"Сотталушыдан неге ұрдың деп сұрамайсыз": Үш адамның өліміне әкелген автобус апатына қатысты сотта жүргізуші жәбірленушіге ренішін білдірді
Алматыда былтыр 3 адамның өліміне әкелген автобус апатына қатысты сот отырысы Жоғарғы соттың YouTube арнасындағы тікелей эфирде жалғасып жатыр. Сот барысында жол-көлік оқиғасы туралы сотталушы Дархан Ахметжанов пен автобус жүргізушісі Шүкебаеваның беттестіру хаттамасы оқылды. Сот отырысы мемлекеттік тіл – қазақ тілінде өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Жоғарғы сот отырысынан скриншол жасалған
Сот отырысында көлік апаты салдарынан қаза тапқан марқұмның әйелі Айнұр Құсайынова автобус жүргізушісі Шүкебаеваға сұрақ қойды.
"Оның телефоны неге сіздің қолыңызда тұрды? Камерадан көрініп тұр... Алдыңғы отырыста сіз болмапсыз, жарайды. Бірақ біз сол күнгі сот отырысында камерадағы жазбаны көрдік. Ахметжановтың телефоны сіздің қолыңызда тұрды. Есікті аштыңыз, бір бала кірді, сіз қайта жауып алдыңыз. Телефон неге сіздің қолыңызда тұрды.
Неге телефонын қайтап бермейсіз? Ол сол үшін шыға алмады ғой...
- Ол маған шығамын деген жоқ.
- Сол үшін телефонын бермедіңіз бе?
- Тоқтаңызшы мен жауап берейін, Айнұр ханым. Ол уақыт қыс еді. Суық бірден бізге қарай соғады. Есікті бірден ашамыз, жабамыз.
- Бірақ сіз біліп келе жатырсыз ғой, оның "Три7-дан" түсетінін.
- Маған бұлай айтқан жоқ дедім. Сіз ол жерде болған жоқсыз. Бұл кісіге бірақ сұрақ қойсам бола ма?!
- Маған сұрақ қоятын кім бұл? (кекете күліп жіберді)
- Үш адамның өліміне себеп болған автобус апаты: Қазақстанда тағы бір сот отырысы тікелей эфирде өтеді
Судья Шүкебаеваның жәбірленушінің әйеліне сұрақ қою туралы өтінішіне рұқсатын берді.
"Айнұр ханым, сізге сұрақ қойсам бола ма? Міне, іс басталғалы бері, 6-сот отырысы өтті. 6 соттың ішінде сіз сұрақтың бәрін маған қоя бересіз. Тікелей. "100 теңге үшін" деп, бірталай сұрақ қойдыңыз. Осы уақыт ішінде Ахметжановқа не себепті сұрақ қоймадыңыз? Неге ұрдың деп сұрамадыңыз? Осы істің бәрі сол кісінің кесірінен болғаны туралы неге қоймадыңыз? Сол сұрақ, міне, қанша айдан бері мені мазалап жүр, мына жерімде тұр әлі... Уақыт өтіп жатыр", – деді Шүкебаева.
Артынша Айнұр Құсайынова әйелге дүрсе қоя беріп, айғайға салды.
"Сұрағыңа шын жауап берейін. Біріншіден, жүргізуші – сенсің. Сол автобусқа жауап беретін де сенсің. Екіншіден, сен мына жағдайды ұшықтырмау керек едің. Түсінесің бе? Сен осы жағдайды тудырғаның үшін 3 адам көз жұмды. Түсінесің бе? Сенің "100 теңгең үшін" 7 бала жетім қалды. Ахметжановты мұндай жағдайға алып келмегенде, сені ұрмас еді. Ешкім, ешкімді жайдан-жай барып ұрмайды. Не, мына жерде қарым-қатынасымызды анықтап жатыр ма?!" – деді марқұмның әйелі Айнұр Құсайынова.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 3 адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Полиция мәліметінше, 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрған, жүргізуші есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Полиция автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғаған еді. Бұған дейін автобус апатына кінәлі сотталушы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан.