Қазақстанда баланы ата-анасының сенімхатынсыз кинотеатрға кіргізбей қойған: Бұл не талап?

Қазақстандық бойжеткен кәмелетке толмаған сіңлісін киноға ертіп барғанымен, кинотеатрға кіре алмай қалғанын айтып шағымданды. Оның сөзінше, туу туралы куәлікті көрсетсе де, қызметкерлер еш түсіндірмей, баланы сеансқа өткізбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жазба авторы әсіресе кинотеатр әкімшілігінің алдын ала ешқандай ескерту жасамағанына наразы болған. Оның айтуынша, құжат тексеру де барлық келушіге бірдей жүргізілмеген.
“Қазақстанда қандай жаңалық десеңізші? Енді іні-қарындасыңды немесе жиендеріңді киноға апару үшін ата-анасынан нотариалды сенімхат қажет екен. Бүгінгі осы жағдай мені қатты таңғалдырды. Kinopark кинотеатрына сіңліммен барғанымызда, туу туралы куәлікті көрсетсек те, бізді сеансқа кіргізбеді.
Әкімшілік тарапынан ешқандай алдын ала ескерту болмаған. Оның үстіне, құжаттарды бәрінен емес, таңдап тексеріп жатты. Осындай заңдағы өзгерістер туралы халыққа барлық жерде алдын ала ескерту жасалуы керек деп ойлаймын”, – делінген жазбада.
Stan.kz тілшісі жағдайға байланысты Kinopark өкілдерінен пікір сұрап көрді. Дегенмен компания тек еліміздегі заң талаптарын орындағанын жеткізді.
“Кәмелетке толмаған балалар сағат 22:00-ден кейін қоғамдық орындарда ата-анасының немесе заңды қамқоршысының еріп жүруінсіз бола алмайды. Сондықтан егер киносеанс 22:00-ден кейін аяқталатын болса, ата-анасыз немесе қамқоршысыз келген бала сеансқа жіберілмейді. Мысалы, фильмнің ұзақтығы 2 сағат болса, онда соңғы кіру уақыты шамамен 20:00 болады”, – деп түсіндірді компания.
ОқыңызҚазақстанда кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруіне қатысты ереже 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген.
Сол уақыттан бері 18 жасқа толмаған балалар:
- сағат 22:00-ден кейін кинотеатр, кафе, компьютер клубы сияқты ойын-сауық орындарында;
- ал 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз немесе заңды өкілінсіз жүре алмайды.
Осы талап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабында және "Бала құқықтары туралы" заңда көрсетілген. Егер баламен бірге туған-туыс барса, кей жағдайда нотариалды сенімхат сұралуы мүмкін.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады