Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Салтанаттың тұрмыста бастан кешкені үшін": Адвокат Бишімбаевқа не себепті жаңа айып тағылғанын айтты

Адвокат Жанна Уразбахова Facebook-тегі парақшасында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша тағы деректер табылғанын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректерді ақпарат құралдарынан көріп, естіп жүрсіздер. Себебі айыпталушыға қатысты сұрақ пен күдік өте көп.  Бүгінде біз іс материалдарымен танысып, жұмыс істеп жатырмыз. Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді", – деді Жанна Уразбахова желідегі жазбасында.

“110-бап ("Азаптау") – ұдайы ұрып-соғу, өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикаға зақым келтіру, денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіру. Марқұм Салтанат Нүкенованың тұрмыста болғанда зорлық-зомбылықты бастан кешуі , туыстары мен жақындарының айтқандары, сараптама қорытындылары тағы бір айыпты тағайындауға негіз болды”, – деді адвокат.

"Гастро-орталық" директоры болған Қ.Бишімбаевтың інісіне қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің 432-бабы (Қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша жүргізілді.

Екі бап бойынша да жаза мерзімі 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 



Айта кетейік, күдіктінің бауырына қатысты дәйектер және кісі өлтіру фактісі бойынша негізделген іс бірге қаралады.

"Көптеген журналист бұл іске түсініктеме беруді жиі сұрайды. Алайда, қазір біз іспен танысып жатырмыз. Сонымен қатар жаңа мәліметтер анықталмады. Айтбек Амангелді екеуміз бұл мәселеге бүкіл ел алаңдайтынын түсінеміз. Сондықтан маңызды мәліметтерді уақытында жеткізуге тырысамыз. Әрдайым жедел хабарлаймыз деп те айта алмаймын. Біз тергеу басталғаннан бері журналистерге, блогерлерге және барлық бейжай қалдырмаған адамға алғысымызды білдіргіміз келеді. Олар өздерінің қолдау-тілектерін жеткізіп, биліктің бұл қорқынышты қылмысты аяқсыз қалдырмау керек екенін туралы жиі айтады. Біз жынысына қарамастан барлық адамның құқығы мен мүддесі сақталатын қауіпсіз және құқықтық мемлекет құра аламыз деп сенемін", – деді Жанна Уразбахова.

Еске сала кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Сонымен бірге өз әйелін өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу аяқталғаны және Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылғаны туралы жазған едік.

Талқылау