Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полициямен бірге барады": Санақ жүргізушіге есік ашпағандарға қандай шара қолданылмақ?

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов санақ кезінде есік ашпаған адамдарға шара қолдану мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, санақ жүргізетін мамандарды оқыту кезінде адамдармен қарым-қатынас орнату мәселесіне баса назар аударылды.

"Заң бойынша халық санағынан өту – әрбір азаматтың міндеті. Ол жерде арнайы шаралар көзделген. Бірақ біз оны қолданбаймыз. Оларға адамның сеніміне ие болу үшін қалай сөйлесу керектігін де үйретті. Халыққа санақтың маңыздылығын барынша түсіндіру арқылы сауалнама парақшаларын толтырады", – деп атап өтті Айдапкелов.

Осы орайда бюро басшысы интервьюерлердің киіміне және арнайы куәлігіне баса назар аударуға кеңес берді. Олар көк шарф тағып, санақтың эмблемасы бар сөмке ұстайды. Қолында арнайы планшет, ал мойнында ресми куәлік болады. Бейжд-куәлікте сауалнама жүргізетін маманның аты-жөні және құжатты рәсімдеген органның мөрі бар. Адамдар оған да сенбесе, 1446 нөміріне хабарласып, интервьюердің аты-жөнін анықтай алады.

Халық санағын жүргізетін мамандар кейбір үйлерге полициямен бірге барады. Бұл туралы әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Құрымбаев айтты. 

"Негізгі мақсат – санақ жүргізетін мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз әрекеттердің алдын алу. Бүгінде бірлесіп жұмыс істеу тәртібі бекітілді", – деді Құрымбаев.

Оның айтуынша, учаскелік инспекторлар қажет болған жағдайда саяжайлар мен жатақханаларға интервьюлермен бірге барады.

"Сондай-ақ санақ жүргізетін мамандар тіркеуде тұрған адамдар мен тұрмысы нашар отбасыларға барғанда полицейлер олардың жанында болады", – деп түсіндірді аға инспектор.

Айта кетері, бүгіннен бастап халық санағы аясында интервьюерлер үй-үйді аралап, онлайн санақтан өтпеген адамдардың сауалнама парақшаларын толтырады. Оған шамамен 20-30 минут кетеді. Дегенмен, 15 қазанға дейін онлайн санақтан өтуге болады. Ал интервьюер келгенде SMS-хабарламаны көрсете салу қажет.

Талқылау