Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шахтинск қаласында мектеп директорының орынбасары оқушыларды "ақымақ маймылдар" деп атаған

Шахтинск қаласындағы №6 орта мектеп директорының орынбасары балаларды “ақымақ маймыл” деп атады. Оқушылар мұғалімнің қорлаған сөзін диктофонға жазып алып, әлеуметтік желілерге таратып жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аудиожазбада мектеп директорының орынбасары оқушыларынан мектеп дәлізінде тек бетперде киіп жүруді талап етеді және карантин режимін бұзған балалардың ата-аналарына айыппұл саламыз деп қорқытқан сөздері жазылып қалған. 

"Егер мен сіздердің біреуіңіздің дәлізде маскасыз жүргендеріңізді көретін болсам, ата-аналарыңызды алдыма келсін деп шақырамын, айыппұл жазып беремін. Осындай ақымақ маймылдардың кесірінен бүкіл мектеп карантинге кетеді. Екі сынып карантинде. Мен мына сіздер сияқты маймылдарға масканың не екенін, дәлізде неліктен бетпердеде жүру керек екенін түсіндіруге міндеттімін. Ал түсінбесеңіздер ата-аналарыңыз “ақымақ” деген анықтама алып келсін", – дейді мұғалім жазбада. 



Бұл жазба ата-аналардың қарсылығын тудырды. Оқушылардың ата-аналары білім бөліміне шағымданып, жазбаны жергілікті әкімдіктің Telegram чатына жіберген. 

Шахтинск қаласының білім бөлімі мән-жайды түсіндірді. Департамент ертең әдеп жөніндегі кеңестің отырысы болатынын, онда бұл мәселені қарайтынын айтты.

"Сонымен қатар Қарағанды ​​облысының білім басқармасы Шахтинск қаласының білім бөлімі мұғалімнің мінез-құлқына құқықтық баға беретінін хабарлаймыз", – деп толықтырды департамент.

Талқылау