен көңіл айтамыз”, – деп жазды. 

Қазақстанның халық әртісі, Мақпал Жүнісова соңғы рет марқұм әншінің шаңырағында болып, ән айтқан.

“Ақжол Мейірбеков ағаның шаңырағындағы соңғы кездесу деп кім ойлаған. Иә, бәріміз де бұл өмірде қонақпыз, қашан көрсең жайдарлы, қалжыңы да ерекше жан еді. Қазақ әншісі ретінде де өз тыңдармандарын алғысын алды. Үш жылдан бері құдалар боп талай бас қосып сыйластығымыз жарасымды еді. Отбасыңызға үлгі, Шарипа жеңгемізге адал болдыңыз. Немере мен шөбере сүйдіңіз. Үй салып,ағаш ектіңіз, артыңызда қалған жарыңызға, ұрпағыңызға ғұмыр берсін! Иманыңыз саламат болсын! Барар жеріңіз жұмақтан болсын!”, – деп жазды әнші. 

Әнші Сәкен Майғазиев те әншінің жақындарына көңіл айтып, жерлеу рәсіміне қатысып, соңғы сапарға шығарып салған.

“Ағамыз Раббысына қайтты. Мейірімі күшті Алла тағала Фердоуси жәннәтін нәсіп етсін! Өте жақсы адам еді. Ақтық сапарға шығарып салдық”, – деп жазды. 

Ал Мейрамбек Беспаев марқұм әншінің ақжарма тілегінің аудиосын салды. 

“Қазақ эстрадасының негізін қалаған, қашан көрсеңде маңайына күлкі сыйлап, нұрын шашып жүретін Ақжол ағамызда мәңгілік мекеніне аттанды. Сіздің жарқын бейнеңіз, жадырап жүретін жүзіңіз жүректің төрінде жылы естелік ретінде сақталып қалатын болды. Жаныңыз жаннатта болсын. Қош болыңыз жақсы аға”, – деп жазды. 

Еске салайық, әнші, музыкант, “Дос-Мұқасан” ансамблінің солисті Ақжол Мейірбеков дүниеден өткенін жазған болатынбыз. 

 

Талқылау