Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешкімге керексіз, далада қалдым": Адамдар қалай үйсіз-күйсіз қалып жатыр (видео)

Қыс келіп күн суытқан соң, басында баспанасы жоқтар қиын жағдайда қалды. Әдетте не жеймін, не киемінмен бастары қатса, енді ауа райының қолайсыздығы далада түнеуді де қиындатты. Баспанасыздардың көпшілігі Алматыда белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы бар екенінен бейхабар. Қаладағы жалғыз орталыққа келушілер саны күн суығалы едәуір көбейген. Орталықтың қысқа дайындығы қалай, баспансыздарға пана болған мекеннің тұрғындарына қандай жағдай жасалады? Stan.kz тілшісі орталыққа барып, келушілердің оқиғасын тыңдап қайтты. 

69 жастағы Тайжанов Қадір атаның орталықта тұрып жатқанына екі ай болған. Бұл жер жайлы бастапқыда білмеген оны танымайтын әйел ертіп келген.

"50 жыл құжатсыз жүрмін. 10 жыл бойы қазақ отбасының қолында болып, қой бақтым. Содан кейін бір әйел көшеде көріп қалып осында алып келді. Бұл жерде құжаттарды жасайды. Шынын айтқанда, өте таза жер, дәретхана, душы - адам қажеттіліктерінің бәрі бар. 

Жағдайымыз жақсы, үш уақыт тамақ беріледі. Адамдары қарапайым, медбикелер қан қысымын тексеріп тұрады. Ешкім тиіспейді, ешкімнің шаруасы жоқ. Қазір құжаттарымды біртіндеп жинап жатырмын, зейнетақыны да жасап береді деген үміттемін. Үстімдегі киімнің бәрін өздері берген, жатын орындардағы төсек жабдықтары да қамтамасыз етіледі", - дейді ол. 

Айтуынша, барлық жағынан жыртығын жамап отырған ұйымның аты да жақсы қойылған "Пана", панамызды таптық, дейді қария.

"Енді құжаттарды жасап берсе, ел қатарлы болып кетемін деген ойдамын.  Біреудің жалғыз баласымын, ешкімім жоқ. Әке-шешем Қытайдан көшіп келген. 3 жасымда осында келдім, әскерге кетерде туу туралы куәлігім болған. Келген соң табылмай қалды. Осы уақытқа дейін оны жасатуға қаражат болған жоқ. Киімің болса, ақшаң болмаса, киімің болмай ешқайда шыға алмай жүрдік. Мұндай жерді ешқашан көрген жоқпын. Бұрын сақал-мұртым өсіп, қап-қара болып жүруші едім. Қазір көрген таныстар ағарып, жақсы болып қалыпсың деп жатады, қуанып қалады екенсің", - дейді пана тұрғыны. 

45 жастағы Динара Накишбаева карантин басталғанда тұрып жүрген пәтеріне қаражат таппай, жұмыстың бәрі жабылып далада қалған. 

"Пәтерге анда-мында барып жүріп ақша төлеп жүрдік. Сөйтіп жүргенде күз болды. Бір күні Саяхат маңында отырғанда бір үлкен кісі келіп "Қызым, не істеп отырсың?" деді. Барар жерім жоқ дедім. "Мекенжай берейін, қазір барсаң да қабылдайды" деді әлгі кісі. №92 автобусқа отырып, осында келдім", - дейді ол.

Оның сөзінше, негізгі мамандығы - жолсерік. Алайда әйел адамға мұндай маман ие болған қиынға соғады. 

"Ең бірінші душқа түсірді, тамақтандырды, киім берді. Жатып демалып ал деді. Осында жүргеніме 3 ай болды. Баратын жерім жоқ, қайда барам? Өз ниеттіммен келдім. Мамандығым - жолсерік. Ер адам емеспін, әйел адамға өте қиын.

Мұнда ешкім зекірмейді, бір-бірін ұрмайды. Бір жерді сыпырғызып қоймайды. Дәрігерлер жатар кезде бәрімізді тексереді, қан қысымымызды қадағалап, дәрі береді. Жүре алмайтын кісілердің тырнақтарына дейін алып береді. Айына бір рет керекті жуынатын заттармен қамтамасыз етеді. Бір сағатқа далаға жіберіп отырады. Үлкен кісілер таба алмай, адасып кетпесін деп бір адамды ілестіріп жібереді. Қалаған нәрсеңді алып же, сатып ал деп ақша береді", - дейді ол. 

Айтуынша, орталық келушілеріне 4 уақыт тамақ береді, тіпті шаштаразы бар.

"Мақтап отырған жоқпын, себебі мақтағаннан пайда таппаймын. Апатасына екі рет жуады. Киіндіреді, шаштаразы бар. 18 жыл Алматыда теміржолда жолсерік болып жұмыс істегенмін. Наурыз-сәуір айында күн жылыса өзім жұмыс істеген жерге барып көремін. Жұмысқа алса алар, алмаса осында қаламын, қайда барамын?", -дейді Динара.

Алматы тұрғыны Евгенийдің (аты өзгертілді -авт.) бұл жерді мекен еткеніне жарты жылдан асқан. Айтуынша, мұнда келмес бұрын өмірден баз кешіп кеткен екен.

"3 наурызда пандемияға басталмай тұрып он күн бұрын осында түстім. Мүлдем таныс емес адам мені осында алып келді. Тек  келген соң ғана мұндай жердің бар екенін білдім. Бұған дейін осы сияқты жағдай басымнан өткен емес. Мен үшін бұл жаңалық ашқанмен бірдей болды. Осындай нәтиже болады деп ойлаған жоқпын. 3 сұратымнан кейін мен жайлы барлық мәлімет шыға келді. Қазір мен астанадан азаматтығымды қалыпқа келтіру бойынша рұқсатымды күтіп отырмын. Бұл мен үшін өмірдің үлкен сыйы болды деп айтар едім", - дейді ол.

Айтуынша, қазіргі уақытта пана сүйенішке айналған. 

"Бұрын қара жұмыспен айналыстым, өмірдегі жақындарымның барлығынан айырылдым, ешқандай өмірлік тірегім жоқ. Алайда осы орталық - менің демеуіме, сүйенішіме айналды, үлкен үміт артып отырмын.

Өмірім құрдымға кетіп бара жатқандай көрінді. Төменге түсіп бара жаттым, үмітсіздік жанымды жайлады.  Құжат жинап, жұмысқа тұрып, пәтер алу жоспарда бар. Еңбекке қабілетті азаматқа одан басқа не қажет? Жаңа қарым-қатынас, достар табу мақсатым", - дейді ол.

Орталықтың тағы бір тұрғыны Отыншиев Нурмухамед атаның айтуынша, осында келгеніне үш жылдан асқан.

"Тағдырдың жазуымен осында келдім. Жағдайым жақсы, құжаттарымды жасатып жатыр. Тәртіп, тазалық сақталады. Әр адамның өзіне байланысты. Бұл жерде басты шарт - арақ ішпеу. Мұнда келетіндердің көбі отбасынан ажырағандар, көшеде жүргендер. Бұл жерге келіп біраз есін жинап, қайтадан көшеге шығып ішімдікке салынады. Таза жүріп арақ ішпесе, есік ашық, әркімге орын бар, тек өзін-өзі ұстай білу керек. Спорт алаң бар, жаттығуға болады. Домбыра, шахмат, шашки, көңілге не керек ойнауға болады, жағдай жасалған", - дейді ол. 

Айтуынша, қолы бос, шабыты келген кезде домбыра тартады.

"Домбыраны өзім үйренгенмін, анда-санда шабыл болғанда ойнаймын. Қойылған төсектерге келген адамдар орналасып жатыр. Теледидар, ыстық, суық сумен қамтамасыз етілген. Кейде таныс, туыстарыма барып тұрамын. Оларда мұндай жағдай жоқ. Осындай жерде тұрады екен деген сөз болмаса, бәрі жақсы. 

Мен келген кезден қазіргі уақытта жағдай әлдеқайда жақсарған. Әсіресе тазалық, тәртіп бойынша түзелген. Кішігірім кәсіппен айналыстым: попкорн, мақта сататын аппараттар сатып алып, мектептерге апарым саттым. Әкімшілік орын беріп жатса, жасауға болады", - дейді қария. 

Алматы қалалық белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы директоры Болат Диханбай баспанасыздар панасында 180 адамға арналған орын бар екенін айтады, оның  ішінде 50 түнеу орны қарастырылған.

"Пана атты әлеуметтік орталық тұрақты тұратын орындары жоқ, бас бостандығынан айырылу орындарынан босатылғандардан, апробация қызметінде тіркеуде тұрған адамдарға арналған. Жоспар бойынша сыйымдылығы 180 адамға, түнеу бөлімінде 50 адамға қарастырылған. 

Келушілердің қажеттіліктеріне байланысты олармен келісімшарт жасалады. Бізге келушілердің көбі уақыты өтіп кеткен құжаттарды қалыпқа келтіру, зейнетақы, мүгедекті рәсімдеу, қызметке қабілетті жұмысшыларды жұмысқа орналастыру болып келеді. Қазіргі уақытта 170 келуші баспаналы болып отыр", - дейді орталық директоры Болат Диханбай.

Айтуынша, күн суытқалы бері келушілер саны да артқан. Күніне шамамен 10 адамнан келеді. Арасында қайтадан кетіп жатқандар бар.

"2-3 күнде өздеріне келіп, тамақтарын ішіп болғаннан кейін қайтадан сыртқа шыққылары кеп тұрады.

Орталығымызда мобильді патруль қызметі жұмыс істейді. Күнделікті бір ауданды аралап, тұрғылықты орны жоқ адамарды жеткізіп отырады.  Осы орталықта 78 қызметкер жұмысын істеп жатыр. Келушілердің ішінде көбісі қарт адамдар мен орта жастағылар. Оларға төрт мезгіл тамақ беріледі. Орталыққа қиын жағдайда қалған кез келген адам жүгіне алады. 

Таңғы асқа түрлі ботқа жасалады, бірінші тамаққа сорпа, екінші тамақ беріледі, мерзімге қарай салаттар бар. Төрттік асқа жеміс-жидек беріледі. Кешкі асқа сорпа мен шай беріледі", - дейді ол. 

Сондай-ақ, мешіт пен шіркеуден сәрсенбі сайын келіп насихат жасап, көмектерін беріп жататын көрінеді.

"Орын жеткілікті. Былтыр 250 адамға дейін барған. Барлығын қамтамасыз етуге орындар жетеді, мүмкіндігіміз бар. 

Бос уақыттарында шахмат, нарды ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып жатады. Кітапханалар, компьютер класстары бар, өздеріне қажетті ақпараттар, жұмыс жайлы біле алады. Орталыққа қиын жағдайда қалған кез келген адамды қабылдаймыз", - дейді мекеме басшысы. 

Оның айтуынша, стандартқа сәйкес, мекемеде ішімдік ішуге тыйым салынады. Ал ішімдікке тартып тұратын адамдар 1-2 күннен соң шығып кетіп жатады, оларды орталық қайтып қабылдамайды.

 

Талқылау