Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шалыс кетсем, бірге құлауымыз мүмкін еді": Тараздық полицейлер биіктіктен секіріп өлмекші болған қызды қалай құтқарып алғандарын айтты

Жамбыл облысында қос полиция қызметкерлері құрылыс кранынан секіріп өлмек болған бойжеткенді құтқарып қалды. Бұл әрекеттерін ерлік деп санамаймыз деген олар Stan.kz тілшісіне оқиға жайлы айтып берді. 

полиция

Полиция қызметкерлері Айбол Хамит және Ернұр Асанов

Полиция мәліметінше, 9 қыркүйекте түнгі 22:00 шамасында Жамбыл облысының полиция басқармасының кезекші бөліміне Тараз қаласындағы 15 шағынауданның аумағында белгісіз тұлғаның биік құрылыс кранынан секіруге бекінгені жайлы хабар келіп түскен. Оқиға орнына қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Айбол Хамит пен Ернұр Асанов бірден жеткен. 

Аға лейтенант Ернұр Асанов 2011 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келетінін айтады. Сөзінше, ол 2017 жылы жұмыс бабымен Тараз қаласына ауысқан. Сол түнгі оқиғаны еске алған ол крандағы қызды сабырлыққа шақырып тырысып баққандарын сөз етті. 

“Түнгі аусымдағы жұмысымызға шыққанбыз. Қыркүйектің 19 күні сағат түнгі 22:00де Орталық кезекшіден 15 шағынаудандағы 11 үйдің артында орналасқан, құрылыс кранынан белгісіз тұлғаның секірмек болып жатқандығы хабарланды. Аталған мекенжайға шұғыл түрде жеттік. Кранның үстіндегі қыз баласы екенін байқадық. Ол кісіні барынша сабырға шақырдық. Суицид жасауға болмайтындығын және ертелі кеш өкінетіндігін айттым. Бірақ қыз өзінің жылауын тоқтатар емес. Сұхбаттан нәтиже болмайтындығын түсініп, Орталық кезекшіге ТЖМ қызметкерлері мен жедел-жәрдем көлігін шұғыл түрде жіберулерін хабарлағанбыз. Ендігі бар ойымыз құтқару қызметі келгенше, азаматшаны әңгімеге тартып алдандыру керек болды”, – дейді тәртіп сақшысы.

Дегенмен, өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді ақылға шақыру мүмкін болмапты. 

“Қанша сабырға шақырсақта, ол өзінің өмір сүргісі келмейтіндігін айтуда. Осы кезде аяғы тайып, жерге құлауға шақ қалды. Өзі айқайлап көмек сұрай бастады. ТЖМ қызметкерлері келгенше, өз күшімен тұра алмайтындығы анық еді. Осы кезде әріптесіммен шұғыл түрде шешім қабылдап, Айбол қызды құтқару үшін құрылыс кранына шықты”, – дейді Ернұр Асанов. 

“Мен оған жеткенше, барлық күшімен кранды ұстап тұруын өтіндім. Қызға жетіп жерге түсіруге бірнеше рет талпыныс жасадым. Бірақ қатты биік болған соң, бізге қиын болды. Қараңғы да бір шалыс кетсем, қызбен бірге құлауымыз әбден мүмкін еді. Қыз өзі секіргісі келетіндігін айта берді. Қатты жылап, мұрнынан қан кетіп жоғарыда талып қалды. Осы кезде қызды қатты құшақтап, темірмен бірге ұстап тұрудан басқа амалым қалмады. Қарбаласып жатқан сәтте құтқару қызметінен әріптестеріміз жетіп, екеумізді де құрылыс кранынан алып түсті”, – дейді Айбол Хамит.

Айбол Хамиттің бұл қызметте жүргеніне бес жылдан асыпты. Полиция қызметкері болу, біз үшін абыройлы міндет деген ол өз туыстары мен достарының алдында мақтанышпен жүретінін айтып қалды. Оның сөзінше, құтқарылғандардың кейбірі кешірім сұрап, өз әрекеттеріне өкінетін көрінеді. 

“Арасынан кейбір азаматтарымыз өз өкініштерін білдіріп жатады. Алайда біз үшін маңыздысы шынайы қателігін түсіну, болашақта мұндай жағдайларға бармауы. Қауіп-қатерге өмірімізді тігіп, адамдарды өмірін аман алып қалу – бұл біздің жауынгерлік міндетіміз. Өзіміздің қызметіміз осындай”, – дейді ол. 

Тәртіп сақшылары құтқарылған қызбен бірден профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етеді. Психолог қызметкерлерімен арнайы әңгімелесу ұйымдастырылған. Енді ол қазіргі кезде аймақтағы учаскелік полиция инспекторының жіті қадағалауында болатыны айтылды.

“Бұны әрбір азаматқа тән қасиет деп білемін. Біз болмасақ та қоғамымыздағы басқа ер-азаматтар өздерінің көмек қолын созатын еді. Қандай ерлік болса да, бұл біздің күнделікті қызмет.

Басшылық жеке құрамның алдында арнайы алғысын айтты. Әріптестерімізбен бірге жақсы пікірлерін білдірді. Осы азаматшаның туыстары келіп рақметтерін айтып, бізді мақтан тұтатындарын жеткізді”, – дейді аға лейтенант Айбол Хамит. 

Бұған қоса, қос полицей келешекте ұлдары ішкі істер органдарындарында жұмыс істеуді шешсе, қарсы болмайтындарын айтып қалды

“Егер ұлым өз қалауымен ішкі істер саласын таңдаса, ешқандай қарсылығым жоқ. Өзі кішкентайынан армандайтын болса, қызығушылық танытса қарсылық білдірмеймін. Баланың жеке таңдауына қарсы шығуымыз дұрыс емес”, – деп қосты Айбол Хамит.

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі Сарыпбек

Талқылау