Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза Рымбаева: Мен ешқашан Тасқындай азаматты кездестірген емеспін, кездестірмейтін де шығармын

Роза Рымбаева сахнадан кету мен әдемі қартаю туралы айтты. Халық әртісі қартайған шақта сахнадан әдемі кетудің өзін өнер деп бағамдайды. Әнші бұдан бөлек, марқұм жолдасының жақсылықтарын еске алып, өзін жұлдыз еткен адам деп көкке көтерді.

Роза Рымбаева

Бұл туралы әнші Нұрлан Албанмен сұхбаты барысында айтты. 

Халық әртісі қазақ сахнасында әлі талай әнді шырқауға шамам жетеді дейді. Ал қартайған шақта елге күлкі болмай сахнадан кетуді жөн санайды. 

“Мен үшін өнер бірінші орында. Өнерге жауапкершілікпен қарау керек. Әр әнші өз өнерін, шамасын, жасын бағамдай алуы керек. Мен әлі 10 жылдай ән айта аламын деп ойлаймын. Оған күш-қуатым да, шамам да жетеді. Келбетім де сай. Аллаға шүкір деймін. Ал егер уақытымнан кешігім қалсам, онда елге күлкі болармын. Грета Гарбо есімді актриса – уақытында өнерден кеткен адам. Оны көрермені әдемі келбетімен есінде сақтады. Себебі ол қартайған шағында өнерден кетті. Тіпті ел көзіне көрінбей кетті. Ел есінде әдемі түрімен қалды. Сол секілді ел есінде әдемі қалу керек. Алжып, қартайған шағыңда елге күлкі болмау керек”, – дейді халық әртісі. 

Қазақ эстрадасының примадоннасы әр әнші өзінше дара талант деп бағалайды. 



“Ешбір әнші бір-біріне ұқсамайды. Мейлі, ол бірге туған болсын, сіңлің болсын, бауырың болсын, балаң болсын, әрбір әнші ерекше. Оның даусы да, таланты да өзгеше болады. Адам еш уақытта екіншісіне ұқсамайды. Қазіргі жастардың музыкасы мүлде басқа. Ритмі, стилі, мәнері басқа, Сондықтан мені ешкім қайталай алмайды”, – деді ол. 

Әнші өзін жұлдыз қылған марқұм жолдасы Тасқын Оқапов екенін айтады. Оған деген сағынышы мен құрметін жеткізді. 

“Мен Тасқындай азаматты әлі кездестірген жоқпын. Кездестірмейтін де шығармын. Ол менің жартым. Ол мені жұлдыз қылған адам. Мені осындай күнге жеткізді. Сондықтан мен өткенді еске алып, альбомдарды ақтарамын. Ол жерде менің марқұм ағам бар, жолдасым бар, ата-анам бар. Ең ауыр тиетіні – Тасқын. Көзге жас аласың. Көз жасымды екі ұлыма көрсетпеймін. Себебі, олар менің осалдығымды көрсе, сынып қалады. Олардың қорғаны да, тірегі де, әкесі де, анасы да – менмін. Сондықтан мен олардың алдында тек мықтылығымды ғана көрсетуім керек”, – деді Рымбаева. 

Биыл Роза Рымбаева 64 жасқа толды. 

Талқылау