Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәбидің даму күнтізбесі: бала туғаннан 1 жасқа дейін ай сайын не үйренеді

Балалар шынымен де жылдам өседі. Кеше ғана нәрестені перзентханадан шығарған кезде, бүгінгі күні үйде бір жасар кішкентай адам жүгіріп жүреді деп ешкім ойламайды. Әрине, кез-келген анада бала дұрыс дамып жатыр ма, ол қажетті дағдыларды уақытында игеріп келе ме деген алаңдаушылықтар болады. Соған орай Stan.kz баланың туғаннан бір жылға дейінгі уақытта ай сайын не үйренетіні жайлы сәбидің даму күнтізбесін ұсынады.

Сәбидің даму күнтізбесі: бала туғаннан 1 жасқа дейін ай сайын не үйренеді

Айлар бойы баланың дамуын қадағалап, және оны педиатр, невролог, психологтардың ұсыныстарымен тексеріп отырсаңыз, ештеңені жіберіп алмайсыз және мүмкін ауытқуларды уақытында анықтап, түзете аласыз.

Сәбидің өсу сәттерін есіңізде сақтап қалу үшін баланың дамуын айлар бойынша 1 жылға дейін сипаттап отыратын арнайы блокнот бастаңыз.
Белгілі бір дағдының пайда болу уақытын көрсететін кесте сіз үшін ғана емес, сондай-ақ өсіп келе жатқан балаңыз үшін де болашақта қызықты болады.

Бірінші ай

Жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы айын бейімделу кезеңі деп те атайды. Бала әдеттегі ортадан, яғни ананың жылы жатырынан тыс жерде өмір сүруді үйренеді. Осы уақытта, сәби:

  • Көп ұйықтайды, тәулігіне шамамен 20 сағат ұйықтайтын болады.
  • Көп тамақтанады.

Бұл кезде ата-ана – балаға қолайлы жағдай жасауы керек. Қатты ыстықтап, суықтап қалмауы тиіс және нәрестені уақытында тамақтандырып, жаялығын да уақытымын ауыстырып тұру қажет.
Әрине, сәбиді қолда көтеріп, онымен сөйлесіп, ән айтып, махаббатқа бөлеу өте маңызды. 

Бір айға қарай, бала ашық түсті ойыншықтарға назар аударып, оларды көзімен және басын айналдыра қадағалай алады. Ал нәрестелер көретін алғашқы түс – қызыл болмақ. 

Ескерту! Бұл кезде мынадай жаттығу өте пайдалы болады: Ашық, қызыл түсті ойыншықты алып баланың бетінен 30 см қашықтықта ұстап, солдан оңға, төменнен жоғарыға қарай жүргізіңіз. Сол кезде бала ойыншықтың қозғалысын қадағалай алады.

Бір ай толғанда бала басын дыбыстарға қарай бұра бастайды. Мұны баланың сол және оң жағына сылдырмақты салдырлатып тексеріп көрсеңіз болады.

Бала бір айлығында төртінші айға толығымен жоқ болып кететін нәрестенің кейбір туа біткен рефлекстерін сақтайды:

  • ему рефлексі (аузына түскен заттарды соруы мүмкін);
  • жүзу (егер сәбиді ішімен суға жатқызса, бала  жүзіп жүргендей қозғалыстар жасайды);
  • жармасу (егер алақанына қол тигізсе, онда бала жұдырығымен қысып алады);
  • іздеу рефлексі (егер бетін ұстаса, анасының көкірегін іздейді);
  • рефлекстік қадамдар (баланы қолынан ұстап тұрып, аяғымен жерге қойса, ол жүргісі келетіндей әрекет жасауы мүмкін.

Егер баланы ішімен жатқызса, ол басын шамалы көтеруге тырысады. Осы арқылы ол мойнын, арқасын және иығын жаттықтырады.

Жалпы, физикалық тұрғыда дамыған балалар бір айлығында басын ұстай алады.

Екінші ай

Бала дамуының екінші айы кейде «тірілу айы» деп аталады. Бұл кезде сәби көп ұйықтамайды және 50 минут бойы сергек жүре алады.

Бала екі айға толарда оның көру қабілеті мен естуі жақсарады. Сондай-ақ, нәресте 30 сантиметрден жарты метрге дейінгі заттарға қарай алады. Сәби шамамен 15 минут заттарға немесе басқа да ойыншықтарға қарап тұра алады.

  • Екі айлық кезде балалар басын көтеріп, біраз уақыт тік ұстап тұратын болады.
  • Кейбір нәрестелер бір жағымен арқаға қарай аунауды біле бастайды.
  • Бала өзінің қолына қарап, зерттейді. Ол жұдырығын аузына апарып, соруы мүмкін.
  • Нәрестелік рефлекстер бұрынғыдай сақталады, бірақ аздап жоғала бастайды.
  • Эмоционалдық сала да дами бастайды. Екі айда «тірілу кешені» қалыптасады. Бұл дағды баланың даму кестесінде ерекше орынға ие болады. Себебі, бұл жүйке жүйесінің қалыпты жұмысын растайтын бір жасқа дейінгі маңызды кезеңдердің бірі.
  • Екі ай толғанда бала ата-анасын танып-біліп, оларды көрсе қуанады. Ал сіз төсекке еңкейсеңіз, сәби аяғы мен қолын жылдам қозғап, тыпырши бастайды.
  • Екінші айында балаңыз сізге өзінің алғашқы саналы күлкісін сыйлайды. Егер ол әлі күлімдемесе, алаңдаудың қажеті жоқ. Демек, бұл қуанышты сәт сәл кейінірек болады дегенді білдіреді.
  • Екі ай толғанда бала былдырлай бастайды. Әндеткен дауысты дыбыстарды шығарады, кейде тіпті «агу», «ага», «абу» деп былдырайды. Ал балаларға өздерінің былдырлап сөйлегені ұнайды. Олар оны қуана тыңдайды. 

Сондықтан, баламен жиірек сөйлесіп, оған ән айтуыңыз керек, сонда сәбиіңіздің де сізбен бірге әндеткенін көресіз!

Үшінші ай

Бір айдың ішінде сіздің балаңыздың физикалық, психикалық, эмоционалдық дағдылары жетіле береді.

  • Бала басын күннен күнге жақсы ұстайтын болады;
  • Сәби ішімен жатқанқа білегін тіреп көтеріліп, жан-жағына қарай алады;
  • Бала үшінші айына қарай жұдырығын жазып, қолына сылдырмағын алып, қызығушылық тудырған заттарға созыла бастайды;
  • Балалар қолына қарап, зерттеуін жалғастырады; айдың соңына дейін ең белсенді балалар аяғын тануға көшеді;
  • Бала қолына алған барлық затты аузына салатын болады;

Себебі, ауыз қуысының шырышты қабығы және тіл саусаққа қарағанда әлдеқайда сезімтал болады. Сол себептен, балалар айналасындағы заттарды ауыздың көмегімен зерттейді.

Бала дамуының үшінші айы эмоциялық спектрдің кеңеюімен сипатталады.

  • Кейбір балалар күлуді білсе, басқалары енді күлімдей бастайды;
  • Бала жақын адамдарының бет-әлпетіне мұқият қарап, көңіл-күйін біліп, олардың бет қимылына еліктей алады;
  • Баланың тілі дами береді. Оларға ұзақ былдырлап отырған ұнай бастайды. 

Төртінші ай

Бала дамуының төртінші айында сәби физиологиялық және психологиялық тұрғыда тез өзгереді:

  • Төрт айлығында бала басын нық ұстайды. Баланы қолға ұстағанда да, ішімен жатқызғанда да ол басын бұрып, заттарға қарай алады;
  • Бала ішімен жатып, шынтағын тіреп көтеріле алады. Ал кейбір балалар қолын тірейді.
  • Үш айдан төрт айға дейін бала өз бетімен аунайды. Белсенді балалар төрт айлығында бөлмеден бөлмеге домалап барады немесе тіпті жер бауырлап қозғалады.
  • Төртінші ай – заттарды саналы түрде тани бастайды. Бала сылдырмақты өзі алып, онымен ойнай алады;
  • Бала жақындарын жақсы ажырата алады;
  • Бұл кезеңде анасынан бөлек қалу қорқынышы басым болады, сондықтан бала оны бір секундқа да жібергісі келмей, бірден жылай бастайды. Сондықтан оған көбірек көңіл бөліңіз, және бұл кезең де жақын арада өтіп кетеді;
  • Төрт айында баланың сүйікті ойыншықтары пайда болады және ол айнадағы көрінісіне қызығушылық танытып, әртүрлі дыбыстарды мұқият тыңдауы мүмкін.

Бесінші ай

Өмірінің бесінші айында бала физикалық дағдыларды тереңдетеді:

  • әр түрлі бағытқа сенімді аунай алады;
  • ішімен жатып, шынтағымен немесе алақанымен тіреліп көтеріледі;
  • бір қолын тіреп, санымен жартылай жатып, отыруға дайындалып жатқандай позада болады.
  • қызығушылық тудырған заттарға жетуге тырысады;
  • қолтығынан ұстаса тұра алады;
  • табанын ұстап, аузына қарай тартып, жалауы мүмкін.

Бала дамуының бесінші айында сәбиде маңызды әлеуметтік дағдылар байқала бастайды: ол жақындарын басқалардан бөле бастайды. Бала ата-анасының қолында қуана-қуана отырады, бірақ оған басқа адам жақындаса немесе оны көтеруге тырысса, бүртию немесе тіпті жылауы мүмкін.

5 айында бала әртүрлі заттармен ойнай алады. Ол заттарды қолға алып, лақтырып, ұрып, аузына да салады. Сондай-ақ, бес айында баланы суреттері бар кітаптар қызықтыруы мүмкін. Әсіресе, олар бет әлпеттері әртүрлі адамдардың суретіне қарағанды жақсы көреді. Түрлі-түсті журналдарға қызығады.

Сондықтан, оған суретте бейнеленген нәрсенің не екенін айтып, қарапайым өлеңдер оқып беріңіз. Осылайша, баланың сөйлеуін дамытуға да үлес қоса аласыз.

Осы жаста балаға «ана, әке» секілді қарапайым сөздерді үйретуге болады. Кейбір айлық балалар осы сөздерді қайтауы мүмкін.

5 айлығында балалар барлық жерде қуанышын күлімдеу арқылы білдіреді. Ол жарқынырақ күліп, ренжігенін де білдіре алады. Яғни, эмоциялардың барлық түрін игеруді жалғастырады. Егер оған ересектердің өзіне назар аударғаны керек болса, онда бала қыңырлана бастауы мүмкін.

Алтыншы ай

  • Бала дамуының алтыншы айы – әдеттегі өмір салтын өзгертудің тағы бір жолы:
  • дәл осы кезеңде балалар жер бауырлап жылжуды бастайды, және ондай кезде аналар көптеген заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қоюы керек;
  • алты айында баланы шынтақтап жатқызуға болады. Бірақ, бұл кезеңде балалар өздігінен отыруды әлі білмейді.
  • жарты жасар балалар ішпен жатып, тізерлеуге тырысады – бұл отыру мен еңбектеуге дайындалатын маңызды кезең. Егер бала оларды сәтті орындаса, біраз уақыттан кейін ол осы қалыпта қозғала бастайды. Мұндай қозғалыс толығымен қалыпты және баланың дұрыс дамып келе жатқанын көрсетеді;
  • бала әртүрлі заттарды сенімді түрде ұстап тұра алады, оларды екі қолымен кезектесіп ұстауды да үйренеді;
  • 6 ай – қоршаған кеңістікті зерделейтін кезең. Бала қолына түскен заттың бәрі аузына салып, ойыншықтарды бұза алады;
  • алты айда күнделікті алғашқы дағдылар қалыптасады: тамақтану уақыты басталғанда, балалар қасықтың қандай екенін біледі; ересектер ұстайтын шыныаяқтан ішуді үйренеді.
  • баланың ақыл-ойы дамиды. Олар бұл уақытта өз әрекеттерінің салдарын түсіне бастайды: мысалы, ол ойыншықты лақтырса, құлап түсетінін және қандай да бір заттың түймесін басса дыбыс шығатынын біледі;
  • тілінің қалыптасуы жалғасады. Алты айлық балалар буындарды сенімді қайталай алады, «з», «с», «ф» секілді алғашқы дауыссыз дыбыстарды меңгереді.

Жетінші ай

Жеті айлық бала айтарлықтай белсенді бола бастайды:

  • Балалар сенімді түрде жер бауырлап, кейбіреуі еңбектей бастайды;
  • Егер сіздің балаңыз артымен, кері қарай жүрсе, онда тұрған ештеңе жоқ; Көп ұзамай бала өз денесін қалай басқару керектігін үйренетін болады;
  • Жетінші айда балалар біраз уақыт бойы арқасын түзу ұстап отыра алады. Әсіресе белсенді сәбилер қабырғаға тіреліп тұра алады, және қолын тіреп өз бетімен тұруға тырысады.
  • Бала екі қолына да зат ұстап, оларды бір-біріне соққылап, ойнай алады. Ойыншықтарды жерге қойып, лақтыра бастайды;
  • Есте сақтаңыз! Ойыншықтардың барлық ұсақ бөліктерінің мықтап бекітіліп тұрғанына көз жеткізіңіз, өйткені жеті айлық балалар қолына түскеннің бәрін аузына сала береді;
  • Жетінші ай – нәрестенің танымдық қызығушылығын ынталандыратын уақыт. Сондықтан, оған айналасындағы заттар туралы айтып, денесінің негізгі бөліктерін көрсетіп, атаңыз.
  • Жетінші айда балалар ата-анасының өтініші бойынша заттарды көрсете алады. Мысалы, көз қайда? сағат қайда? деген сөздер;
  • Тұрмыстық дағдылары жақсарады. Енді нәресте тамақтану кезінде қасықтағы тағамды жеп, шыныаяқтағы сусынды (су, сүт)  ішуін жалғастырады. Кейбір балалар төгілмейтін тостағаннан немесе түтікше арқылы ішуді үйренеді;
  • Жеті айлық сәбилер ересек адамдарға еліктей бастайды, бұл оларды тамақтандыруды жеңілдетеді;
  • Бұл кезде бала жануарлар шығаратын дыбыстарға еліктеп, «ав-ав», «ме-ме» деп айта алады;
  • Сөйлеу орталығын жандандыру үшін баланың ұсақ моторикасын дамытыңыз. Оған жіпте тізілген әртүрлі түстер мен пішіндегі үлкен ағаштан ойыншықтар жақсы көмектеседі;

Сегізінші ай

Бала сегіз айында орнынан тұруға тырысатын болады.

  • Бала кез-келген тіреуішке еңбектеп барып, орнынан тұруға тырысады. Әзірге бұны барлық балалар істей алмайды. Ал егер баланы тіреуіштің жанына тұрғызып қоятын болсаңыз, онда ол тік тұратын болады.
  • Ең белсенді балалар тіреуішті жағалап жүре алады, сондай-ақ, ересектер оны екі қолынан немесе қолтығынан ұстаған кезде аяқтарын тыпырлата бастайды.
  • Сегіз айлық бала еңбектеп, өзі тұратын бөлмені зерттейді. Сонымен қатар, бөлмелердің орналасуын біліп алған соң, үйдің ішінде еңбектеп, қозғала бастайды.
  • Бұл кезеңде бала өздігінен отыра алады.
  • Баланың ойындары мағыналы бола бастайды. Сәби ойыншықтарды қорапқа немесе кез-келген нәрсеге салуды біледі. Кейбір балалар пирамида құрастырып, сақиналарын кигізіп, қайта бұзады. Шыныаяқтарды бір-біріне қоюға тырысады.
  • Бұл кезде бала қасықты өзі ұстап, тамақтанғысы келеді. Сондықтан баланың бұл қалауын жігерлендіру қажет, сонда кейінірек балаңызға осы дағдыларды үйретудің қажеті болмайды.
  • Бала ойыншықты алып кел, люстраны көрсетші деген сияқты қарапайым сұрақтарды түсінеді. Көптеген балалар денесінің қандай да бір бөлігін көрсете алады.
  • Сөйлеуі әрдайым жақсарады. Сәби ересектердің сөздерін қайталауға тырысады, жаңа буындар құрайды. Дәл осы уақытта бала өзінің алғашқы саналы сөзін айтуы мүмкін.

Тоғызыншы ай

  • Тоғыз айлық бала аяғымен тұруға тырысуын тоқтатпайды;
  • Ол сенімді түрде орнынан көтеріліп, тіреуішке тұра алады. Диван, төсек, балалар кереуетін жағалап жүреді;
  • Еңбектеу кезінде бұрылып, кері бағытқа қарай еңбектеп бара алады. Өздігінен отырып, жатып, тұратын болады.
  • Бала көзі түскен барлық нәрселерге жетуге тырысады. Оларға қолы жетпесе, шыңғырып наразылығын білдіруі мүмкін. Тоғыз айдында бала өзінің мінезін белсенді түрде көрсете бастайды. Бұрын еш қарсылықсыз қабылдаған нәрселерді жасатпай, тіпті киіну және жууыну кезінде қарсылық көрсетіп, жылауы мүмкін. Сондай-ақ, бала анасын жоғалтып алудан қорқады және оны көз алдынан жібермей отырады. 

Дамудың тоғызыншы айында жаңа дағдылар пайда болады:

  1. Сәби кітаптардың бетін ашып, парақтарды мыжып, жыртуы мүмкін.
  2. Бұл кезде балаға пластилин берсеңіз болады. Бірақ, ол оны жеп қоймас үшін қарап отырыңыз. Пластилин мыжса баланың қолы қатайып, ол ұсақ моторикасын дамытады. Сонымен қатар, балаларға пластилинмен ойнаған қатты ұнайтынын ұмытпаңыз.
  3. Сәбидің сөздік қоры көбейеді. Балалар ересектер көрсеткен барлық заттардың атауын жылдам есте сақтайды, сондай-ақ «бер», «әкел», «қой», «тамақ іш», «болмайды» және т.б сөздердің мағынасын біледі.

Оныншы ай

Дамудың оныншы айында оның дағдылары жақсара бастайды. Бала үлкендердің қолдауынсыз өзі тұра алады және жүруге тырысатын болады. Тұрып тұрса, өзі отыра алады. Үйдің ішінде жылдам еңбектей бастайды.

Осы жаста балалар ойыны жетіледі:

  • Ұсақ моториканың белсенді дамуының арқасында, бала бір қолында екі-үш кішкентай затты ұстай алады. 10 айында сәбидің жетекші қолы біліне бастайды.
  • Балалар ойыншықтармен қалай ойнау керектігін түсінеді. Олар машинка ойнауды, пирамида құрастырып, шашуды меңгереді. Сондай-ақ, қуыршақпен ойнауды және екі төртбұрыштан мұнараны қалай құрастыратынын біледі;
  • Үлкендер балаға басқа балалармен қалай ойнау керектігін көрсетсе, ол бірігіп ойнап кетеді.
  • Балалар кеселерді бір-біріне қойғанды жақсы көреді.
  • Допты домалатып, лақтырады.
  • Шкафтардың есігін ашып-жабып, тартпаларды тарту керек екенін біледі. Ойыншықтарын шкафқа немесе тартпаға салуы да мүмкін.
  • Заттарды біріктіре қолдана бастайды, мысалы, допты таяқпен итереді.
  • Тамақпен және сумен ойнай бастайды.
  • Үлкен бөліктерден тұратын конструкторларды құрастырып, бөлшектемейінше оларға қызығушылық танытатын болады.
  • Кітаптардың бетін беттей алады.

Он айлық балалар ересектерге еліктеп, олардың мимикасын қайталағанды жақсы көреді. Сондықтан, баланың осы қызығушылығын пайдаланып, онымен жаңа қарапайым сөздер айтыңыз. Сонда бала сіздің айтқаныңызды қайталап, жаңа сөздер жаттайды.

10 айлық балалар жануарлардың атын жақсы есте сақтайды тіпті, олардың дауысын пародиялайды.

Бала көрсет, жасыр, әкел сияқты қарапайым өтініштерге жауап бере алады. Балалар дене бөліктерінің қалай аталатынын біледі және көзін, мұрнын көрсете алады. 

Он бірінші ай

  • 11 айда бала ешқандай қолдаусыз-ақ алғашқы қадамдарды бастауға жеткілікті күшті болады. Бала бір адамнан екіншісіне немесе тіреуішке сүйкеніп тұрған жерінен анасына дейінгі қысқа қашықтықта жүре алады. Ол кез-келген бөлмеде белсенді түрде қозғалады
  • Өзін-өзі тану дағдысы дами береді. Бала тамақты қасықпен жегісі келіп, шыныаяқтан су ішіп, киімін өзі киіп-шешуге тырысады. Бұл кезде баланың дербестігін ынталандыру керек, олар әсіресе осы жаста мақтау естігенді жақсы көреді. 
  • Бала дамуының он бірінші айы – алғашқы саналы диалогтар орнайтын уақыт. Сәби «иә», «жоқ», «болмайды» деген сөздердің мағынасын жақсы түсінеді; иә, жоқ дегенді басын изеп білдіре алады.
  • Сонымен қатар, бала қызығушылық танытқан затқа қарап, саусағымен көрсете алады. Осылайша, бала ересектермен қарым-қатынас жасай бастайды және ата-аналар мен бала бір-бірін жақсы түсінетін болады. Сондай-ақ, білетін сөздері көбейеді. Бұл кезде бала «ана», «әке» секілді екі-үш сөзді анық айтуы мүмкін.
  • Он бір айлық балалар сыпайы қарым-қатынас дағдыларын меңгере бастайды. Олар «сәлем» және «сау бол» деген қимылдарды оңай есте сақтап, қолын бұлғай алады.
  • Бұл балаға әлі де ойын болғанымен, жағымды әдетті дамыту үшін, ата-аналар балаға сәлемдесіп, қоштасуды үйреткені жөн.
  • 11 айда балалар өте қатты сезімтал болады, тез күліп, жылай салады. Бейтаныс жерде ұялып, бөтен адам көрсе қорқа бастайды. Ал бұл көріністер бала психикасының қалыпты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Он екінші ай

Бала дамуыны он екінші айы – нәрестеден бала жасына дейінгі өтпелі кезең. Бұл шектеу өте шартты болса да, психологиялық тұрғыдан ата-аналар бір жасар баласынан 11 айлық кезінде жасаған әрекеттеріне қарағанда әлдеқайда көп нәрсе күтеді.

  • Бала бір жасқа келгенде жүре бастайды.
  • Бұл жаста балалар ойыншықты көтеру үшін отыру керек екенін біледі. Бір затты қойып, екіншісін алуы мүмкін. Балалар әр заттың қайда жатқанын жақсы біледі, және олар ойыншықты қайда қалдырып кетсе, оны сол жерден іздейді.
  • Бір жаста олар кедергілерден аттап өтуді үйренеді. Алдымен ересектердің қолынан ұстап өтіп үйренсе, содан кейін өздігінен жасайды. 
  • Тұрмыстық дағдылары дамиды: бала тамақты қасықпен жеп, суды кеседен ішеді, тақиясы мен шұлығын өзі киіп-шеше алады.
  • Егер баланы дәретке отырғысып үйретсе, онда мұндай балалар бір жасында өзі сұрана бастайды.
  • Бір жасар бала тамақты қалай шайнау керектігін біледі. Егер шайнайтын тістері әлі шықпаса, онда қызыл иегімен шайнайды.
  • Бір жасар бала өзіне айтқанның бәрін түсінеді. Ол көңіл-күйді жақсы оқи алады және соған тез беріледі. Бұл жаста олар анасымен бірге қуанып, мұңайады. Осыған байланысты, психологтар үлкендерге баланың көзінше жанжалдаспауға кеңес береді. Өйткені, бала өз эмоцияларымен қалай күресуге болатындығын әлі білмегендіктен, бұл оған ауыр жарақат әкелуі мүмкін.
  • Сәби тек өзіне айтылған нәрсені ғана түсінбейді, сондай-ақ өзі де көп нәрсе құрастырып және жеке сөздер айтады. Бір жасар баланың сөздік қоры – екіден он сөзге дейін жетеді. Кейбір нәрестелер одан да көп сөз айтуы мүмкін.
  • Он екінші айында баланың ойыны күрделене түседі. Бала кейбір ойыншықтарды бөледі, оларды тамақтандырып, күтіп-қарауы мүмкін.

Сонымен, нәресте өмірінің алғашқы жылында не үйренді?

Баланың туғаннан бір жасқа дейінгі даму күнтізбесі көптеген оқиғаларға толы. Сәби бір жасқа келгенше айналуды, еңбектеуді, отыруды, тұруды, жүруді үйренді. Бұл кезеңде бала төсекке, диванға шығып, одан түсуді білетін болады. Олар қасықпен тамақ жеуді, тақиясын киіп-шешуді, горшок сұрауды біледі.

Сондай-ақ, допты домалату, лақтыру, машинаны сырғанату, төртбұрыштарды жинап, пирамида құрастыру секілді ойындарды игереді.


Даму күнтізбесі: 1 жасқа толған бала нені жасай білуі тиіс >>>

Талқылау