Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда ер адам науқасты тұншықтырып, соңғы ақшасын тартып алған

Павлодар облысында науқас әйелді тұншықтырып, жиған ақшасын қолды қылған азаматқа қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқиға  2021 жылдың 23 сәуірінде болған. 

“Екібастұз тұрғыны таныс әйелдің үйінде қонақта болып, онымен бірге спирттік ішімдіктер ішкен. Әңгіме барысында оның 76 жастағы көршісінің жинаған ақшасы бар екенін біледі. Алайда бәрінен бұрын ер адамды үй иесінің кіреберіс есікті кілтпен жаппайтыны таңғалдырған. Әйел оған көршісінің ауыр сырқаттың салдарынан жүре алмайтынынын сол себепті үнемі төсекте жататынын жайып салады. Күн сайын медицина қызметкерлерінің кіруі үшін есігі үнемі ашық тұрған", – делінген хабарламада.

Бұдан соң, әңгімеден кейін павлодарлық жоспар құрып, мас күйінде көршісінің пәтеріне барады. 

"Алдын ала дайындалған шляпаны, медициналық маска мен қолғапты киіп, қонақ бөлмеде жатқан әйелге шабуыл жасайды, бетін көрпемен жауып, дауысы қарлығып қалғанға дейін бірнеше минут бойы тұншықтырған. Бұдан әрі пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Қорыққан әйел жастықтың астынан 110 000 теңге жинаған ақшасы болған сөмкесін алып шықққан. Бірақ қаскүнемге бұл жеткіліксіз болған соң құны 4 000 теңге "LG" ұялы телефонын және пәтер мен гараждың кілттерін алып, қашып кеткен", – дейді полиция департаменті.

Тергеуші Данияр Дәуітбеков бұл істі зерттеп, күдіктінің кінәсін көрсететін дәлелдер жинады.

Азаматты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 3-бөлігіне сәйкес, аталған қылмысы үшін Екібастұз соты 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Талқылау