Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор соттан Қызылорда облысының экс-әкімін 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

№2 қалалық сотта Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ісін қарау бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Судья кеңесу бөлмесіне кетер алдында прокурор өз мәлімдемесін жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік айыптаушы Қызылорда облысының экс-әкімін ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы "аса ірі мөлшердегі алаяқтық" бойынша кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ол сондай-ақ Қызылорда облысының экс-әкімін мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару мүмкіндігінен айыруды талап етті.

Прокурор соттан Ысқақовты орташа қауіпсіздік мекемесіне жазаға кесуді, сонымен қатар мемлекеттік ордендер мен наградалардан айыруды сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, Қуанышбек Ысқақов осы жылдың наурыз айының соңынан бастап үй қамауында отыр. Алаяқтық жасады деген Ысқақовпен бірге оның екі орынбасары, ең жақын көмекшісі және тағы бір кәсіпкер тұтқындалды деген ақапарат таралған. 

Бейресми мәліметтерге сәйкес, экс-әкім халықтың Арыс тұрғындарына жинап берген ақшасын жеп қойған. Атап айтқанда, қайырымдылық қордағы 80 миллион теңгені түрлі фирмалар арқылы қалтаға басқан көрінеді.

Талқылау