Қазақстандық тұңғыш "Бүркітші" dark-триллері көрерменге жол тартты
10 қыркүйектен бастап қазіргі қоғамның әлеуметтік және адамгершілік мәселелерін қозғайтын қазақстандық тұңғыш dark-триллер "Бүркітші" кең прокатқа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фильмнің ерекшелігі – өткір әлеуметтік тақырып пен әйел кейіпкерінің жарқын бейнесін бүркітпен аң аулау дәстүрімен сабақтастыра білуінде. Сюжет қылмысты тергеу төңірегінде өрбіп, ауылдық бүркітші мен полиция қызметкерін басқа да жұмбақ істердің ізін ашуға жетелейді. Бүркіт бұл ретте ұлттық колорит пен шиеленісті детективтік сюжетті тоғыстыратын оқиғаның ажырамас бөлігіне айналады.
Фильмнің түсірілімі Алматы облысында өтті. Картина — жас режиссер Қуаныш Стахановтың шығармашылық жұмысы. Басты рөлдерді Зарина Кармен мен Берік Айтжанов сомдады. Фильмде сондай-ақ Қуандық Жүнісов, Айнұр Бермұхамбетова, Елдос Шайкенов, Ермек Шынболатов, Мерей Мақажан, Жасұлан Көпберген, Айжан Пернебекова өнер көрсетті.
Кең прокатқа дейін Астана мен Алматы қалаларында фильмнің шығармашылық тобы, отандық киноиндустрия өкілдері, мәдениет қайраткерлері, журналистер мен блогерлердің қатысуымен премьералық көрсетілімдер өткізілуде.
Фильм "Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" Ұлттық киностудиясы" АҚ базасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.